2020 жылғы «26» наурыз № 167 бұйрығы
Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібін бекіту туралы
«Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 286 Жарлығы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 Жарлығымен Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне және халық пен кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты шаралар мен уақытша шектеулердің енгізілуіне байланысты, олардың қаржылық жағдайының нашарлауына жол бермеу мақсатында, БҰЙЫРАМЫН:
- Қоса беріліп отырған Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібі бекітілсін.
- Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаменті осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мүдделі бөлімшелеріне, екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, ломбардтарды, онлайн-кредиттеу компанияларын, кредиттік серіктестіктерді, оның ішінде бұрын көрсетілген ұйымдар болып табылған заңды тұлғаларды қоса алғанда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға жіберсін.
- Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
- Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары
Н.А. Әбдірахмановқа жүктелсін.
Төраға М. Әбілқасымова
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі
Төрағасының
2020 жылғы «26» наурыз
№ 167 бұйрығымен
бекітілген
Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібі
- Осы Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібі (бұдан әрі – Тәртіп) Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру бойынша 2020 жылғы 23 наурыздағы тапсырмасына сәйкес әзірленді.
- Тәртіп екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, ломбардтарды, онлайн-кредиттеу компанияларын, кредиттік серіктестіктерді, оның ішінде бұрын көрсетілген ұйымдар болып табылған заңды тұлғаларды қоса алғанда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға (бұдан әрі – кредиттік ұйым) қатысты қолданылады.
- Тәртіп кредиттік ұйымдар 2020 жылғы 16 наурызға дейін берген барлық банктік қарыздар мен микрокредиттерге қатысты қолданылады.
- Кредиттік ұйымдар 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде, өтінішті және растайтын құжаттарды талап етпей және банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттарына қосымша келісімдерге қол қоймай, қарыз алушының келісімімен банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша жеке тұлғалардың мынадай санаттарына төлемдерді тоқтата тұруды (бұдан әрі – төлемдерді тоқтата тұру) жүзеге асырады:
1) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына:
Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
1 және 2 топтағы мүгедектер;
мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары;
Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін аурулар тізімінде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;
жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
оралмандар;
экологиялық зілзалалар, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;
мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
толық емес отбасылары жатады.
2) «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға;
- «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті органда тіркелген жұмыссыздарға.
Кредиттік бюролар көрсетілген жеке тұлғалардың тізімдерін кредиттік ұйымдарға жібереді.
Кредиттік ұйым қарыз алушыға төлемдерді тоқтата тұру туралы қолжетімді тәсілдермен хабарлайды.
- Кредиттік ұйымдар мынадай себептер бойынша қаржылық жағдайы нашарлаған жеке тұлғаларға 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді тоқтата тұруды жүзеге асырады:
- карантиннің енгізілуіне байланысты уақытша жұмысқа жарамсыз;
- ақы төленбей еңбек демалысында жүрген;
- жұмыстан шыққан, еңбек шартын бұзған және өзге еңбек шартын тоқтатқан;
- жалақысы немесе өзге кірістері төмендетілген немесе төлеу тоқтатылған;
- егер қызметкер аумағында төтенше жағдай және (немесе) карантин қолданылатын жерге баруына (шығуына) шектеу қойылуына байланысты жұмыс орнында бола алмаған жағдайда;
- қаржылық жағдайының нашарлауын куәландыратын өзге де себептер.
Кредиттік ұйым көрсетілген жеке тұлғалар бойынша қарыз алушының еркін нысанда жасалған, төлемдерді тоқтата тұру себебі қамтылған және кредиттік ұйымға кез келген сәтте 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде берілген өтінішінің негізінде төлемдерді тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.
Кредиттік ұйым қарыз алушының өтінішін қарайды, 10 (он) жұмыс күні ішінде төлемдерді тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды және қарыз алушыға қолжетімді тәсілдермен хабарлайды. Қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттарды ұсыну талап етілмейді.
Кредиттік ұйымда жеке тұлғаның қаржылық жағдайының нашарламағаны туралы ақпарат болған жағдайда, кредиттік ұйым төлемдерді тоқтата тұрудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
- Кредиттік ұйымдар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде дара кәсіпкерлерге 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді тоқтата тұруды мынадай талаптардың бірі сақталған кезде жүзеге асырады:
1) Тәртіпке қосымшаға сәйкес экономиканың салаларында қызметін жүзеге асыру;
2) қаржылық жағдайы нашарлаған, өткізілген тауарларының (және (немесе) қызметтерінің көлемінің төмендегенін, сатып алушылардың ақы төлеу мерзімін кешіктірілуін, тоқтата тұруын, ауыстыруын, қызметкерлердің штат санының қысқаруын растаған кезде немесе төтенше жағдай режимі қолданылған кезеңде басқа объективті себептер бойынша.
Көрсетілген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бойынша кредиттік ұйым кез келген сәтте 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде берілген қарыз алушының өтініші және қаржылық жағдайының нашарлауын растайтын құжаттар негізінде төлемдерді тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.
- Төлемдерді Тәртіпте көрсетілген талаптармен тоқтата тұру қарыз алушының кредиттік тарихының нашарлауына және қарыз алушы туралы жағымсыз ақпаратты кредиттік бюроға беруге негіз болып табылмайды.
- Төлемдерді тоқтата тұру банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттарына, кепіл шарттарына қосымша келісімдерге қол қоймай негізгі борыш пен сыйақы төлеуді кейінге шегеру арқылы жүзеге асырылады.
- Қарыз алушы банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттары бойынша төлемдерді тоқтата тұру туралы өтінішті (өтінімді) кредиттік ұйымға электрондық поштаның, «банк-клиент» онлайн-жүйесінің, интернет-ресурстың, мобильдік қосымшаның немесе басқа да байланыс құралдарының көмегімен береді.
- Төлемдерді тоқтата тұру кезеңінде кредиттік ұйым осы қарыз алушы бойынша шағым-талап жұмысын және мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттілігі туралы қарыз алушыны хабардар етуді тоқтатады. Банк қарыздары бойынша Тәртіпте көрсетілген шарттармен банк төлемдерді тоқтата тұрған жеке тұлғалардың шоттары бойынша төлемдік талапты орындаудан бас тартуға құқылы.
- Кредиттік ұйымдарға қарыз алушылардан төлемдерді тоқтата тұру және кепіл шарттарын және өзге де байланысты шарттарды тиісінше өзгерту туралы өтініштерді қарағаны үшін комиссиялар және өзге де төлемдер алуға тыйым салынады.
Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде
зардап шеккен халықтың,
шағын және орта бизнестің қарыздары
бойынша негізгі борыш пен
сыйақы сомаларын төлеуді
тоқтата тұру тәртібіне
қосымша
Экономика салалары
- Азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және оларға байланысты жеткізілімдерді қоспағанда, сауда секторы, ойын-сауық-сауда орталықтарын жалға алушыларды қоса алғанда, халық тұтынатын тауарлардың дүкендері, тауарлар жеткізу тізбесі.
- Туроператорларды және турагенттерді қоса алғанда, спорт, туризм және қонақ үй бизнесі.
- Азық-түлікті және дәрі-дәрмекті тасымалдауды қоспағанда, жолаушылар және жүк тасымалдау секторы.
- Мейрамханаларды және кафелерді қоса алғанда, қоғамдық тамақтану секторы.
- Тұрмыстық қызмет көрсету секторы, театрларды, кинотеатрларды, фото- және бейне түсіруді, көрмелерді және конференцияларды қоса алғанда, бос уақытты және демалысты ұйымдастыру, мерекелерді ұйымдастыру, сән салондары және фитнес орталықтары.