
Жыл басында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына түзетулер қолданысқа енгізілді, олар БЖЗҚ салымшыларына өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы компаниялардың басқаруына беру құқығын ұсынады.
Бұл құқықты БЖЗҚ-ның мынадай салымшылары іске асыра алады:
– Үкімет белгілеген «жеткіліктілік шегінен» асатын зейнетақы жинақтары бар салымшылар; немесе
– сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шарттарын жасаған салымшылар (бұл жағдайда зейнетақы жинақтарының барлық қалдығын БЖЗҚ-ға беруге болады).
Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиясы бар, сондай-ақ реттеушінің зейнетақы активтерін басқаруға қойылатын талаптарына сәйкес келетін басқарушы компанияларға беруге болады (басқарушы компаниялардың тізімі Агенттіктің сайтында мына сілтеме бойынша жарияланды: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/161467?lang=ru).
Агенттік нормативтік құқықтық актінің талаптарына сәйкес келетін және зейнетақы активтерін басқаруға жіберілген жеке басқарушы компаниялардың тізілімін ай сайынғы негізде қалыптастырады (01.02.2021 ж. жағдай бойынша басқарушы компаниялардың тізілімін Агенттік мынадай сілтеме бойынша жариялады: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/article/details/39691?lang=ru).
Зейнетақы жинақтарын бұл компаниялардың басқаруына беру үшін олар сенімгерлік басқаруға және кастодиандық қызмет көрсетуге шарттар жасауы қажет.
Салымшы зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға шарт жасасқан басқарушы компаниялардың тізбесімен, олардың инвестициялық декларацияларымен, инвестициялық портфельдерінің құрылымымен БЖЗҚ-ның интернет-ресурсында таныса алады.
Басқарушы компанияны салымшының өзі тікелей таңдайды. Ол үшін басқарушы компанияны таңдау және оған зейнетақы жинақтарын басқаруға беру туралы өтінішпен БЖЗҚ-ға өтініш жасауы қажет.
Өз кезегінде, БЖЗҚ басқарушылармен қарым-қатынасында салымшылардың мүддесін білдіреді.
Таңдап алынған басқарушы компания қызметінің нәтижелері қанағаттандырмаған жағдайда, салымшыларда өздерінің жинақтарын басқа басқарушы компанияға беру не Ұлттық Банктің басқаруына қайтару құқығы сақталады.
Салымшылар зейнетақы жинақтарын бір басқарушы компаниядан екіншісіне жылына бір реттен жиі емес сенімгерлік басқаруға бере алады, Ұлттық Банктің басқаруына қайтаруға зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияға сенімгерлік басқаруға алғашқы бергеннен кейін екі жылдан кейін болады.
Мұндай мерзімдер басқарушылар үшін инвестициялық аралықты жоспарлау қажеттілігіне, сондай-ақ кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқулары болған кезде салымшылардың мүдделерін қорғауға негізделген.
Жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға берілетін зейнетақы жинақтары зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінде сақталады және зейнетақы жасына жеткен кезде зейнетақы төлемдерін кесте бойынша жүзеге асыру үшін, зейнетақы аннуитеті шартын жасау, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де мақсаттар үшін, оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге пайдаланылады.
Салымшылардың жеке зейнетақы шоттары бойынша зейнетақы жинақтарын дербес есепке алу БЖЗҚ-ның қарауында қалады, бұл әрбір салымшының зейнетақы активтерінің сақталуына кепілдік беруге мүмкіндік береді.