Қаржы секторын реттеу мен қадағалау тәсілдері

Қаржы секторын реттеу мен қадағалау тәсілдері

Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресі шеңберінде қаржы секторының түрлі бағыттарының негізгі үрдістері талқыланатын пленарлық отырыстар өтуде.

Панельдік пікірталастардың бірі қаржы секторын реттеу мен қадағалау және құрылатын экожүйелер, сондай-ақ тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған. Оған Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков, банк және микроқаржы секторларының, «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері қатысуда. Бұл пікірталасқа Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің Төрағасы Елена Бахмутова модератор болуда. 

Олег Смоляковтың пікірінше, Қазақстанда қаржы нарығын реттеудің базалық қағидаттары қалыптасқан. Атап айтқанда, реттеушілер қаржы нарығы субъектілерінің қаржылық ақпаратына бірыңғай қол жеткізе алады. Қаржы нарығын дамыту мен қаржылық тұрақтылықты айқындайтын негізгі мәселелер Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес шеңберінде алқалы түрде шешілуде, бұл әсіресе бірнеше реттеуші органның қатысуын талап ететін мәселелердегі саясатты іске асыру кезінде үйлестіруді қамтамасыз етеді.  

Бұл ретте, жаңа технологияларды дамыту тұтынушылардың құқықтарын қорғау, ақпараттық қауіпсіздік және қаржы нарығындағы адал бәсекелестік негізгі міндеттері болып табылатын реттеу жүйесінің тиімділігіне қойылатын талаптарды арттырады. Олег Смоляковтың айтуы бойынша, реттеуші органдардың нақты айқындалған функционалы бар клиентке бағдарланған тәсіл реттеу негізіне қалыптасады.

Пікірталас шеңберінде қазіргі уақытта реттеушінің қаржы ұйымының тәуекелдерін теңестіруге қойылатын алдын алу тәсілін іске асыру үшін қажетті құралдары бар екені атап өтілді. Тәуекелдер ауқымының негізінде күшейтілген қадағалауды талап ететін салалар алдын ала айқындалады.

Банк жүйесінің ашықтығы және оған деген сенімді арттыру үшін 2019-2020 жылдары Ұлттық Банк пен Агенттік активтердің сапасына тәуелсіз бағалау (AQR, Asset Quality Review) жүргізді.

Ағымдағы жылы Агенттік  SREP қадағалау моделін оған AQR жекелеген құралдарын және қадағалап стресс-тестілеуді  ықпалдастыру арқылы жетілдіру бойынша жұмысты бастады. Осындай кешенді қадағалау құралының болуы банктердің қызметіндегі тәуекелдерді анықтауға, болдырмауға және банк секторындағы жосықсыз практикалардың қайталануына жол бермеуге мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар, реттеуші қадағалау процесін жаңғыртуды және нарықта туындайтын  жағдайларды және әлемдік қаржы жүйесіндегі өзгерістерді ескере отырып, олардың тәсілдерін бейімдеуді жалғастырады», - деді Олег Смоляков.

Проблемалық банктерді реттеу үшін Агенттік бірінші кезекте клиенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған қалыпқа келтіру өкілеттіктері мен құралдарын заңнамалық деңгейде алды. Банк заңнамасы проблемалық банктерді реттеудің халықаралық қағидаттарын енгізу бойынша нормалармен жетілдірілді.

«Атап айтқанда, реттеудің негізгі қағидаты бірде-бір кредитор және депозитор тарату кезіндегіден нашар жағдайда қалмайды деген қағидат болып табылады», - деп атап өтті қаржы реттеушісінің өкілі.

Реттеу және қадағалау саласындағы тағы бір жалпы әлемдік үрдіс - қаржы нарығы субъектілері қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып, қаржы нарығы субъектілерінің қызметін бақылау және қадағалау шеңберінде тепе-теңдік қағидатын қолдану.

Олег Смоляковтың айтуынша, барынша проблемалық мәселелерді анықтаған кезде іс-қимыл қадағалауы қағидаттары іске асырылатын болады. Олар қаржы өнімдерін ұсыну талаптарын регламенттейтін нақты қағидаларды және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғау тетіктерін белгілеуді болжайды.

Іс-қимыл қадағалауы барынша проблемалық мәселелерді анықтау мақсатында қаржы ұйымдарының бизнес-процестерін талдау және олардың негізінде ескерту индикаторларын әзірлеу арқылы жүзеге асырылатын болады.

 «Аталған шаралар іс-қимыл қадағалауы үлгісіндегі матрицаларды қалыптастыруға және қаржы ұйымдары тарапынан жүйелі бұзушылықтар мен жосықсыз практикалардың алдын алуды немесе уақтылы ден қоюды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Олег Смоляков.

Бөлшек инвесторларды қорғау тетіктерін күшейту үшін Агенттік Қазақстан аумағында ақпараттық және консультациялық қызметтер көрсететін бағалы қағаздар нарығындағы барлық делдалдарды реттеу аясына енгізуді жоспарлап отыр. Осы мақсаттар үшін форекс нарығында жеке тұлғаларға қызмет көрсететін субъектілерді заңнамалық деңгейде реттеу аясына енгізу және олардың инвестициялық кеңес беруге қатысты жауапкершілігін күшейту ұсынылды. Сондай-ақ Агенттік жосықсыз практикаларға және бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасауға қарсы іс-қимыл шараларын кеңейтуді және біліктілігі жоқ инвесторларды қорғау шараларын күшейтуді жоспарлап отыр.

«Бұл бастамалар Қазақстан аумағында лицензияланбаған делдалдардың қызметін шектеуге, сондай-ақ қазақстандық инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Заңнамалық түзетулердің аталған топтамасы ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізілді», - деп қорытындылады Олег Смоляков.