Агенттікте Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша кездесу өтті

Агенттікте Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша кездесу өтті

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру мәселелеріне арналған кездесу өтті.

Іс-шараға Төраға Мәдина Әбілқасымова бастаған Агенттік өкілдері, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен бастамашыл топтардың басшылары қатысты.

Кездесу барысында тараптар Бағдарламаны іске асыру мәселелерін, сондай-ақ ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға байланысты азаматтардың ұсыныстары мен өтініштерін талқылады. Реттеуші басшысы Бағдарламаның дамуына, оны іске асыру нәтижелеріне және қабылданған заңнамалық шараларға егжей-тегжейлі тоқталды.

Ипотекалық қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі болып табылады және азаматтардың жалғыз баспанасын сақтауға және отбасылардың қаржылық орнықтылығын қалпына келтіруге бағытталған. Осы міндеттерді іске асыру үшін 2015 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы қабылданды.

Бағдарлама жылжымайтын мүлік құнын төмендетуге және міндеттемелерді орындауды едәуір қиындатқан валюта бағамының түзетілуіне байланысты қабылданды. Кірістері теңгемен болған кезде шетел валютасымен қарыз алған азаматтарда борыш жүктемесі айтарлықтай өсті.

Олардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін Бағдарламада берешекті өтеудің жеңілдетілген шарттары көзделіп, бастапқыда 2004-2009 жылдары берілген ипотекалық қарыздар қамтылды.

Қолдаудың негізгі тетігі жинақталған пайыздарды, комиссияларды, айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығара отырып, жылдық 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша негізгі борышты қайта қаржыландыру болды. Бұл берешекті қысқартуға және ай сайынғы төлемдерді төмендетуге мүмкіндік берді, бұл қарыз алушыларға қолайлы шарттармен қарыздарға қызмет көрсетуге және тұрғын үйлерін сақтауға мүмкіндік берді.

«2015 жылдан бастап қолдау шаралары жалпы сомасы 678,2 млрд теңгеге 60 мың қарыз алушыға көрсетілді, оның ішінде аталған қарыз алушыларға пайыздар, комиссиялар және тұрақсыздық айыбы бойынша 248,3 млрд теңге берешек есептен шығарылды. Сонымен бірге 101,2 млрд теңге сомасына 10,6 мың әлеуметтік осал қарыз алушы қосымша көмек алды. Бұрынғы меншік иелеріне банктердің балансынан 395 тұрғын үй объектісі қайтарылды», - деп атап өтті М.Әбілқасымова.

Реттеуші басшысы атап өткендей, Бағдарламаны табысты іске асыруда барлық жылдар бойы оны жетілдірудің белсенді қатысушылары болған қоғамдық бірлестіктер де маңызды рөл атқарды.

«Агенттіктің қоғамдық бірлестіктермен сындарлы өзара іс-қимылының арқасында қарыз алушылардың проблемаларын уақтылы анықтау қамтамасыз етілді, мемлекеттік қолдау алушылардың санаттары кеңейтілді және оны ұсыну тетіктері жетілдірілді. Қоғамдық бірлестіктердің өңірлік комиссиялардың жұмысына қатысуы да қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға және ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешуге жеке көзқарасты қамтамасыз етуге ықпал етті», - деді Агенттік Төрағасы.

Көмек ауқымын кеңейтуге қаражатты пайдаланудың қайтарымды тетігі де ықпал етеді. Бұрын қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуден түсетін түсімдер келесі қарыз алушыларды қолдауға жіберіледі. Нәтижесінде бөлінген 291 млрд теңге кезінде берешекті есептен шығаруды ескере отырып, қолдаудың жиынтық көлемі 678,2 млрд теңгеге жетіп, қаржыландыру көлемінен 2,3 есе асып түсті.

Сонымен қатар, ипотекалық қарыз алушыларды заңнамалық тұрғыдан қорғау күшейтілді.

Бағдарламаны іске асырумен қатар заңнамалық түзетулердің                                  4 топтамасы шеңберінде ипотекалық қарыздар беруге қойылатын талаптар күшейтілді, берешектің өсуі шектелді және банктердің оны реттеу жөніндегі міндеттері бекітілді.

2015 жылы борыш жүктемесіне базалық шектеулер енгізілді. Ипотекалық тұрғын үй қарызының талаптары өзгерген кезде мерзімі өткен сыйақыны және тұрақсыздық айыбын капиталдандыруға тыйым салынды. 180 күн кешіктірілгеннен кейін есептелген пайыздар мен тұрақсыздық айыбын талап етуге тыйым белгіленді. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап тиісті валютада кірісі жоқ азаматтарға валюталық ипотека беруге тыйым салынды. Бұл шаралар борыштың жинақталуын шектеді және теңгемен табыс табатын қарыз алушылардың жаңа валюталық міндеттемелерді қабылдауын болдырмады.

2018 жылы төлеу мерзімі кешіктірілген кездегі қорғау кеңейтілді. Ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 180 күн кешіктірілгеннен кейін есептелген төлемдерді талап етуге тыйым салу комиссиялар мен өзге де төлемдерді де қамтыды. Қарыз алушыны хабардар ету және мөлшерлемені төмендетуді, кейінге қалдыруды, мерзімін ұзартуды және берешекті кешіруді қоса алғанда, қарыз талаптарын өзгерту мүмкіндіктерін қарау рәсімдері бекітілді.

2021 жылы проблемалық берешекті реттеудің міндетті тәртібі енгізілді. Банктер қарыз алушылардың өтініштерін олардың әлеуметтік жағдайын, кірісінің төмендеуін және жалғыз баспанасының болуын ескере отырып қарауға міндетті.

Сонымен қатар, 2024 жылы отбасыларды жалғыз баспанасынан шығарудан қорғау күшейтілді.

Бағдарлама іске асырылған кезде кейінгі жылдары қарыз алған әлеуметтік осал азаматтар да өтеуде қиындықтарға тап болды, бұл оның қамту аясын кеңейтуді және қосымша көмек көрсету мерзімін ұзартуды талап етеді. Банктердің мәліметінше, мұндай көмек 1,5 мың қарыз алушыға қажет.

Бұл ретте, М. Әбілқасымова Бағдарлама қосымша мемлекеттік қаражат бөлмей жаңа қарыз алушыларға көмек көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұрын қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуден түскен түсімдер азаматтарға қолдау көрсетуге қайта жіберіледі. Осының арқасында бұрын бөлінген қаражат жұмыс істей береді және келесі жылдардағы ипотекалық қарыздардың проблемаларын шешу үшін пайдаланылуы мүмкін.

Қажетті өзгерістер ағымдағы жылғы тамызда Агенттіктің қоғамдық бірлестіктермен кездесуінде талқыланды. Қарыз алушылардың мәселелерін және келіп түскен ұсыныстарды қарау қорытындылары бойынша 2026 жылғы 28 қыркүйекте Бағдарламаға мынадай түзетулер қабылданды.

Бірінші. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мерзімі 2027 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылды. Бұл олардың жолданымдарын қарауды аяқтауға және борыш жүктемесін азайту бойынша жеке шешімдерді іске асыруға мүмкіндік береді.

Екінші. Мұқтаж азаматтардың ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру мүмкіндіктері кеңейтілді. Комиссияға белгіленген талаптар бір мезгілде сақталған жағдайда, әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар үшін оларды қайта қаржыландыруға ұсыну құқығы берілді: жалғыз баспана болуы, 180 күннен артық мерзімін өткізіп алу, негізгі борыштың қалдығы 50 млн теңгеден аспайды және қолданыстағы талаптармен қарызды өтеу үшін кірістің жеткіліксіздігі.

«Бұл қарыз алушылардың қосымша санаттарына, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға, жасына байланысты зейнеткерлерге және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жеңілдікпен қайта қаржыландыру беруге мүмкіндік береді», - деп атап өтті реттеуші басшысы.

Азаматтар қолдау алу үшін қызмет көрсететін банкке қаржылық және әлеуметтік жағдайын растайтын өтінішпен және құжаттармен жүгінуі қажет.

«Мемлекет ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету үшін қажетті шешімдер қабылдады. Бағдарламаны қамту аясы кеңейтілді, қолдау көрсету мерзімдері ұзартылды, оны қаржыландыру бұрын бөлінген қаражат есебінен көзделген. Банктер мен комиссиялардың міндеті жолданымдарды уақтылы қарау және Бағдарламаның шарттарына сәйкес келетін әрбір қарыз алушы бойынша шешімдерді орындау болып табылады. Агенттік берешекті реттеуге және азаматтардың жалғыз баспанасын сақтауға бағытталған бұл жұмысты бақылауды қамтамасыз етеді», - деп атап өтті реттеуші басшысы.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz