
2021 жылғы 22 желтоқсанда ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінде Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде «Екінші деңгейдегі банктердің стрестік активтерінің деңгейін төмендету және оларды экономикалық айналымға тарту» деген тақырыпта кездесу өтті.
Кездесуге ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-тың және «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі (ЗТБ) өкілдері қатысты.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков ҚР Үкіметінің Агенттікпен және Ұлттық Банкпен бірлесіп 2017 жылдан бастап стрестік активтер деңгейін төрт есе төмендетуге мүмкіндік берген өте маңызды шаралар қабылдағанын атап өтті. Қазіргі уақытта ақы төлеу мерзімі 90 күннен астам өткен қарыздардың үлесі банктердің несие портфелінің шамамен 4%-ын құрайды.
Бүгінгі күні қаржылық дағдарыс кезінен (2007-2008 ж.ж.) бастап жинақталған стрестік активтердің негізгі көлемі реттелген, ал қалған бөлігі Қазақстан қаржы секторының тұрақтылығына қауіп төндірмейді.
Кездесуге қатысушылар болашақта стрестік активтерді жинақтауға жол бермеу, оның ішінде активтерді қалыпқа келтіруге және оларды экономикалық айналымға тартуға мүдделі жеке инвесторлардың ауқымды тобының нарыққа кедергісіз кіруі үшін қазіргі құқықтық кедергілерді алып тастау жолымен жол бермеу бойынша одан әрі жүйелі шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
Халықаралық практикада, атап айтқанда Европалық одақ елдерінде стрестік активтер нарығының ерекшеліктері бойынша ауқымды тәжірибесі мен білімі жоқ инвесторлар әдетте жұмыс істемейтін кредиттер бойынша берешекті басқару мен өндіріп алуды сервистік компанияларға тапсырады. Жеке инвесторларды осы нарыққа тарту мақсатында Қазақстанда стрестік активтерді басқару бойынша қызметтердің толық аясын көрсететін сервистік компаниялар институтын құру жоспарлануда. Жаңа инвесторлар сатып алынған жұмыс істемейтін кредиттерді сервистік компанияларға сенімгерлік басқаруға береді деп болжануда.
Бұл ретте, ұсынылып отырған жаңалықтар стрестік активтер нарығының барлық қатысушылары арасындағы мүдделердің тепе-теңдігін сақтайды. Талап ету құқықтарын берген кезде жаңа кредиторға (инвесторға) банктік қарыз және микрокредит беру шарттары шеңберінде банктер мен микроқаржы ұйымдарының қарыз алушылармен өзара қарым-қатынастарына заңнамада қойылатын талаптар мен шектеулер қолданылатын болады. Мұндай шектеулерге шартты біржақты өзгертуге тыйым салуды, кез келген валюталық баламаға байланыстыра отырып, теңгемен берілген міндеттемелер мен төлемдерді индекстеуге тыйым салуды, айыпақыны есептеу бойынша шектеулерді және басқаларды жатқызуға болады.
Коллекторлық агенттіктер және стрестік активтерді басқару жөніндегі ұйымдар негізінде құрылған сервистік компаниялар реттелетін салада болады, бұл қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қосымша қорғауды қамтамасыз етеді.
Стрестік активтерді экономикалық айналымға тартуды жеделдету мақсатында банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша кепілді өндіріп алу нәтижесінде алынған мүлікті банктер мен МҚҰ-ның баланстарында ұстаудың шекті мерзімдерін (3 жыл) белгілеу ұсынылады.
Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында Агенттік Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірледі, оны ағымдағы жылдың соңына дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізу жоспарланып отыр. Заң жобасы халықаралық консультанттардың ұсынымдарын ескере отырып дайындалды.
Толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы алуға болады:
+7 727 237 1089
e-mail: press@finreg.kz
Сурет ҚР Парламент Сенатының баспасөз қызметімен ұсынылды