Сақтандырудағы заманауи үрдістер және сақтандыру мәдениетін дамыту

Сақтандырудағы заманауи үрдістер және  сақтандыру мәдениетін дамыту

Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресі шеңберінде панельдік сессиялар өтіп, онда қаржы секторының түрлі бағыттарының негізгі үрдістері талқылануда.

Панельдік сессиялардың бірі сақтандырудағы заманауи үрдістерге және сақтандыру мәдениетін дамытуға арналған. Оған Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Гүлфайрус Шайқақова, сақтандыру ұйымдарының және мемлекеттік кредиттік бюроның басшылары қатысуда.

Пікірталасқа қатысушылар атап өткендей, бүгінгі таңда сақтандыру нарығы – қаржы секторындағы ең жылдам өсіп келе жатқан нарық. Ол пандемиядан туындаған дағдарыс кезінде орнықтылық пен тұрақтылықты сақтап қана қоймай, активтердің қарқынды өсуін көрсетті. Сақтандыру секторының активтері соңғы 5 жылдың ішінде 2 есеге жуық 1,7 трлн теңгеге дейін өсті.

Қазіргі уақытта сақтандыру нарығында 27 сақтандыру ұйымы бар, олардың 18-і жалпы сақтандыру бойынша, 9-ы өмірді сақтандыру бойынша қызметті жүзеге асырады. Лицензияланған қызметті 10 сақтандыру брокері жүзеге асырады.

 Сақтандыру ұйымдарының жиынтық меншік капиталы 727 млрд теңгені құрайды. Ағымдағы жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 569 млрд теңгені құрады.

 «ЭЫДҰ-ның деректеріне сәйкес 2020 жылдың басындағы жағдай бойынша сақтандырудың ену деңгейі Германия (6,7%), Жапония (7,9%), Франция (10,7%), АҚШ (12,9%) сияқты елдерде Қазақстанмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары деңгейде тұр, Қазақстанда бұл көрсеткіш 0,7% деңгейінде», - деп атап өтті сессия модераторы Гүлфайрус Шайқақова.

«Сақтандыру мәдениетін арттыру мемлекеттік органдардың және халық пен бизнесті сақтандыру артықшылықтары туралы хабардар ету бойынша нарыққа қатысушылардың тиянақты жұмыс атқаруына байланысты», - деп есептейді қаржы реттеушісінің өкілі.

Халықтың сақтандыру мәдениетін арттыруға сақтандыру қызметтерін әрі қарай цифрландыру жағымды әсер ете алады. Бұл клиенттерді, сақтандырушыларды, реттеушіні және өзге инфрақұрылымдық ұйымдарды қоса алғанда нарықтың барлық қатысушыларының арасындағы өзара қарым-қатынасқа тиісті, өйткені цифрлық технологиялар олардың өзара тиімді іс-қимылына ықпал етеді. Цифрлық технологиялар қос тараптың уақыттық және қаржылық ресурстарын ұтымды пайдаланып, сақтандырудың жеке талаптарын қолдануға мүмкіндік береді.

Қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасында сақтандыру қызметтерін цифрландыруды одан әрі дамыту және сақтандыру нарығына барлық қатысушылардың өзара іс-қимыл процестерін автоматтандыру үшін жағдайлар жасау жөніндегі нақты шаралар көрініс тапты.

Қазіргі уақытта міндетті сақтандыру шарттарын онлайн режимде жасасу мүмкіндігі көзделген, бұл 24/7 сақтандыру шарттарын қашықтан жасасуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұдан басқа, сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру үшін онлайн сақтандыру полистерінің болуын тексеру және электрондық сақтандыру шартына бірегей нөмір беру, сондай-ақ мемлекеттік кредиттік бюроның сайтында шарттың төлнұсқалығын тексеру іске асырылды.

Пікірсайысқа қатысушылар сақтандыру мәдениетін арттыру үшін қажетті шараларды және сақтандыру секторында цифрландыруды дамыту перспективаларын талқылады.