Бүгін Алматыда «Жасыл қаржыландыру және борыштық капитал нарығы» конференциясының шеңберінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, «Қазақстан қор биржасы» АҚ, «ПрайсуотерхаусКуперс Такс энд Эдвайзори» ЖШС (PwC Kazakhstan) орнықты қаржыландыру қағидаттарын ілгерілету мақсатында ынтымақтастық туралы меморандум жасады. Құжатқа қаржы реттеушісінің басшысы Мәдина Әбілқасымова, «Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың Басқарма төрағасы Алина Алдаберген және «ПрайсуотерхаусКуперс Такс энд Эдвайзори» ЖШС басқарушы директоры Майк Ахерн қол қойды.
Меморандум тараптары Қазақстанның қаржы нарығында орнықты қаржыландыру қағидаттарын ілгерілету бойынша, сондай-ақ орнықты даму саласындағы жобаларды қаржыландыру үшін корпоративтік секторға қолдау көрсету бойынша күш-жігерді біріктіреді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова «қаржы реттеушісінің осы саладағы үздік халықаралық практика және стандарттар негізінде орнықты қаржыландыру нарығын дамыту үшін қажетті реттеушілік базаны әзірлеу жұмысын жүргізіп жатқандығын хабарлады. Сонымен бірге Агенттік қаржы ұйымдары мен листингтік компаниялардың ESG стандарттарына жүйелік негізде оларды тәуекелдер мен есептілікті басқару жүйелерін реттеуге ықпалдастыру арқылы ауысуын ынталандыру жөніндегі шаралар қабылдауға ниетті. ҚНРДА орнықты қаржыландыру және Қазақстанда орнықты даму облигациялары нарығын дамыту мәселелерін ілгерілетуге бағытталған барлық іс-шараларға белсенді түрде қатысатын болады.».
Меморандумға сәйкес, KASE, өз кезегінде, қазақстандық эмитенттердің орнықты даму облигацияларын (жасыл, әлеуметтік және өзге) шығаруын ынталандыру шараларын қабылдайтын болады.
Осы бағытты дамыту мақсатында KASE листингтік қағидалары «жасыл» облигациялар листингіне қойылатын талаптармен қатар, орнықты даму облигацияларының листингіне қойылатын талаптармен толықтырылады. KASE орнықты даму облигацияларының эмитенттері үшін листингтік алымдарды төлеуде жеңілдіктер береді, сондай-ақ тиісті консультациялық қолдау көрсетеді.
«Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың Басқарма Төрағасы Алина Алдабергеннің айтуынша, «KASE қаржылық емес ақпаратты жария ету әдіснамасы бөлігінде орнықты даму қағидаттарын енгізу, орнықты даму облигацияларының листингіне қойылатын талаптарды әзірлеу жұмысын жалғастырады, орнықты даму облигацияларының эмитенттері үшін листингтік алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер береді. Сонымен қатар Биржа қаржыландыруды тарту мақсатында ESG-стандарттарын енгізу, жасыл облигациялар шығару және олар KASE ресми тізімінде болған кезде ақпаратты жария ету бойынша оқыту мен консультация беруді күшейтеді».
Меморандумға сәйкес, PwC Kazakhstan жасыл облигациялардың алғашқы бес шығарылымының және бес әлеуметтік облигациялардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін қазақстандық эмитенттер үшін өтеусіз негізде тәуелсіз куәландырады. Бұдан басқа, PwC Kazakhstan ESG жобаларын қаржыландыру инфрақұрылымын құрудың халықаралық практикасы бойынша әдіснамалық қолдау көрсетеді және консультациялар береді.
Анықтама үшін:
Экологиялық, әлеуметтік және басқару (ESG) стандарттары инвесторлар қоршаған ортаны қорғауға, климаттың өзгеруіне әсерін азайтуға, әлеуметтік аспектілерді жақсартуға және т.б. бағытталған инвестициялық жобаларды таңдау үшін пайдаланатын компанияның қызмет стандарттарының жиынтығын білдіреді.
«Жасыл» облигация – бұл «жасыл» жобаларды іске асыруды қаржыландыру мақсатында ақша тарту үшін тіркелген кірісі бар борыштық құрал.
Қазіргі уақытта «Жасыл» таксономияда белгіленген қызмет бағыттарына, қаржыландыруды тарту мақсаттарына сәйкес келген кезде «жасыл» облигацияларды мемлекеттік тіркеу тәртібін қарастыратын ҚНРДА түзетулері бизнес-қоғамдастықтың қарауында жатыр. Түзетулерді бекітуді ағымдағы жылдың үшінші тоқсанының соңына дейін жүзеге асыру жоспарлануда.
ҚНРДА Сыртқы коммуникациялар басқармасы: +7 727 237 1090
КАSЕ Баспасөз қызметі: +7 727 237 5342
PwC Kazakhstan Баспасөз қызметі: +7 777 041 99 33
Yuliya.i.yerlykina@pwc.com