Микроқаржыландыруды дамытудың жаңа мүмкіндіктері

Микроқаржыландыруды дамытудың жаңа мүмкіндіктері

Ағымдағы жылғы 12 қарашада Алматы қаласында Қазақстан қаржергерлерінің IX конгресі өтуде, оның шеңберінде микроқаржыландыруды дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқылау жөніндегі арнайы панельдік сессия ұйымдастырылған.

Панельдік сессияға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов, ЕҚДБ Шағын бизнеске қолдау көрсету тобының Өңірлік директоры Хольгер Вифель, «АӨК кредиттік серіктестіктер қауымдастығы» ЗТБ Төрағасы Альмира Сағатова, «Қазақстан микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ Төрағасы Ербол Омарханов қатысты.

Панельдік сессияның мақсаты Мемлекет басшысының әсіресе ауылдағы микро және шағын бизнесті кредиттеу үшін микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) әлеуетін кеңейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін қажетті негізгі шараларды талқылау болып табылады.

Панельдік сессия барысында микроқаржылық қызметті реттеуді жетілдіру және микроқаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту, кредиттік серіктестіктер жүйесін белсенді пайдалану және МҚҰ қаржылық операцияларының тізбесін кеңейту есебінен ауыл тұрғындары үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігі, МҚҰ цифрлық трансформациялауды ынталандыру және қорландыру қорын кеңейту жөніндегі нақты бағыттар қаралатын болады. ЕҚДБ сарапшысы Түркия, Болгария, Хорватия, Молдова, Украина, Марокко, Тунис, Моңғолия сияқты елдерде және Орталық Азия елдерінде сәтті іске асырылған микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық дағдылары мен білімін арттыру жөніндегі жобаларды ұсынды.

Агенттік Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов микроқаржылық қызметті лицензиялау және реттеу жөнінде жүргізіліп бойынша жатқан жүйелік жұмыс туралы, микроқаржы нарығы субъектілерінің қызметін қадағалау нәтижелері және нарықты жосықсыз қатысушылардан тазарту, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету туралы баяндады.    

«2020 жылы ломбардтар, кредиттік серіктестіктер және онлайн-кредиттеу компаниялары мемлекеттің реттеу аясына енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылғы сәуір – тамыз аралығындағы кезеңде ломбардтар мен өзге кредиттік ұйымдардың қызметіне тексеру жүргізілді, онда 1,3 мың субъект қамтылды.

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізілді. Компаниялардың акционерлері мен менеджментіне біліктілік талаптары белгіленді. Субъектілердің орнықтылығын қамтамасыз ету үшін капиталдың ең төменгі мөлшері бойынша пруденциялық стандарттар күшейтілді.

4,6 мың субъектіден 1 064 субъект, оның ішінде 235 МҚҰ, 218 кредиттік серіктестік және 611 ломбард микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия алды. Қалған 3,5 мың субъектіге қатысты сот тәртібінде оларды тарату туралы шешімдер қабылданды. Микрокредиттердің жиынтық портфелі 1,3 трлн теңгеге жетті. Тұтастай алғанда нарықты жосықсыз қатысушылардан тазарту жөніндегі жұмыс аяқталды, барлық микроқаржыландыру субъектілеріне қатысты реттеу енгізілді, микроқаржы ұйымдарының қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау қамтамасыз етілді» – деп хабарлады Нұрлан Әбдірахманов.

Микроқаржыландыру нарығын дамытудың негізгі бағыттары ретінде Агенттік МҚҰ қорландыру көздерін кеңейту, ірі МҚҰ-ны банктерге айналдыру мүмкіндіктерін жасау есебінен халық пен бизнес үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, реттеу стандарттарын МҚҰ түрлері бойынша саралау мәселелерін қарастыруда.

Қазіргі уақытта МҚҰ үшін қорландырудың қолжетімділігін арттыру және ауылдағы микро және шағын бизнесті қаржыландыруды кеңейту мақсатында Агенттік мемлекеттік органдармен бірлесіп апекс ұйым – қаржы ресурстарын тартатын және кредиттік серіктестіктерге беретін көтерме мекеме құрудың қажетті құқықтық және өзге талаптарын қарастыруда. Ол үшін апекстердің қызметі микро және шағын кәсіпорындарды кредиттеуді кеңейту, ауылда жұмыспен қамту жөніндегі міндеттерді шешкен елдердің тәжірибесі зерделенді.

«Реттеу жүктемесін азайту мақсатында Агенттік МҚҰ мен кредиттік серіктестіктерді тепе-тең реттеуді енгізуді қарастырып жатыр» - деп қорытындылады Нұрлан Әбдірахманов.