Меню

Страницы

Статья

Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша шаралар кешені туралы

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 13 наурызда жедел ден қою штабының отырысында берген тапсырмаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп қаржы жүйесінің тұрақтылығын және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қабылдады.

БІРІНШІ. Қаржы жүйесінің тұрақтылығы.

Қазіргі уақытта Қазақстан қаржы жүйесіндегі жағдай тұрақты. Шоғырландырылған негізде екінші деңгейдегі банктердің үздіксіз қызметті қамтамасыз ету және банктік қызметтердің толық тізбесін көрсету үшін меншікті капиталы мен өтімділігінің едәуір қоры бар. Банктердің салымшылары үшін тәуекелдер жоқ.

Активтер сапасын тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша реттеушілік минимумға қатысты  k1 капиталы жеткіліктілігінің асып кетуі түзетулерді ескере отырып 70%-ды құрайды.

Агенттік банктердің  тауар және қаржы нарықтарындағы әлеуетті күйзелістерге орнықтылығын анықтау үшін жүйелік деңгейде және банктер бойынша жеке алғанда банк жүйесін стресс-тестілеу жұмысын жүргізуде.

Ағымдағы жылғы 30 наурызға дейін активтердің сапасын тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша банктердің түзету іс-қимыл жоспарлары қабылданады. Бұл ретте, өзгерген экономикалық жағдайларды назарға ала отырып, 2020 жылғы 1 қазанға дейін провизияларды есептеу тәсілдерін қатаңдататын бірқатар реттеушілік шараларды енгізу кейінге қалдырылады.

ЕКІНШІ. Пруденциялық реттеудің уақытша шаралары.

2020 жылғы 1 сәуір – 1 қазан аралығындағы кезеңге Қазақстан бизнесін кредиттеу деңгейін төмендетуді болдырмауға бағытталған пруденциялық реттеудің уақытша шаралары енгізіледі. Бұл реттеу шараларының контрциклдық сипаты бар және олар банктердің капиталы мен өтімділігіне қысымды төмендетуге бағытталған.

Экономиканы кредиттеуді ынталандыру үшін шағын және орта бизнес субъектілеріне берілген қарыздар бойынша 50%-ға дейін, шетел валютасындағы қарыздар бойынша 100%-ға дейін, синдикатталған қарыздар бойынша 50%-ға дейін меншікті капитал жеткіліктілігін есептеген кезде тәуекел-саралау коэффициенттері төмендетіледі.

Жеткілікті кепілмен қамтамасыз етуі жоқ жаңа қарыз алушыларды кредиттеу бойынша мүмкіндіктерді кеңейту үшін сақтандыру ұйымында A.M. Best рейтингтік агенттігінен «BB+»-тан төмен емес рейтингтік баға болған кезде сақтандыру шарттары, сондай-ақ синдикатталған кредиттеу шарттары және «take or pay» құқығын көздейтін МЖӘ жобалары тұрақты кепіл ретінде танылатын болады.

Өтімді қамтамасыз ету ретінде «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгро» ҰБХ-дан кепілдіктер танылады, бұл бір қарыз алушыға капитал жеткіліктілігі мен тәуекелді есептеген кезде кредиттік тәуекелдің шамасын азайтады.

Провизияларды қалыптастыруға жүктемені төмендету үшін төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қарыз бойынша төлемді кейінге шегеру қарыздардың құнсыздануын растау болып табылмайды.

Экономикаға жаңа қарыздар беру үшін өтімділіктің қосымша қорын құру мақсатында өтімділікке қысымды төмендету бойынша реттеушілік шаралар, оның ішінде өтімділігі жоғары активтердің тізбесін кеңейту қабылданады.

Валюта нарығына қысымды төмендету үшін ұзақ валюталық позиция  және жиынтық валюталық нетто-позиция лимиттері төмендетіледі.

Бұл нормаларды қолдану экономиканы кредиттеу үшін 168 млрд теңге мөлшеріндегі меншікті капиталды қосымша босатуға мүмкіндік береді.

Тиісті талаптар 2020 жылғы 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Қорландырудың тұрақты базасын қамтамасыз ету үшін 2020 жылғы 16 наурыздан бастап Агенттік банктерге халықтың теңгемен депозиттері және қолданыстағы жинақ депозиттері бойынша ставкаларды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры барынша ұсынған ставкалардың өзгерістеріне қарай арттыруды ұсынады.

 ҮШІНШІ. Тұтынушылық кредиттеу нарығында тәуекелдерді төмендету.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Үкіметтің а.ж. 24 қаңтардағы кеңейтілген отырысында берген, кепілсіз тұтынушылық кредиттеудің шамадан тыс өсуіне жол бермеу бойынша тапсырмасын іске асыру үшін мыналар көзделеді.

Төтенше жағдай кезеңінде және бұдан әрі тұрақты негізде заңнамалық деңгейде жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен кезде сыйақы есептеуге тыйым салу енгізіледі.

Жеке тұлғалардың кредиттік тарихын қалпына келтіру үшін, 50%-дан астам мерзімі өткен берешекті 12 айда өтеген және міндеттемелерді кейіннен орындаған жағдайда қарыз алушы үшін жағымсыз кредиттік тарихты түзету бойынша мүмкіндік көзделеді.

ТӨРТІНШІ. Халық және бизнес үшін борыш жүктемесінің өсуіне жол бермеу.

2020 жылғы 16 наурыз – 15 сәуір аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне және экономиканың жекелеген салаларына қатысты шектеу шараларының қолданылуына  байланысты халық пен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жай-күйінің нашарлауына жол бермеу жөнінде қосымша шаралар қабылданады.    

Агенттік Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен, екінші деңгейдегі банктермен және кредит нарығының басқа да субъектілерімен бірлесіп мынадай шараларды келісті.

Төтенше жағдай режимін енгізу дүлей күш мән-жайларына жатады. Осыған байланысты, жеке және заңды тұлғалардың қарыздары мен микрокредиттері бойынша төлемдер мерзімінің өтуі төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты туындаған  кезде айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмеуге тиіс. 

Бұл норма жеке және заңды тұлғаларға банктер ғана емес, ломбардтарды және кредиттік серіктестіктерді, сондай-ақ қарыз беретін барлық кредиторларды қоса алғанда, барлық микроқаржы ұйымдары берген қарыздарға қолданылатын болады.

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кредиторлар шарт талаптарын қарыз алушы үшін жақсартқан жағдайда оларды біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы.

Осыған орай, банктер және микроқаржы ұйымдары төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған дара кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілеріне негізгі борыш пен сыйақыны қоса алғанда, төлемдер мерзімін  90 күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдыру жұмысын жүргізетін болады.

Банктер мен кредит нарығының басқа да субъектілері аталған шараларды халық пен бизнеске қолайлы болу үшін барынша қашықтан қатынас жасау нысанында іске асыру үшін қарыз алушылармен өзара іс-қимыл жасаудың тәртібі мен тетіктерін айқындайды.

Агенттік қаржы нарығындағы ахуалға күшейтілген мониторингті жалғастырады және көрсетілген шараларды іске асыруға бақылауды қамтамасыз етеді.

 

Толығырақ ақпаратты мына телефон бойынша алуға болады

+7 (727) 2788 121

Fingramota@finreg.kz

www.finreg.kz

Дата публикации
17 марта 2020
Дата обновления
17 марта 2020
Тип
Пайдалы ақпарат

Сейчас читают

Біз туралы БАҚ
19 октября 2026
Қазақстан мен IOSCO кездесуінде инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды
Біз туралы БАҚ
13 октября 2026
Ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасының мерзімі ұзартылды
24 сентября 2026
График приема граждан

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы