ҚРНДА Төрағасының бірінші орынбасары О. Смоляковтың Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 3 тамызда сағ. 09.00-дегі (селекторлық режимде) отырысына баяндамасы
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Құрметті кеңеске қатысушылар!
Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Агенттіктің экономикаға, бизнеске және халыққа қолдау көрсету жөніндегі дағдарысқа қарсы шаралар кешенінің арқасында экономикаға кредиттер 2020 жылы 5,5%-ға 14,6 трлн теңгеге дейін өсті, оның ішінде ШОБ-ға кредиттер 7,2%-ға 4,2 трлн теңгеге дейін өсті. Ағымдағы жылы экономиканың қалыпқа келуі аясында банктердің кредиттеуінің өсуі байқалады. 6 айда экономикаға кредиттер 7,5%-ға 15,7 трлн теңгеге дейін өсті. ШОБ субъектілеріне кредиттер 1,8%-ға 4,3 трлн теңгеге дейін өсті.
2020 жылы пандемияның кесірінен төтенше жағдайдың және карантиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты халыққа және ШОБ субъектілеріне қолдау көрсету үшін 16 наурыз және 1 қазан аралығындағы кезеңде алғаш рет банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шарасы іске асырылды.
Халық пен бизнес үшін пандемия салдарының кеңінен етек алуына, сондай-ақ бұрын-соңды болмаған карантиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігі экономиканың зардап шеккен салаларындағы барлық ШОБ субъектілеріне, сондай-ақ төтенше жағдай мен карантиннің енгізілуі салдарынан қаржылық жағдайы нашарлаған басқа қарыз алушыларға автоматты түрде берілді.
Осы қолдау шарасының нәтижесінде экономиканың 12 саласы және экономикалық қызметтің 346 түрі қамтылды, ал 2020 жылғы 16 наурыз – 1 қазан аралығында кредиттер бойынша 3 айдан 6,5 айға дейінгі мерзімге кейінге қалдыру құқығын 209 млрд теңге сомаға 12,5 мың ШОБ субъектісі пайдаланды.
Ағымдағы жылғы 1 сәуірде Мемлекет басшысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Ұлттық Банкке экономиканың зардап шеккен секторларында ШОБ кредиттері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.
Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 сәуірдегі тапсырмасын іске асыру үшін «Шағын және орта бизнес субъектілерінің қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тәртібін бекіту туралы» Агенттік Төрағасының 2021 жылғы 9 сәуірдегі № 127 бұйрығы шығарылды.
Қарыздар бойынша төлемдердің төлеу мерзімін кейінге қалдыру тәртібін банктерге және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға ШОБ субъектілеріне, оның ішінде ДК-ге 2021 жылғы 1 сәуірге дейін берілген кредиттер бойынша 2021 жылғы 1 сәуір – 30 маусым аралығындағы кезеңде төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігін беруді көздейді.
Төлеу мерзімін кейінге қалдырудың сараланған тәртібі кәсіпкерлік субъектілерінің санатына байланысты көзделген.
Төлеу мерзімін кейінге қалдыруды алу үшін микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері қаржылық жағдайының нашарлауы туралы растайтын құжаттарсыз өтінішпен кредиторға жүгінуге тиіс. Аталған субъектілерге төлеу мерзімін кейінге қалдыру автоматты түрде беріледі.
Орта кәсіпкерлік субъектілері өтініш берген кезде карантиндік шаралардың қолданылуы салдарынан ұйымның қаржылық жай-күйінің нашарлағанын растайтын құжаттарды қоса беруге міндетті болды.
Кейінге қалдыру мерзімі ШОБ субъектісінің қалауы бойынша 30 күннен 91 күнге дейінгі мерзімді құрады.
ШОБ субъектісінің қалауына қарыз бойынша төлемдердің 3 баламалы кестесі ұсынылды: (1) кейінге қалдырылған төлемдерді қарыз мерзімінің соңына дейін біркелкі бөлу түрінде, (2) қарыз мерзімін кейінге қалдыру кезеңіне ұлғайту не (3) қарыз алушының таңдауы бойынша төлемдердің өзге кестесі.
Төлем мерзімін кейінге қалдыру кезеңінде қарыз алушыға қатысты талап-арыз жұмысы, мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттігі туралы хабарлау, сондай-ақ кредитордың комиссиялар мен өзге де төлемдерді алуы тоқтатыла тұрды.
Қызметі карантиндік шектеулердің салдарынан зардап шеккен қарыз алушыларды төлем мерзімін кейінге қалдыру тетігімен барынша көбірек қамту үшін Агенттік БАҚ-та ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Банктер мен МҚҰ-ның зардап шеккен салалардан қарыз алушылар-ШОБ субъектілерін кредиттер бойынша төлемдердің мерзімін ұзарту мүмкіндігі туралы хабардар етуі жөнінде шаралар қабылданды. Кейін өңірлік бөлімшелердің назарына жеткізу үшін «Атамекен» ҰКП-ға қарыз алушыларды қолдаудың қабылданған шарасы туралы ақпарат жеткізілді.
Ағымдағы жылдың бірінші жартысында бизнес субъектілерінің экономикасы мен іскерлік белсенділігінің қалпына келуі 2020 жылғы шаралармен салыстырғанда неғұрлым жеңілдетілген карантиндік шектеулер жағдайында болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген экономиканың зардап шеккен секторларында (29 ЭҚЖЖ) ШОБ субъектілерінің қолданыстағы барлық кредиттері бойынша жылдық 6%-ға дейін пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетігі шеңберінде 4 мың ШОБ субъектісіне 21,2 млрд теңгеге көмек көрсетілді. Бұдан басқа, банктер бизнес субъектілерімен бірлесіп, 2021 жылдың басынан бері 114 ШОБ субъектісіне 4 млрд теңге сомасында берілген қарыздар бойынша мерзімі өткен берешекті қайта құрылымдау бойынша іс-шаралар жүргізді. Бұдан басқа, жеңілдікпен кредит беру бағдарламалары (Айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы, «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы – 2025») жұмыс істейді.
Бұл шаралардың барлығы көптеген ШОБ субъектілеріне борыш жүктемесін қолайлы деңгейге дейін төмендетуге, босаған қаражатты ағымдағы жұмыс үшін пайдалануға, сол арқылы қалыпты қызметке оралуға мүмкіндік берді.
Осыған байланысты 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктерге қарыздар бойынша төлемді кейінге қалдыруға 592 қарыз алушы-ШОБ субъектісінің өтінімі келіп түсті, оның ішінде 547 ШОБ субъектісі 9,3 млрд теңгеге төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігін алды. МҚҰ-ға 129 ШОБ субъектісі төлемді кейінге қалдыруға өтінім берді, оның 95 субъектісіне 102,1 млн теңге сомаға төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді.
Назарларыңызға рақмет!