Шетелдік қаржы ұйымдары филиалдарының ҚР аумағындағы қызметін реттеу жөніндегі талаптар қосымша күшейтілді

Шетелдік қаржы ұйымдары филиалдарының ҚР аумағындағы қызметін реттеу жөніндегі талаптар қосымша күшейтілді

Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру кезінде қабылданған міндеттемелерді іске асыру шеңберінде 2020 жылғы 16 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және сақтандыру брокерлерінің филиалдарын ашуға рұқсат етіледі.

2021 жылғы 2 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осылайша, шетелдік банктер, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары және сақтандыру брокерлері филиалдарының қызметін реттеу жөніндегі талаптарды қосымша күшейтетін заңнамалық база қалыптастырылды. Заңнамалық база Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдарын ашу және қызметін жүзеге асыру рәсімдері бойынша талаптарды да нақтылайды.   

Қазақстан Республикасының аумағында қаржылық қызметін бастау үшін шетелдік қаржы ұйымы алдымен филиалын ашуға рұқсат алуға, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында есептік тіркеуден өтуге және Агенттіктің тиісті лицензиясын (барлық мемлекеттік қызмет бір өтініш негізінде көрсетіледі) алуға тиіс.

Рұқсат алу үшін шетелдік қаржы ұйымы мынадай құжаттар топтамасын тапсырады:

  • шетелдік қаржы ұйымының филиал ашу туралы шешімі;
  • филиал туралы ереженің жобасы, филиалдың бизнес-жоспары және ұйымдық құрылымы;
  • шетелдік қаржы ұйымының құрылтай құжаттарының және басқа мәліметтердің, оның ішінде шетелдік қаржы ұйымының үлестес тұлғалары туралы мәліметтердің көшірмелері;
  • филиалдың басшы қызметкерлері лауазымына ұсынылатын адамдардың құжаттары;
  • шетелдік қаржы ұйымында рейтингтік агенттіктердің бірінің талап етілетін ең төмен рейтингінің болуын растайтын құжаттар;
  • шетелдік қаржылық қадағалау органының филиалды ашуға қарсылығының болмауы, шетелдік қаржы ұйымында қолданыстағы лицензияның болуы, сондай-ақ өтініш берілген жылдың алдындағы екі жыл ішінде пруденциялық нормативтердің және сақтауға міндетті өзге де нормалар мен лимиттердің бұзылмағаны туралы жазбаша растамасы;
  • шетелдік қаржы ұйымының оның филиалының қызметіне байланысты міндеттемелерді филиал тарапынан орындамаған немесе тиісті түрде орындамаған жағдайда, оларды шартсыз және жедел орындау туралы жазбаша міндеттемесі;
  • өзге құжаттар және мәліметтер.

Филиалын ашатын шетелдік қаржы ұйымы лицензия алу үшін мынадай талаптарды орындауға тиіс:

  • шетелдік қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекет КЖ/ТҚҚ саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың қатысушысы болып табылады, Ақшаны жылыстатумен күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобымен (ФАТФ) ынтымақтасады;
  • Агенттік пен резиденті шетелдік қаржы ұйымы болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы арасында ынтымақтастық және ақпарат алмасу туралы келісім жасалған;
  • шетелдік қаржы ұйымы мынадай талаптарға сәйкес келеді:
  • Standard & Poors рейтингтік агенттігінің «ВВВ»-ден төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе Moody's Investors Service немесе Fitch агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар;
  • резиденттік елдің аумағында банк немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыруға қолданыстағы лицензиясы бар;
  • филиал тарапынан міндеттемелерді орындамаған және (немесе) тиісінше орындамаған жағдайларда оларды шартсыз және жедел орындау туралы жазбаша міндеттеме берілгенде;
  • Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің жиынтық активтерінің сомасы 20 млрд АҚШ доллары баламасындағы сомадан төмен емес;
  • Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жиынтық активтерінің сомасы 5 млрд АҚШ доллары баламасындағы сомадан төмен емес, бұл ретте жұмыс тәжірибесі – сақтандырудың барлық салалары мен сыныптарында кемінде 10 жыл;

Шетелдік банктің филиалы қызметті берілген лицензия және мынадай рұқсат етілген операциялар шеңберінде жүзеге асыруға құқылы:

  • халықтан депозиттер және басқа қайтарылатын қаражат қабылдау;
  • тұтынушылық кредиттеуді қоса алғанда, барлық түрлерін кредиттеу, ипотекалық кредиттер, факторинг және  коммерциялық мәмілелерді қаржыландыру;
  • қаржы лизингі;
  • кредиттік, төлем және дебет карталарын, жол чектері мен банк чектерін қоса алғанда, барлық төлемдер және ақша аударымы бойынша көрсетілетін қызметтер;
  • кепілдіктер беру;
  • қор биржасында, бағалы қағаздардың биржадан тыс нарығында немесе өз есебінен, сол сияқты клиенттердің есебінен өзге де тәсілмен сауда операциялары;
  • банктердің сенімгерлік операциялары: принципалдың мүддесі үшін және оның атынан ақша қаражатын, ипотекалық кредиттер мен тазартылған қымбат бағалы металдарға талап ету құқықтарын басқару.

 

Шетелдік банктердің филиалдары үшін жеке тұлғалардың 120 мың АҚШ долларынан кем (теңгедегі немесе өзге валюта баламасындағы) депозиттерін қабылдауға тыйым салынады. Шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдары олар  депозиттерге («Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ) және сақтандыру төлемдеріне («Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ) міндетті кепілдік беру жүйесіне кіргеннен немесе қатысушы мәртебесін алғаннан кейін депозиттерді тарта алады. 

Шетелдік қаржы ұйымдары филиалдарының басшы қызметкерлері ретінде тағайындалатын кандидаттар үшін – жоғары білімінің, мінсіз іскерлік беделінің (өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болмауы), тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық қаржы ұйымдарында еңбек өтілінің және (немесе) қаржы ұйымдарына аудит жүргізу жөніндегі қызметтерінің болуы міндетті. Бұл ретте, шетелдік қаржы ұйымы филиалының басшы қызметкерлерінің құрамында Қазақстан Республикасының кемінде 2 азаматы болуға тиіс.

Филиалдардың жарғылық/меншікті капиталы болмағандықтан, олардың баламасы ретінде тәуекелдерді өтеу, төлем қабілеттілігінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және клиенттердің құқықтарын қорғау кепілдігі мен шарасын білдіретін резерв ретінде қабылданатын тиісті актив (бұдан әрі - РҚА) пайдаланылады.

Шетелдік банктердің филиалдары үшін РҚА-ның ең төменгі мөлшері жаңадан құрылатын банк үшін жарғылық және меншікті капиталдардың талап етілетін мөлшеріне ұқсас (10 млрд теңге мөлшерінде) белгіленеді және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі корреспонденттік шотта орналастырылады.

Шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдары пруденциялық нормативтердің және банктер мен сақтандыру ұйымдарына қойылатын, сақталуға міндетті өзге де талаптардың толық тізбесін сақтауға міндетті болады.

Атап айтқанда, нормативтер кредиттік, операциялық және нарықтық тәуекелдерді (РҚА жеткіліктілік коэффициенттері) өтеу үшін капиталдың жеткілікті деңгейін ұстап тұруға бағытталған;

- қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттемелерді өтеу үшін өтімділікті  қолдау;

- банктердің резиденттерден тартылған қаражатты ел ішіндегі активтерге орналастыруын ынталандыруға (банктер қаражатының бір бөлігін ішкі активтерге орналастыру коэффициенттері);

- кредиттік тәуекелдің шоғырлануын шектеу (бір қарыз алушыға тәуекелдің ең жоғары мөлшері), бейрезиденттер алдындағы қысқа мерзімді міндеттемелер мөлшерін шектеу (бейрезиденттер алдындағы қысқа мерзімді міндеттемелер бойынша банктерді капиталдандыру коэффициенті) және валюталық тәуекелді шектеу (ашық валюталық позиция лимиттері).

Пруденциялық нормативтерді есептеу филиал қызметінің ерекшелігін ескере отырып жүзеге асырылады (филиалдың меншікті капиталының болмауы ретінде).

ҚР бейрезиденттері-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарын пруденциялық реттеу де жаңадан құрылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы үшін жарғылық капиталдың талап етілетін ең төменгі мөлшерінің орнына РҚА-ның ең төменгі мөлшерін (сақтандыру саласына байланысты 1,5 млн АЕК-тен 10,5 млн АЕК-ке дейін) белгілеуді көздейді. Қаражат Standard & Poors рейтингтік агенттігінің «ВВ+» төмен емес халықаралық шкаласы бойынша ең төмен ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе Moody's Investors Service және Fitch халықаралық рейтингтік агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің ағымдағы шоттарында орналастырылады.

Шетелдік банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және сақтандыру брокерлерінің филиалдарын ашуға қойылатын белгіленген талаптар ішкі қаржы нарығында бәсекелестіктің тең жағдайын, жаңа қаржы технологиялары мен көрсетілетін қызметтер трансфертіне дайын ірі капиталдандырылған ұйымдардың келуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғауды сақтайды және қаржы жүйесінің тұрақтылығына қолдау көрсетеді.