
2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстан банктері кибероқиғаларға ден қоятын арнайы қызметтер құратын болады. Мұндай талаптарды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі белгіледі.
Мұндай жаңа талаптар бұған дейін банктерге қатысты қолданылған жоқ. Бұрын ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларын мониторингтеу және талдау талаптары қойылатын, бұл ретте банктердің көпшілігі оқиғаларды жіктеп, өңдеп, ден қойғанымен, олар регламенттелмеген еді. Енді әрбір банкте осы процестерге жауап беретін бөлімшелер құрылады, бұл қаржы нарығындағы киберқылмыскерлерге қарсы іс-қимыл бойынша ден қоюдың және өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар банктерді ақпараттық қауіпсіздіктің қауіпті оқиғалары бойынша ішкі зерттеу жүргізуге міндеттейді.
Бұл талаптар пайда болғанға дейін банктер зерттеу нәтижелерін Агенттікке хабарлай алмайтын, бұл қаржы нарығының киберқауіптерден қорғалу жағдайын талдауды айтарлықтай қиындататын. Банктер қаржы реттеушісіне оқиғаның өз туралы ғана хабарлауға міндетті болды, енді олар жүргізілген зерттеу нәтижелері туралы да міндетті түрде хабарлайтын болады. Зерттеулер жөніндегі комиссияға банк қызметкерлерінен басқа сыртқы сарапшыларды тартуға болады, бұл процестің толық әрі ашық болуын қамтамасыз етеді. Ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларын зерттеу туралы ақпаратты сақтаудың міндетті мерзімі кемінде бес жылды құрайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндай тәсіл қазақстандықтардың қаржылық деректерін тиімді қорғайды және қаржы нарығындағы киберқылмыстар санын азайтуға ықпал етеді деп сенім білдіреді.
2019 жылы Қазақстанның екінші деңгейдегі банктерінің орын алған кибероқиғалар туралы шамамен 50 хабары, 2020 жылы – 134 хабары тіркелді. Өз кезегінде, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020 жылы қаржы нарығының субъектілеріне киберқауіпсіздік қатерлері туралы 350-ден аса ескерту мен ақпараттық хабар дайындап, жіберді, ал 2019 жылы 137-ін жіберген болатын.