Қадағалау жөніндегі комитетін құру туралы

Қадағалау жөніндегі комитетін құру туралы

«Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі № 474 Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қадағалау жөніндегі комитеті құрылды.

Қадағалау жөніндегі комитет Агенттіктің өзге де консультативтік-кеңесші органдарының өкілеттіктеріне жатқызылған мәселелерді қоспағанда, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалауға байланысты мәселелерді жедел және құзыретті қарау үшін құрылған Агенттіктің алқалы органы болып табылады.

Комитетті Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары басқарады.

Қадағалау жөніндегі комитеттің құрамына Агенттік Төрағасының қаржы нарығын реттеу әдіснамасы, пруденциялық реттеу әдіснамасы саясаты мен стратегиялық бағыттары мәселелері бойынша қызметке басшылық пен үйлестіруді жүзеге асыратын орынбасары, сондай-ақ міндеттеріне мыналар кіретін бөлімшелердің басшылары кіреді:

банктердің және олардың үлестес тұлғаларының, банк конгломераттарының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;

сақтандыру топтарының, сақтандыру нарығына кәсіби қатысушылардың және олардың үлестес тұлғаларының, сондай-ақ сақтандыру нарығына өзге де қатысушылардың қызметін реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;

бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың және олардың үлестес тұлғаларының, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-тың, бағалы қағаздар эмитенттерінің және бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметін реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;  

Агенттік бөлімшелерінің қызметін құқықтық қамтамасыз ету;

Қазақстан Республикасының қаржы жүйесін дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары шеңберінде қаржы нарығын халықаралық стандарттарды (Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің, Халықаралық сақтандыруды қадағалау қауымдастығының, Халықаралық зейнетақыны қадағалау ұйымының, Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының, Еуропалық Одақтың, Исламдық қаржылық қызметтер жөніндегі кеңестің)  ескере отырып реттеудің тәсілдері мен әдістерін айқындау.

Қадағалау жөніндегі комитеттің өкілеттіктеріне банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, банк холдингтеріне, банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының ірі қатысушыларына, сақтандыру холдингтеріне, сақтандыру брокерлеріне, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымға, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына, (трансфер-агенттік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда), инвестициялық портфельді басқарушылардың ірі қатысушыларына қатысты Агенттіктің қаржы ұйымдарының қызметін бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын бөлімшелері әзірлеген уәжді пайымдау жобаларын қарау және олар бойынша тиісті шешімдер шығару кіреді.  

Комитет сондай-ақ:

  • банк конгломераты, сақтандыру тобы шеңберінде және жеке негізде қаржы ұйымдарының қызметін қадағалауға, банк конгломератының, сақтандыру тобының, оның ішінде тәуекел аймағындағы оның жекелеген қатысушыларының орнықтылығын бағалауға;
  • шоғырландырылған және жеке негізде қаржы ұйымдарының орнықтылығын қамтамасыз етуге;
  • банктердің, банк конгломераттарының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, сақтандыру топтарының, бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті, инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін бақылау және қадағалау шеңберіндегі тәуекелге бағдарланған тәсілге;
  • қаржы ұйымдарына, банк және (немесе) сақтандыру холдингтеріне, банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының ірі қатысушыларына, инвестициялық портфельді басқарушыларға, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымға қадағалап ден қою шараларын және санкциялар қолдануға;
  • қаржы ұйымының өзге де ақпаратына аудит жүргізуге;
  • қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру шеңберінде Агенттіктің өзге де функцияларына байланысты мәселелерді қарауға құқылы.