
Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресі шеңберінде пленарлық отырыстар өтіп, онда қаржы секторының түрлі бағыттарының негізгі үрдістері талқылануда.
Пленарлық пікірталастардың бірі макроэкономикалық саясат мәселелеріне және Қазақстанның қаржы секторын дамыту перспективаларына арналған. Пленарлық сессияға Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов, Халық Банкі Басқармасының Төрағасы Үміт Шаяхметова және Kaspi.kz Басқарма Төрағасы Михаил Ломтадзе қатысуда.

Бұл пікірталасқа Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова модератор болуда.
Агенттік басшысы 2020 жылғы пандемия салдарының Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсерін атап өтті. Жалпы мөлшері 6,3 трлн теңге болатын, жедел қабылданған ауқымды қаржылық, салықтық және кредиттік шаралар экономика үшін теріс салдарды жұмсартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде екінші тоқсаннан бастап экономикалық өсу байқалады, ол қазір 3,4% болды. Экономиканың мұндай қалпына келуі мемлекеттің пандемия кезінде теріс салдарды төмендету үшін ауқымды қаржылық және қаржылық емес шараларына байланысты болды. Көптеген шаралар ағымдағы жылы да жалғастырылды.
Бұл ретте дамудың қысқа мерзімді міндеттерінен басқа жүйелік реформалар жүргізілуде, олардың шеңберінде Қазақстанның 2025 жылға дейін дамуының жаңа ұлттық жоспары және орта мерзімді перспективаға есептелген Ұлттық жобалар қабылданды.
М. Әбілқасымова атап өткендей, Қазақстанның фискалдық орнықтылық пен мемлекеттік борыштың қауіпсіз деңгейі бойынша позициясы әрқашан берік болған. Алайда, өткен және ағымдағы жылы бюджеттен экономика үшін фискалдық серпін айтарлықтай өсті. Дағдарысқа қарсы топтаманың басым бөлігі Ұлттық қордан берілетін трансферттер есебінен қаржыландырылды, олар 2019 жылғы 2,2 трлн теңгеден 2020 жылы 4,7 трлн теңгеге дейін өсті. Ағымдағы жылы Ұлттық қордан тағы да 4,550 трлн теңге бөлінді.
Осылайша, фискалдық қолдау шараларын кеңейту нәтижесінде болашақта шығыстарға қысымды жеңілдету үшін қажетті бюджеттік кеңістік қысқарады, бұл жалпы алғанда жалпы әлемдік үрдіске сәйкес келеді. Қазіргі уақытта Үкімет Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасы бойынша жұмыс істеуде. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін монетарлық және фискалдық саясатты, сондай-ақ қаржы секторын дамыту саясатын тиімді үйлестіру талап етіледі.
Пікірталастың жалғасында М. Әбілқасымова өткен жылы 8%-бен Жеңілдікпен кредит берудің арнайы бағдарламасын іске қосу, Жұмыспен қамту жол картасын және тұрғын үй бағдарламаларын қаржыландыру түрінде экономиканы қолдаудың бірқатар шаралары қабылданғанын атап өтті. Бұл шаралар экономикаға қолдау көрсетті, бірақ инфляцияның жеделдеуіне әсер етті.

Қаржы реттеушісі басшысының айтуынша, банк секторы пандемия сын-қатерлерін табысты еңсеріп, бизнес-процестерді енгізілетін шектеулерге тез бейімдей алды. Бұдан басқа, банктер дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға белсенді қатысты. Нәтижесінде экономиканы кредиттеудің өсуі 2020 жылғы 5,5%-бен салыстырғанда 2021 жылдың алғашқы 9 айының өзінде 16%-ды құрады.
Дағдарысқа қарамастан, банктер портфельдерін ұлғайтып қана қоймай, соңғы жылы өздерінің стратегиялары мен бизнес-процестерін айтарлықтай өзгертті. Атап айтқанда, цифрлық технологиялар банк секторындағы бәсекелестік деңгейін арттырды. Банктердің «экожүйелік» трансформациясы орын алды.
М.Әбілқасымова атап өткендей, қолайлылықтан басқа, жоғары технологиялық шешімдер қызметтер жүйесі мен тұтынушылары үшін ілеспе тәуекелдерді алып келеді. Дәстүрлі банктердің орнына экожүйелердің пайда болуы реттеудің де өзгеріссіз қала алмайтындығын білдіреді.
Қаржы секторын болашақта дамыту үшін реттеу мен еркіндік арасындағы оңтайлы теңгерімді айқындау қажет.