
Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының Бангкок қаласында (Таиланд) өткен Жыл сайынғы кездесулері аясында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов Ұлттық Банк басшылығымен бірлесіп, JP Morgan және Citibank алаңдарында бірқатар кездесулер өткізді.
Өз сөзінде Н. Тұрсынханов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Агенттіктің Ұлттық Банкпен бірлесіп әзірлеген Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.
Бағдарлама бизнес үшін қаржыландыруды тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге, бағалы қағаздарға орнықты ішкі сұранысты қалыптастыруға, нарық өтімділігін арттыруға және инвесторларды қорғауды күшейтуге бағытталған.
«Бағдарлама бір мезгілде нарықтың екі жағын да қамтиды: орнықты ішкі институционалдық сұранысты қалыптастыру және сапалы бағалы қағаздар ұсынысын кеңейту. Бұл бағыттар бір-бірін өзара күшейтеді: институционалдық сұраныс эмитенттердің нарыққа шығуына ынталандырады, ал жаңа эмитенттердің тұрақты түрде пайда болуы инвесторлардың қаражатын салу мүмкіндіктерін кеңейтеді», – деп атап өтті Н.Тұрсынханов.
АгенттікТөрағасының орынбасары Қазақстанда капитал нарығын дамытудың жаңа кезеңі үшін қажетті алғышарттар қалыптасқанын атап өтті. Биржалық, клирингтік және есептік инфрақұрылым жаңғыртылды, қаржы құралдарының желісі кеңейтілуде, ал қаржылық қызметтерді цифрландыру бөлшек инвесторлардың қатысуының өсуіне ықпал етеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша айналыстағы борыштық бағалы қағаздардың көлемі 58 трлн теңгеге жетті, акциялар нарығын капиталдандыру – шамамен 42трлн теңге.
«Біздің міндетіміз – жаңа орналастырулар, жария компаниялар аясын кеңейту және еркін айналыстағы акциялар үлесін ұлғайту есебінен капитал нарығының сапалы өсуін қамтамасыз ету. Бағдарлама қазақстандық бизнесті қаржыландыру үшін қосымша мүмкіндіктер жасай отырып, институционалдық сұраныс пен сапалы қаржы құралдарын ұсынуды бір мезгілде дамытуды көздейді»,– деп атап өтті Н.Тұрсынханов.
Негізгі бағыттардың бірі жеке отандық басқарушылардың зейнетақы активтерін басқаруға қатысуын кеңейту болады. Ұлттық Банктің зейнетақы портфелінің бір бөлігін мемлекеттік бағалы қағаздардан бастап конкурстық негізде лицензияланған басқарушыларға кезең-кезеңімен беру көзделеді. Бұл ретте тәуекелдерді басқаруға, ішкі бақылауға және ақпаратты ашып көрсетуге қойылатын бірыңғай талаптар белгіленетін болады, ал активтерді сақтауды тәуелсіз кастодиан басқарушылардың өз қаражатынан бөлек жүзеге асыратын болады. 2030 жылға қарай жеке отандық компаниялардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің үлесін 20-30%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.
Бизнестің қор нарығына қолжетімділігін кеңейту үшін Бағдарлама Орталық депозитарий базасында «бірыңғай терезе» құруды, құжаттарды қатар қарауды және бағалы қағаздарды шығару рәсімдерін оңайлатуды көздейді. Бұл облигациялық шығарылымдарды дайындау мерзімін 3-6 айдан 1-2 айға дейін қысқартуға және эмитенттердің шығыстарын азайтуға мүмкіндік береді. Облигациялық бағдарламаларды, ішінара кепілдік беру және секьюритилендіру тетіктерін дамыту, сондай-ақ ұлттық рейтингтік агенттік құру қосымша құралдар болады.
Жеке компанияларды IPO-ға дайындауға ерекше назар аударылады. Бірыңғай цифрлық терезені енгізу, ірі жеке компанияларды биржаға шығаруға дайындаудың ұлттық бағдарламасын іске қосу және шағын және орта бизнесті кәсіби сүйемелдеу үшін листингтік демеушілер институтын дамыту жоспарлануда. Ішкі нарықта орналастыру үшін салықтық ынталандыру еркін айналыстағы акциялардың нақты үлесімен байланысты болады.
Өтімділікті арттыруға бағалы қағаздармен кредиттеуді (securities lending) дамыту, жабылған қысқа сатылымдарды кезең-кезеңімен енгізу және маркет-мейкерлер мен бастапқы дилерлердің қызмет жағдайларын жетілдіру ықпал ететін болады. Сондай-ақ биржадан тыс мәмілелердің ашықтығын арттыру көзделген. Нәтижесінде 2030 жылға қарай борыштық бағалы қағаздар нарығының айналымын 20-25%-ға дейін, акциялар нарығының айналымдылығын 5-10%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Нарықтық тетіктерді дамытумен қатар Бағдарлама инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуді көздейді. Негізгі шараларға облигацияларды ұстаушылар өкілінің өкілеттіктерін кеңейту, берешекті қайта құрылымдаудың ұжымдық рәсімдерін жетілдіру және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарларын алдын ала келісу тетіктерін енгізу кіреді. Бұл ретте келіспейтін кредиторларды банкроттық кезіндегіден кем емес өтем алу қағидаты негізінде қорғау қамтамасыз етілетін болады.
Бағдарламаны іске асыру капиталдың неғұрлым терең және өтімді нарығын қалыптастыруға, экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландыру көздерін кеңейтуге және Қазақстанның отандық және халықаралық инвесторлар үшін тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы