
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасының қаулысымен Эльдар Сәрсеновке «Нұрбанк» АҚ-тың (бұдан әрі – Банк) ірі (жанама) қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім беру мақұлданды. Бұл мәртебе «JP Finance Group» ЖШС-дегі 100% қатысу үлесін иеленуге және тиісінше Банктің жарияланған акциялары (артықшылық берілген және сатып аланған акцияларды шегергенде) санының және (немесе) дауыс беретін акциялары санының 87,87%-ын жанама иеленуге құқық береді.
Эльдар Сәрсенов «JP Finance Group» ЖШС-дегі қатысу үлесін нақты иеленген және тиісінше Банктің жанама ірі қатысушысы мәртебесін иеленген сәттен бастап Эльдар Сәрсенов «Нұрбанк» АҚ-тың Басқарма Төрағасы қызметінен кетуге тиіс.
2021 жылғы қыркүйекте S&P Global Ratings халықаралық агенттігі «Нұрбанктің» ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредиттік рейтингтерін «В-/В» деңгейінде және банктің ұлттық шкала бойынша ұзақ мерзімді рейтингін «kzBB-» деңгейінде растады. Болжам – «Тұрақты». S&P Global Ratings сарапшылары атап өткендей, шешім мемлекет пен меншік иесінің тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында Банк активтері сапасының біртіндеп жақсаруына негізделген. Бұл болжам S&P Global Ratings-тің Банк активтердің сапасын біртіндеп жақсарта алады және бизнестің жоспарланған түрде дамуы үшін жеткілікті көлемдегі капитал қорлары болады деген үмітін көрсетеді. Рейтинг агенттігі Банк тұрақты қорландыру профилін және өтімділіктің жеткілікті қорын сақтай алады деп күтеді.
Анықтама үшін:
2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Банк екінші деңгейдегі банктер үшін белгіленген барлық нормативтерді сақтайды. Банктің әрекеттерінде банк заңнамасын бұзушылықтар жоқ.
Банк 2020 жылғы наурызда мемлекеттік Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасының қатысушысы болды. Бағдарлама шеңберінде акционер Банк капиталын 20 млрд теңгеге ұлғайтты.
2021 жылғы 8 айдың нәтижелері бойынша Банктің қызметі пайда әкелді. Банк активтері 448,2 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылғы 8 аймен салыстырғанда 4,8%-ға көп. Банк Бағдарлама шеңберіндегі Іс-шаралар жоспарына сәйкес активтердің сапасын жақсарту жұмысын жалғастыруда.
Баспасөз қызметі +7 727 237 1090, press@finreg.kz