Қазақстанның орнықты дамуының реттеушілік стимулдары

Қазақстанның орнықты дамуының реттеушілік стимулдары

Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресі шеңберінде қаржы секторының түрлі бағыттарының негізгі үрдістері талқыланатын пленарлық отырыстар өтуде.

Панельдік сессиялардың бірі Қазақстанның, сондай-ақ «жасыл қаржыландыру» нарығының орнықты дамуының заманауи үрдістеріне арналған. Оған Қазақстан қор биржасы KASE Төрағасы Алина Алдамберген, Еуропа қайта құру және даму банкінің, Еуразия даму банкінің өкілі, сондай-ақ PWC Kazakhstan әріптестері қатысуда. Бұл пікірталасқа Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева модератор болуда.

Бүгінгі күні жаһандық орнықты даму және жасыл экономикаға өту мәселелері бүкіл әлем бойынша негізгі күн тәртібіне кіреді. Орнықты даму тұжырымдамасы одан әрі экономикалық дамудың жаңа парадигмасына айналуда.

Пікірталас барысында негізгі назар отандық қаржы нарығының және бүкіл экономиканың ESG және жасыл қаржыландыру қағидаттарына белсенді түрде өтуіне дайындығына аударылды.

Қаржы нарығында жасыл қаржыландыру құралдарын пайдалану үшін қажетті нормативтік база құрылды. Ішкі нарыққа соңғы екі жылда әлеуметтік және жасыл бондтарды орналастыру шеңберінде 55 млрд теңге тартылды.

2020 және 2021 жылы жасыл және әлеуметтік  облигацияларды пилоттық шығаруды «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры тиісінше 200 млн теңге және 1 млрд теңге сомаға жүзеге асырды.

2021 жылғы қыркүйекте KASE алаңында 20 млрд теңге сомаға «жасыл» бондтарды ЕАДБ үшін дебюттік орналастыру өтті. Сондай-ақ, ЕАДБ KASE және AIX-те 20 млрд теңге көлемінде қос листинг шеңберінде әлеуметтік бондтарды орналастырды, бұл ретте сұраныс ұсыныстан 10 млрд теңгеге асып түсті.

 «Ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылық тұрғысынан орнықты даму қағидаттарын ұстанудың маңыздылығы мен шарасыздығын мойындау қажет», - деп атап өтті Мария Хаджиева

 «COP26 шеңберінде 450-ден астам қаржы ұйымы, оның ішінде активтерінің жиынтық көлемі 130 трлн АҚШ доллары болатын банктер, сақтандыру компаниялары, зейнетақы қорлары көміртек бейтараптылығы үшін бастамаға қосылды».

Қазақстанның қаржы институттары да өз қызметінде ESG қағидаттарын интеграциялау мәселелерінде белсенділік танытуда.

Агенттік ESG қағидаттарын халықаралық стандарттарды ескере отырып реттеуге кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр. Ерікті негізде қаржы ұйымдарының ESG-факторлардың олардың қызметіне ықпалы туралы ақпаратты ашуы болжанады. Бұдан әрі қаржы ұйымдарына қатысты ESG қағидаттарын ескере отырып, тәуекелдерді басқарудың ішкі жүйелерін және корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру бойынша талаптар әзірленетін болады.

Агенттік жыл сайынғы негізде қаржы нарығын орнықты дамытудың негізгі басымдықтары және ESG-тәуекелдердің қаржы ұйымдарына ықпалын шектеу жөніндегі шаралар туралы ақпарат жариялайды.

«Реттеушінің шаралары ESG қағидаттарын қаржы ұйымдарының шешімдер қабылдау процестеріне ықпалдастыруға көмектеседі деп үміттенемін, бұл түпкілікті нәтижесінде инвестициялар мен қаржы ағындарын орнықты дамудың ұзақ мерзімді мақсаттарына қол жеткізу тұрғысынан қосылған құны бар орнықты жобаларға қайта бағыттауға ықпал етеді», - деп қорытындылады Мария Хаджиева.