
2021 жылғы 15 ақпанда Алматы қ. мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының «Tengri Bank» АҚ-тың (бұдан әрі – Банк) қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы шешімі заңды күшіне енді. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Төрағасының 2021 жылғы 15 ақпандағы № 53 бұйрығымен Банктің тарату комиссиясының құрамы тағайындалды, қолданыстағы заңнама шеңберінде оған Банк істерін басқару жөніндегі өкілеттіктер өтеді. Банктің тарату комиссиясының төрағасы болып ҚНРДА қызметкері Огай Оксана Дмитриевна тағайындалды.
Агенттік Басқармасының 2020 жылғы 30 қарашадағы № 114 қаулысымен бекітілген Мәжбүрлеп таратылатын банктерді таратуды жүзеге асыру қағидаларына және олардың тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптарға сәйкес тағайындалған күнінен бастап тарату комиссиясы мынадай іс-шараларды өткізеді:
- 3 (үш) жұмыс күні ішінде соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы қабылдаған шешімі және уәкілетті органның тарату комиссиясын тағайындағаны туралы хабарландыруды көруге қолжетімді жерде, сондай-ақ Банктің интернет-ресурсында орналастырады;
- 10 (он) жұмыс күні ішінде шағымдарды мәлімдеу тәртібін, мерзімін және мекенжайларды міндетті көрсете отырып, Банкті мәжбүрлеп тарату туралы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми баспа басылымдарында жариялайды.
Сонымен бірге банк клиенттері - кредитор жеке тұлғалардың банктік шоттары бойынша талаптарын тарату комиссиясы кредиторлар талаптарының тізіліміне Банктер туралы заңның 74-2-бабында белгіленген кезектілікке сәйкес дербес енгізетінін хабарлаймыз. Мұндай талаптарды қосу туралы ақпарат банк кредиторларына әрбір кредитордың талабын қанағаттандыру кезектілігі көрсетіле отырып жіберіледі.
«Tengri Bank» тарату комиссиясының байланыс деректері: Алматы қ., Абай д-лы, 10А, тел. +7 (727) 244 93 07.