ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Банктерді реттеу департаментінің директоры Олжас Қизатовтың түсіндірмесі
Tengri Bank-тің қаржылық жағдайы нашарлағаннан кейін Агенттік Банк салымшыларының мүддесін қорғау үшін ағымдағы жылдың басынан бері оның қызметін қатаң қадағалауды жүзеге асырды.
Осы қадағалау режимінің шеңберінде Агенттік ай сайын заңнама талаптарын бұзуды жою жөніндегі жазбаша ұйғарым түріндегі қадағалап ден қою шараларын және әкімшілік айыппұлдар түрінде санкциялар қолданды. Барлығы 11 жазбаша ұйғарым және 36 әкімшілік айыппұл салынды.
Банктің қаржылық орнықтылығын арттыру үшін Tengri Bank-тің ірі акционерінен және менеджментінен «Банктің қаржылық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары» талап етілді.
Қаржы реттеушісінің уәжді пайымдауды қолдану жөніндегі жаңа өкілеттіктері шеңберінде қарыз алушылардың 44 млрд теңге сомасындағы пулын тану жүзеге асырылды. Нәтижесінде, Банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты қарыздар портфелінің үлесі 58% болды, бұл Банктің балансында қарыздардың нақты құнын және олар бойынша тәуекелдерді көрсетуге мүмкіндік берді.
Tengri Bank активтерінің сақталуын қамтамасыз ету үшін Банктің кредиттеу, активтер мен кепіл мүлкін сату және шығару бойынша тәуекелі жоғары операцияларды жүргізуі шектелді.
Банк клиенттерінің алдындағы міндеттемелерін барынша жабу мақсатында Агенттік Банктің ірі акционерімен және менеджментімен бірлесіп 16,9 млрд теңге сомаға қосымша өтімділікті тартуды қамтамасыз етті және проблемалық кредиттерді қайта қаржыландыру және өндіру жөніндегі іс-шараларды жүргізді. Осы шаралар Банк клиенттерінің алдындағы міндеттемелерін барынша қысқа мерзімде 26,4 млрд теңге сомаға немесе шамамен Банктің жыл басындағы жалпы міндеттемелерінің 26%-на қысқартуға мүмкіндік берді.
Көрсетілген іс-шараларды уақтылы өткізу активтерді сақтауға ғана емес, сонымен қатар Банкте тарату өндірісі басталған кезде Банк клиенттерінің шығынын азайту үшін Tengri Bank-тің міндеттемелерін барынша төмендетуге мүмкіндік берді.