
2021 жылғы 22 желтоқсанда Алматыда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – ҚНРДА) Төрағасы Мәдина Әбілқасымованың және Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің (бұдан әрі – ҚМА) Төрағасы Жанат Элимановтың басшылығымен банктік және сақтандыру секторларының, бағалы қағаздар нарығының, микроқаржы ұйымдарының өкілдерімен және қаржы нарығының басқа да қатысушыларымен кеңес өткізілді.
Кеңесте Қазақстанның қаржы секторын Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАТ) Өзара бағалаудың екінші раундына дайындық, сондай-ақ қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл үшін қаржы ұйымдарының мониторингін күшейту бойынша қосымша шаралар талқыланды
1. АЖ/ТҚҚ саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес 2022 жылғы наурызда ЕАТ көшпелі комиссиясы Қазақстанның заңнамасын ақшаны жылыстаумен күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (Financial Action Task Force on Money Laundering – FATF, ФАТФ) ұсынымдарына техникалық сәйкестікке және АЖ/ТҚҚ жүйелерінің тиімділігін бағалайды.
ЕАТ миссиясының шеңберінде қаржылық заңнама және ақшаны жылыстауға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (АЖ/ТҚҚ) саласындағы тәуекелдерді төмендету үшін реттеушілік талаптарды сақтау бойынша қаржы ұйымдарының практикасы бағаланатын болады. ҚНРДА Төрағасы М. Әбілқасымова Өзара бағалауға дайындық бойынша жүргізілген жұмыс туралы хабарлады:
- ФАТФ стандарттарын іске асыру үшін мемлекеттік органдармен бірлесіп АЖ/ТҚҚ туралы заңға тиісті түзетулер енгізілді, олар 2021 жылғы 18 қарашада қабылданды; - 2022 жылғы ақпанда АЖ/ТҚҚ туралы көрсетілген заңды іске асыру үшін Қаржы ұйымдарына арналған ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарға өзгерістер қабылданатын болады;
- салалық бағалаулар жүргізілді, олардың шеңберінде әрбір сектордағы қауіп-қатерлер мен осалдықтар анықталды;
- техникалық сәйкестік және тиімділікті бағалау сауалнамаларын толтыру қамтамасыз етілді;
- бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары, сақтандыру ұйымдары және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін АЖ/ТҚҚ саласындағы тәуекелге бағдарланған қадағалау әдістемелері бекітілді.
ҚНРДА жүргізілген жұмыс туралы ақпаратты ЕАТ-қа алдын ала есепті дайындау үшін ұсынды. Кездесуде Өзара бағалауды жүргізуге дайындықты қамтамасыз ету үшін ҚНРДА, ҚМА және қаржы нарығына қатысушылардың одан әрі басым шараларының тізбесі айқындалды.

2. Кеңесте сондай-ақ қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл мәселелері қарастырылды.
Қаржы пирамидаларының алдын алу және уақтылы анықтау үшін ҚНРДА, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚМА және 8 қоғамдық бірлестік арасындағы Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Қаржы пирамидаларының белгілері бар субъектілерді алдын ала анықтау мақсатында ҚНРДА Ведомствоаралық жұмыс тобының қатысушыларымен бірлесіп қаржы пирамидалары белгілерінің тізбесін әзірледі. Көрсетілген белгілер бойынша ҚНРДА жыл ішінде ҚМА-ға және құқық қорғау органдарына барлық анықталған күдікті субъектілер бойынша мәліметтер берді.
Ағымдағы жылғы қазанда ҚНРДА қаржы пирамидалары белгілері бар субъектілердің және лицензиясы жоқ инвестициялық делдалдардың тізімін жариялады.
Кеңес барысында күдікті клиенттерді анықтау үшін қаржы ұйымдарының қаржы операцияларын тиісінше бағалауы және мониторингтеуін күшейту қажеттілігі атап өтілді.
Сонымен бірге, ҚМА-ның басқа құқық қорғау органдарымен бірлесіп қаржы пирамидаларының қызметін тоқтату бойынша жедел шаралар қабылдауы үшін ҚНРДА және ҚМА күмәнді субъектілерді анықтау жөніндегі ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтеді.
Баспасөз қызметі
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz