Агенттік Басқармасы бағалы қағаздар нарығының мәселелері бойынша НҚА-ға өзгерістер енгізді

Агенттік Басқармасы бағалы қағаздар нарығының мәселелері бойынша НҚА-ға өзгерістер енгізді

2021 жылғы 24 ақпанда Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Агенттік Басқармасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 2 қаңтардағы № 399-VI Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру үшін әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 37 қаулысын (бұдан әрі – Қаулы) бекітті.

Қаулыда бағалы қағаздар нарығындағы қызметті реттейтін 6 нормативтік құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қамтылған. Агенттік бұл шараларды бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының қызметін жетілдіру және олардың мүмкіндіктерін кеңейту бойынша одан кейінгі қадамдар жасау шеңберіне қабылдады.

Атап айтқанда, Қаулыда мыналар көзделеді:

  • орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде номиналды ұстаушы клиенттерінің қаржы құралдарын біріктірілген есепке алуға арналған «омнибус» шоттарын ашу тәртібі;
  • орталық депозитарийдің шетел валютасымен конверсиялық операцияларды және құжаттандырылған бағалы қағаздарды сақтау бойынша сейф операцияларын жүзеге асыру тәртібі;
  • ерекше реттеу шеңберінде қызметті жүзеге асыру үшін бағалы қағаздар нарығының субъектілеріне арналған талаптарды жеңілдету;
  • Агенттіктің Сараптама комитетінің құрамына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өкілін қосу, оның қатысуынсыз Агенттіктің Сараптама комитеті шетел валютасымен мәмілелерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп тану мәселелерін қарамайды.

Қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелді және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланды.

 

Толығырақ  ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:

+7(727) 2371 090

email: press@finreg.kz