VIII CFO IDEA EXCHANGE & NETWORKING SUMMIT 2021 ҚНРДА Төрағасы
М.Е. Әбілқасымованың баяндамасы
«Қаржы нарықтарының дамуындағы жаңа бағыттар»
2021 жылғы 19 мамыр
Мен Сіздермен «CFO IDEA EXCHANGE & NETWORKING» сегізінші саммитінде жүздескеніме қуаныштымын.
Пандемия басталғаннан кейін бір жылдан сәл астам уақыт ішінде біз алғаш рет дәстүрлі форматта жиналып, әлемдік және қазақстандық экономиканың, сондай-ақ қаржы секторының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасуға мүмкіндік алдық.
2020 жылы жаһандық және қазақстандық экономика ауқымы өткен дағдарыстармен салыстыруға келмейтін сынаққа тап болды. COVID-19-бен күрес шеңберінде локдаун режимін жаппай енгізу дамыған және дамушы елдердегі экономикалық белсенділіктің айтарлықтай төмендеуіне әкелді.
Әлемдік экономика 3,3%-ға1 қысқарды, Қазақстанда соңғы 25 жыл ішінде нақты ЖІӨ-нің ең жоғары деңгейде – 2,6%-ға (1995 жылы – 8,2%-ға) қысқаруы тіркелді. Төмендеудің негізгі теріс үлесін шектеу шараларынан ең көп зардап шеккен қызмет көрсету саласы құрады, ол 5,4%-ға төмендеді, оның ішінде сауда 7,3%-ға, көлік қызметі - 17,2%-ға, тұру және тамақтану 19,7%-ға төмендеді. Бұл ретте, құрылыс саласында 11,2%-ға, ауыл шаруашылығында 5,6%-ға және өңдеу өнеркәсібінде 3,9%-ға өсу қамтамасыз етілді.
Сұраныстың төмендеуіне және мұнай бағасының түсуіне байланысты күйзеліс елдің төлем балансына әсер етті. 2020 жылдың қорытындысы бойынша ағымдағы операциялар шотының тапшылығы 2019 жылы импортталатын тауарларға сұраныстың төмендеуіне байланысты ЖІӨ-ге қатысты -4,0%-дан төмендеп (-7,3 млрд АҚШ доллары), ЖІӨ-ге қатысты -3,7% (-6,3 млрд АҚШ доллары) деңгейінде қалыптасты.
Мемлекеттік бюджет тапшылығы 2020 жылдың қорытындысы бойынша бір жағынан салықтық кірістердің төмендеуіне, екінші жағынан дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру нәтижесінде шығыстардың өсуіне байланысты 1,3 трлн теңгеден (ЖІӨ-нің 1,8%-ы) 2019 жылы 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды (ЖІӨ-нің 4,0%-ы).
2020 жылы жылдық инфляция 2019 жылғы 5,4%-дан 7,5%-ға дейін жеделдей түсті. Осының аясында халықтың нақты ақшалай кірістерінің өсуі 2019 жылғы 6,4%-дан 2020 жылдың қорытындысы бойынша 3,3%-ға дейін баяулады.
Осы жағдайларда Агенттіктің алдында тұрған негізгі міндет экономиканың нақты секторынан елдің қаржы нарығына келетін тәуекелдер ағынын болдырмау болды.
Қаржы жүйесінің ластану қаупі экономикалық белгісіздік жағдайында кредиттік ресурстарға ұсыныстың төмендеуі және халық пен бизнес кірістерінің төмендеуі аясында кредитке қызмет көрсету қабілетінің төмендеуі арқылы жүзеге асырылады. Әлемдегі және Қазақстандағы алдыңғы дағдарыстардың тәжірибесі көрсеткендей, дағдарыс кезеңінде банктер экономикаға кредит беруді едәуір қысқартады, бұл өз кезегінде экономикалық белсенділіктің одан әрі қысылуын тудырады.
Осыған байланысты Агенттіктің, Үкіметтің және Ұлттық Банктің іс-әрекеттері экономика мен қаржы жүйесіне күйзелістердің әсерін азайту мақсатында дағдарысқа қарсы кешенді шараларды жүзеге асыруға жұмылдырылды.
Дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы пакеті елдің ЖІӨ-нің 9%-ын құрады, оның ішінде 4,3 трлн теңге республикалық бюджет пен МӘСҚ қаражаты есебінен және 2,1 трлн теңге Ұлттық Банк қаражаты есебінен бөлінді.
Кредитке сұраныстың төмендеуін болдырмау үшін Ұлттық Банк Агенттікпен бірлесіп 2020 жылғы наурыздан бастап қарыз алушы үшін 8% жеңілдікті мөлшерлемемен 800 млрд теңге көлемінде Жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске қосты.
Үкімет субсидиялауға арналған кредиттер мөлшерін 2,5-нан 7 млрд теңгеге дейін ұлғайту, салалық шектеулерді алып тастау, кредит сомасынан 85%-ға дейінгі мөлшерде «Даму» кепілдіктерін ұлғайту арқылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының талаптарын барынша кеңейтті.
Банктердің капиталы мен өтімділігіне қысымды төмендету үшін Агенттік уақытша пруденциялық реттеу нормаларын енгізді.
Капиталды босату үшін банктердің меншікті капиталын консервациялау буферіне қойылатын талаптар 2%-дан 1%-ға дейін 1 пайыздық тармаққа төмендетілді, ШОБ-тың кредиттері мен синдикатталған кредиттер бойынша тәуекелдік саралауды төмендету есебінен банктердің меншікті капиталына қойылатын талаптар жеңілдетілді.
Банктердің өтімділігіне қысымды төмендету үшін өтімділікті жабу коэффициенті (LCR) және қолжетімді тұрақты қорландыру коэффициенті (NSFR) бойынша талаптар уақытша жеңілдетілді.
Кәсіпкерлердің кредитке қолжетімділігін сақтау үшін Агенттік тұрақты кепіл есебінде танылатын кепіл түрлерін кеңейтті. Тұрақты кепілдер тізбесіне синдикатталған кредиттеу шарттары, МЖӘ жобалары және ірі және сенімді кәсіпорындармен жасалған «off take» шарттары кіреді. Мұнымен қоса, квазимемлекеттік холдингтердің («Самұрық-Қазына», «Бәйтерек») және олардың еншілес ұйымдарының кепілдіктері өтімді қамтамасыз ету деп танылды.
Бұған қосымша, банктерге ХҚЕС бойынша провизияларды қалыптастыруға қатысты жеңілдіктер берілді. Атап айтқанда, төлемдерді кейінге қалдыруға байланысты қайта құрылымдалған құнсыздану белгілерін алып тастауға мүмкіндік берілді, бұл халықаралық қаржы реттеушілері мен ХҚЕС жөніндегі комитеттің ұсынымдарына сәйкес келеді.
2020 жылдың қорытындысы бойынша Агенттік уақытша пруденциялық реттеу шараларының тиімділігіне талдау жасады. Мәселен, банк жүйесіндегі артық өтімділік пен капитал қоры шығындарды жабуға жеткілікті және банктер реттеуші жеңілдіктерден шығуға дайын.
Осыған байланысты 23 пруденциялық реттеу шарасының ішінен экономиканы кредиттеуді ынталандыратын тек 6 шараны 2021 жылдың соңына дейін сақтау туралы шешім қабылданды.
Квазимемлекеттік холдингтердің кепілдіктерін өтімді қамтамасыз ету ретінде тану ең тиімді шара болып шықты, сондықтан бұл норманы тұрақты негізде сақтап қалу туралы шешім қабылданды.
Пандемия кезінде кредиттерге қызмет көрсету қабілетін сақтау және борыш жүктемесін азайту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық ШОБ субъектілері мен халыққа берілген кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылды.
Анықтама үшін: 2020 жылғы 16 наурыз – 1 қазан аралығында 1,9 млн азамат және 12,5 мың шағын және орта бизнес субъектілері кредиттер бойынша мерзімін кейінге қалдыруды алды. Кейінге қалдырылған төлемдердің жалпы сомасы 477 млрд теңгеден асты.
ТЖ кезеңінде күнтізбелік 90 күннен астам мерзімі өткен кезде сыйақы есептеуге тыйым салу, кредиттер бойынша төлемдер мерзімі өткен бірінші күннен бастап айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуге тыйым салу енгізілді.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары төлем мерзімін кешіктірген қарыз алушылар бойынша талап-арыз жұмыстарын тоқтатты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ШОБ субъектілерін қолдау үшін 2020 жылдың қазан айынан бастап экономиканың зардап шеккен секторларында ШОБ-тың барлық кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді жылдық 6%-ға дейін субсидиялау тетігі іске асырылды. Мұндай субсидияларды 22 млрд теңге сомаға 14 мың жоба бойынша
4 055 ШОБ субъектісі алды.
Қазір Мемлекет басшысы пандемия мен карантиннің кезекті толқынын ескере отырып, дағдарысқа қарсы жекелеген шараларды ұзартуды тапсырды.
2021 жылғы 1 сәуір – 1 шілде аралығында экономиканың зардап шеккен секторларында ШОБ субъектілері үшін кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды ұсыну қайта басталды. Енді микро және шағын бизнес субъектілері үшін кейінге қалдыру автоматты түрде, орта бизнес субъектілері үшін олардың қаржылық жағдайын бағалағаннан кейін беріледі.
1 шілдеге дейін экономиканың зардап шеккен секторларында ШОБ барлық кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жылдық 6%-ға дейін ұзартылды және зардап шеккен салалардың тізімі кеңейтілді. Ол үшін бюджеттен қосымша 18,4 млрд теңге бөлінді.
Жалпы алғанда, қабылданған шаралардың нәтижесінде қаржы секторы үшін дағдарыстың салдары қаржы секторына теріс әсер еткен жоқ. Кредиттік портфель, теріс болжамдарға қарамастан, оң серпінді көрсетті. Экономикаға кредиттер 2020 жылы 14,6 трлн теңгеге дейін 5,5%-ға өсті, оның ішінде ШОБ қарыздары 4,2 трлн теңгеге дейін 7,2%-ға өсті.
Кредит берудің өсуіне ипотека айтарлықтай үлес қосты – 2020 жылы ипотекалық қарыздар 2,4 трлн теңгеге дейін 34,3%-ға ұлғайды. Жаңа қарыздар беру көлемі 968 млрд теңгені құрады, оның ішінде шамамен 54%-ы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде берілді.
Дағдарысқа қарсы шаралар бизнес пен халық үшін борыштық ауыртпалықты азайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, 2020 жылғы дағдарысқа қарамастан, кредит портфелі сапасының нашарламағанын көріп отырмыз. Жеке тұлғалар бойынша жұмыс істемейтін кредиттердің (NPL) деңгейі 1 п.т. азайды және 2021 жылдың басында - 5,4%-ды, оның ішінде тұтынушылық кредиттер бойынша – 6,5%-ды құрады. Заңды тұлғалардың кредиттері бойынша NPL негізінен ірі банктердің жұмыс істемейтін кредиттерін есептен шығару есебінен 8,6%-ға дейін 1,2 п.т. төмендеді.
Дағдарыстың экономикаға әсерінің төмендеуін ескере отырып, нарықтық қағидаттарға жол бере отырып, мемлекеттің кредиттеу бағдарламаларынан біртіндеп шығуын қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың басында Үкімет, Ұлттық Банк және Агенттік арасында қол қойылған 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат жөніндегі шараларды үйлестіру туралы келісімде Ұлттық Банктің 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан біртіндеп шығуы көзделген.
Алайда, жедел шаралармен қатар, қаржы секторының алдында тұрған өзекті сын-қатерлерді шешуге бағытталған қаржы нарығын дамыту бойынша үлкен жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Қаржы секторының дәстүрлі бизнес-моделінің трансформациясы жаңа технологияларды (Fintech) және қаржы қызметтерін көрсету тәсілдерін белсенді пайдалануға көшумен жүріп жатыр. Көптеген тұтынушылар онлайн-сервистерді қалайды. Банкингтің жаңа гибридтік модельдерінің пайда болуымен технологиялық компаниялардың қаржылық қызмет көрсету нарығына белсенді шығу байқалуда.
Сонымен бір мезгілде, қаржы жүйесінің тұрақтылығына әсер ететін қалыптасып отырған тәуекелдер жіті назар аударуды талап етеді. Бұл тұтынушылық кредиттеудің өсуі, микроқаржы секторының жылдам өсуі, есеп айырысулар мен төлемдерде цифрлық валюталардың қолданылуы.
Реттеу мен қадағалауда тәуекелге бағдарланған тәсілге назар аудара отырып, бақылау мен қадағалау тетіктері белсенді дамып келеді. Қаржы нарықтары мен қызметтердің жаһандануы орын алуда.
Көрсетілген сын-қатерлер мен трендтерді ескере отырып, қаржы нарығының алдында мынадай міндеттер тұр:
Қаржы нарығын дамытудың негізгі бағыттарына қысқаша тоқтала кетуге рұқсат етіңіздер.
Банк секторы экономиканың сапалы және теңестірілген дамуын қамтамасыз етуде басты рөл атқарады.
2015 жылғы - 2021 жылғы 1-тоқсан соңы аралығындағы кезең үшін банк секторының активтері дерлік 2 есе өсті. Банктердің депозиттік базасы құрылымында оң өзгерістер болды, халықтың бөлшек депозиттерінің үлесі 28%-дан 41%-ға дейін өсті. Халықтың кірісінің өсуі бөлшек кредиттеу үлесінің 26%-дан 46%-ға дейін, оның ішінде ипотекалық кредиттеу үлесінің банктердің несие портфелінің 6,6%-дан 15%-ға дейін ұлғаюына себепші болды.
Алайда соңғы жылдары банк секторының экономиканы кредиттеудегі рөлі банк секторын тазалауға және өткен жылдарда жинақталған жұмыс істемейтін кредиттерді есептен шығаруға байланысты ЖІӨ-ге қатысты төмендеді. Мәселен, жасырын жұмыс істемейтін кредиттердің үлесі қарыз алушылардың қаржылық жай-күйінің нашарлауына байланысты қайта құрылымдалған кредиттерді ескере отырып, банктердің меншік капиталынан асып кетті.
Нақты іс жүзінде банктердің меншік капиталының жеткіліктілігі 2018 жылға дейін теріс аймақта болды. Банк секторын қалыпқа келтіру бойынша қабылданған шаралар, оның ішінде, банктердің акционерлерінің қаражатын пайдалана отырып, ірі және жүйе құрайтын банктерді қолдау жұмыс істемейтін кредиттердің төмендеуіне және банктердің нақты қаржылық жай-күйінің жақсаруына алып келді. Банктерді қалыпқа келтіру бойынша шаралар шеңберінде 2016 - 2020 жылдар аралығында 6 трлн теңгеген астам сомаға жұмыс істемейтін кредиттер есептен шығарылды және төлемге қабілетсіз 7 банктің лицензиялары қайтарып алынды.
Банк секторының негізгі проблемалары бүгінде шешілген. Банк секторындағы проблемалық кредиттердің қайта жинақталуын болдырмау үшін банктерді қадағалау жөніндегі реттеушінің тәсілдерінің тұжырымдамалық тұрғыдан өзгеруіне және банк секторы активтерінің сапасына бағалау жүргізілуге байланысты жүйелік жұмыс жүргізілді.
2019 жылдан бастап қалыпты талаптардан кетуді және банктердің ішкі саясатының және процестерінің сапасына басымдық беруді көздейтін қадағалауға бағдарланған тәуекел (SREP жүйесі) енгізілді, сондай-ақ провизияларды, қарыз алушылардың байланыстылығын, тәуекелдерді басқару жүйелерін және акционерлер мен менеджменттің іскерлік беделін бағалау кезінде реттеушінің уәжді пайымдауын пайдалану көзделді.
Реттеуші үшін инвесторлар, халықаралық қаржы институттары және рейтинг агенттіктері үшін банк секторының ашықтығын және айқындылығын қамтамасыз ету маңызды.
Осы мақсаттарда 2019-2020 жылдары Ұлттық Банк совместно с Агенттікпен бірлесіп банк секторы активтерінің сапасына (AQR) тәуелсіз бағалау жүргізді.
AQR нәтижелері анықталған тәуекелдерді жүйелік деңгейде, сол сияқты жеке банктер деңгейінде жабу үшін банктердің капиталының жеткілікті деңгейін көрсетті. Бұл ретте AQR нәтижелері бойынша анықталған зиян нарықтық талаптармен банктердің акционерлерінің қаражаты есебінен, оның ішінде кепілдіктер құралын пайдалану есебінен өтелді.
Анықталған зиянды өтеуден басқа, AQR негізгі мақсаты оларды кейіннен ең үздік халықаралық практикаға сәйкес келтіру үшін бизнес-модельдерде, корпоративтік басқару жүйесінде және банктердің бизнес-процестерінде кемшіліктерді анықтау болып табылады.
Сол себепті халықаралық стандарттарға сәйкес банктердің барлық негізгі бизнес процестерін трансформациялау AQR жүргізген сапалы нәтиже болды. Осы мақсаттар үшін Агенттік банктермен бірлесіп 3 жыл іске асыру мерзімімен түзету іс-шараларының қадағалау жоспарларын әзірледі. Көрсетілген қадағалау жоспарлары шеңберінде банктік бизнес-процестерді жақсарту бойынша жұмыс басталып та кетті.
2020 жылы банктер қарыз алушылардың ішкі андеррайтинг әдістерін, кепілмен қамтамасыз етуді бағалауды және провизияларды барабар есептеулерін жаңартты.
Ағымдағы жылы негізгі басымдық кредиттер берудің жаңартылған процестерін практикалық тұрғыдан енгізуге, кепіл құнын дұрыс бағалауға және қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін талдауға берілетін болады.
Келесі жылы қабылданған түзету шараларын ескере отырып, банктердің бизнес-жоспарлау, бюджеттеу бойынша процестерін, даму және баға белгілеу стратегияларын қайта қарау күтіледі.
AQR нәтижелеріне толықтыру ретінде Агенттік 2020 жылы қадағалап стресс-тестілеу және банктердің бизнес-модельдерінің тұрақтылығына бағалау жүргізді, олар капитал жеткіліктілігін және банктердің бизнес-модельдерінің экономиканы дамытудың стрестік сценарийлеріне тұрақтылығын бағалайды.
Қадағалап стресс-тестілеудің қорытындылары бойынша тәуекелі жоғары банктермен банктердің бизнес-моделін қайта құруды көздейтін Қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету стратегиялары келісілді. Сонымен қатар, стресстік сценарийлер туындаған жағдайда, банктерді акционерлер тарапынан қосымша капиталдандыру, шығындарды оңтайландыру және кредит портфелінің бір бөлігін сату көзделген.
AQR қорытындылары бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде 2019 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде банк секторының кредит портфелінің сапасы жақсарды. Мәселен, соңғы екі жылда жұмыс істемейтін кредиттердің деңгейі (NPL 90+) 7,4%-дан 6,9%-ға дейін төмендеді.
3-сатыдағы қарыздар, яғни құнсыздану белгілері бар AQR нәтижелері бойынша 21%-ды құрады, ал 2020 жылдың қорытындысы бойынша мұндай қарыздардың деңгейі 14%-ға дейін төмендеді.
Тағы бір маңызды көрсеткіш банк секторындағы қайта құрылымдау көлемі болып табылады. 2020 жылы халыққа және бизнеске мерзімін кейінге қалдыруды ұсыну аясында қайта құрылымдалған қарыздар көлемі банктер кредиттерінің корпоративтік портфелінен 20%-ды құрады. Қайта құрылымдаудың негізгі шыңы 2020 жылы өтті және биыл біз кредиттерді қайта құрылымдау көлемінің айтарлықтай өсуін күтпейміз. Бұл ретте, егер көрсетілген кредиттердің бір бөлігі 3-сатыға ауысса және провизияларды қосымша қалыптастыруды талап етсе, банктер капиталының ағымдағы қоры қосымша провизиялардың әлеуетті көлемінен 2,5 есе асып түседі.
Банк секторы дамуының оң серпініне қарамастан, Агенттік SREP-ке активтер сапасын бағалау (AQR) және қадағалау стресс-тестілеу (ҚСТ) элементтерін интеграциялау бойынша жұмысты жалғастыруда. Жаңа элементтерді енгізу ірі қарыздар мен кепілдерді жеке негізде бағалау есебінен SREP-ті қадағалау бағасын сапалы тұрғыдан жақсартады.
Активтердің сапасын тұрақты бағалауды Агенттік жылына бір рет қашықтан форматында жүргізетін болады. Толық ауқымды AQR экономиканың даму циклдерінің аяқталуына қарай 5 жылда бір рет өткізілетін болады.
Реттеуші AQR-ді іске асыру банктердің, Агенттіктің және басқа да мемлекеттік дерекқорлардың ақпараттық жүйелерін автоматтандыру есебінен банктерге түсетін жүктемені азайтуды көздейді.
Қадағалау стресс-тестілеу реттеуші AQR-ге қосымша ретінде экономиканың стрестік даму жағдайларында банктер капиталының жеткіліктілігін бағалауға мүмкіндік береді.
ЕОБ, Англия Банкінің тәжірибесі басшылыққа алынып, қадағалау стресс-тестілеудің толыққанды модельдері құрылады, Bottom-up әдісімен стресс-тестілеу жүргізу үшін қажетті бизнес-процестер және банктермен өзара іс-қимыл жасалатын болады. Бұл жұмысқа ХВҚ мен Oliver Wyman консультанттары тартылды, басқа елдердің реттеушілерімен (ЕОБ, Англия Банкі) ынтымақтастық жолға қойылды.
Қадағалау стресс-тестілеудің әдіснамасын әзірлеу нәтижелері бойынша банк командаларын оқыту жүргізу арқылы біліктілік жетілдірілетін болады.
Жүйелі тәуекелдерді төмендетудің тағы бір маңызды процесі - стресстік активтер мәселесін шешу.
Проблемалы кредиттердің айтарлықтай үлесі банктердің капиталына жүктеме түсіріп, экономиканы кредиттеуді шектейді. Банктер өз активтерін проблемалы деп тануға және оларды дисконтпен сатуға тырыспайды. Нәтижесінде проблемалы активтер соңғы 10 жыл ішінде банктер мен олардың еншілес ұйымдарының (САБҰ) балансында қалып отыр.
Өткен жылы Агенттік банктердің стрестік активтері деңгейін одан әрі қысқарту үшін реттеуші шаралар қабылдады. Осылайша, банктермен жұмыс істемейтін кредиттерді 2025 жылға дейін 2,7 трлн теңгеден 0,9 трлн теңгеге дейін қысқарту бойынша жеке жоспарлар келісілді.
Стрестік активтердің банктер мен САБҰ-ның балансында болу мерзімі 5 жылға дейін шектелген. Бұл стрестік активтерді есептен шығаруды біршама жылдамдатуға және кепілге салынған мүлікті әділ құны бойынша сатуға мүмкіндік береді.
Бұған қосымша стрестік активтер нарығының тартымдылығын арттыру мақсатында салық заңнамасына түзетулер қабылданды, түзетулер, өзгелермен қатар, заңды тұлғаларды банк оның берешегін есептен шығарған кезде салық төлеуден босатуды көздейді.
Стрестік активтерді экономикалық айналымға тарту үшін стрестік активтердің өтімді нарығын дамыту бойынша жүйелі шаралар қажет. Бұл мақсаттар үшін мемлекеттің қаражаты есебінен банктерден проблемалы активтерді сатып алатын ПКҚ-дан өзге жеке инвесторларды тарту қажет.
Халықаралық тәжірибенің талдауы көрсеткендей, стрестік активтер нарығының толыққанды жұмыс істеуі үшін реттеуші базамен, салықтық және құқықтық жағдайлармен, сондай-ақ салдарынан сұраныс пен ұсыныс бағасының арасында айтарлықтай алшақтық қалыптасатын ақпараттың сапасымен байланысты бірқатар кедергілерді жою қажет.
Агенттік тарапынан бүгінгі күнге қабылданған реттеушілік шараларға қосымша сатушылар мен сатып алушылардың кең аясының жұмыс істемейтін активтер нарығына кедергісіз қол жеткізуі үшін жағдайлар жасау қажет. Қазіргі уақытта қазақстандық банктерге рұқсат етілген сатып алушылар тізіміне енгізілмеген кез келген заңды тұлғаларға NPL беруге тыйым салынған. Сол себепті, аталған тізім жаңа қатысушыларға қолданыстағы салық жеңілдіктері қолданылып, кеңейтілетін болады.
Стрестік активтермен жасалған мәмілелер жөнінде, оның ішінде жылжымайтын мүлікпен жасалған мәмілелер бойынша ақпараттың сенімділігі мен ашықтығын арттыру бойынша шаралар қабылданады, өйткені ақпараттағы қайшылықтар инвесторларға активтердің құнын бағалауға мүмкіндік бермейді.
Ағымдағы жылдың соңына дейін Агенттік стрестік активтер нарығы бойынша заңнамалық түзетулер блогін әзірлейді, ол салықтық, реттеушілік және заңнамалық режимдер саласындағы бастамалардың кең ауқымын қамтитын болады.
Банктік кредиттеуді сапалы жандандыру бизнес пен халықтың кредиттік тәуекелдерін төмендетпей мүмкін емес. Осы орайда, синдикатталған кредиттеуді енгізу, мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларын дамыту, оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру, оның ішінде банкроттық мерзімдерін қысқарту және жеке тұлғалардың банкроттық институтын енгізу бөлігінде жетілдіру мәселелерін қарастыру қажет.
Қаржы ұйымдарының тарапынан әлеуетті қарыз алушылардың кредит қабілеттілігін толыққанды бағалау қажет. Бұл мақсаттар үшін кредиттік тарих дерекқорын түрлі ақпарат көздерімен, оның ішінде мемлекеттік деректер тізілімдерімен біріктіруді қамтамасыз ету қажет.
2020 жылы қор нарығының көрсеткіштері оң серпінді көрсетті.
2020 жылы акциялар нарығын капиталдандыру 2020 жылы 11%-ға өсіп, 19,1 трлн теңгені немесе ІЖӨ-нің 28%-ын құрады. Корпоративтік облигациялар көлемі 2020 жылы 21,5%-ға өсіп, 14,7 трлн теңгені немесе ІЖӨ-нің 21%-ын құрады.
Орналастырудың негізгі көлемін 2020 жылы квазимемлекеттік сектор 2 трлн теңге мөлшерінде қамтамасыз етті. Жеке орналастыру көлемі 200 млрд теңгені құрады.
Агенттіктің өткен жылғы басты басымдығы бөлшек және институционалдық инвесторлар сегментін күшейту болды.
Брокерлердің мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, биометриялық сәйкестендіру арқылы брокерлік шарттарды қашықтан жасау мүмкіндігі, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктерге брокерлік қызметтердің толық спектрін көрсету мүмкіндігі іске асырылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылы бөлшек инвесторлардың саны 15 мыңға, ал 2021 жылғы 4 айда 30 мың инвесторға ұлғайды (Halyk Finance – 18,5 мың шот, Freedom Finance - 5,7 мың шот, Jysan Invest - 4,9 мың шот ашылды). Инвесторлардың жалпы саны 166 мың 300 адамды құрады.
Экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері жөніндегі заң шеңберінде азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы компаниялардың басқаруына беру мүмкіндігі іске асырылды. Ағымдағы сәтте зейнетақы активтерін басқаруды 4 инвестициялық портфельді басқарушылар жүзеге асыруда: Halyk Global Markets, Jysan Invest, BCC Invest, Сентрас Секьюритиз. Жыл басынан бері жеке басқаруға 3,2 млрд теңге зейнетақы жинақтары аударылды.
Сонымен қатар, зейнетақы активтерін жеке басқару опциясы тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделу үшін жинақтарды алып қоюға байланысты бүгінде сұранысқа ие емес. Бұл мақсатқа жыл басынан бері 1,3 трлн теңге тәркіленді. теңге.
Зейнетақы активтерін жеке басқарудың тартымдылығын арттыру мақсатында Агенттік Үкіметпен, БЖЗҚ және ҚҚҚ бірлесіп салымшыларға зейнетке шыққанға дейін жеке басқаруда зейнетақы жинақтары бойынша инвестициялық табысты тұрақты алуға мүмкіндік беру, сондай-ақ зейнетақы жасына жеткен және зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан кезде зейнетақы жинақтарының қалдығын алып қою мәселелерін пысықтауда.
2021 жылы ұжымдық инвестициялар сегментінде өсімнің жалғасын күтеміз. Өткен жылы инвестициялық пай қорларының активтері 2 есе 234 млрд теңгеге дейін, ал ағымдағы жылғы 4 айында тағы да 37%-ға өсті. Өсу инвестициялау үшін объектілердің кеңеюіне және инвесторлардың тұрақты дивидендтер алу мүмкіндігіне негізделген.
2020 жылы қор нарығының инфрақұрылымын дамытуға және шетелдік инвесторларды тартуға айтарлықтай қадам жасалды.
Атап айтқанда, 2020 жылғы тамызда KASE-де қор, валюта, ақша және жедел нарықта орталық контрагентті енгізу аяқталды. Бұл қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысудың аяқталғандығына кепілдікті қамтамасыз етті.
Бұдан басқа, 2020 жылы Clearstream халықаралық депозитарийін Орталық депозитарийге қосу арқылы шетелдік инвесторлардың қазақстандық МБҚ-ға тікелей қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, халықаралық инвесторлардың МБҚ-дағы инвестицияларының өсуі бір жыл бұрынғы 1 млрд теңгемен салыстырғанда 169 млрд теңгеге жетті.
Жаһандық инвестициялық қорлардың инвестициялар ағынын белсендіру үшін Агенттік Қазақстанның MSCI және FTSE&Russel халықаралық қор индекстеріндегі позицияларын «Emerging Markets» санатына дейін ілгерілету бойынша жұмыс жүргізуде. Бүгінде қазақстандық капитал нарығы халықаралық қор индекстерінде «Шекара нарықтары немесе Frontier markets» санатында тұр. Біздің міндетіміз – «Дамушы нарықтар немесе Emerging Markets» санатына өту.
2020 жылы MSCI және FTSE рейтингтік қызметтерімен жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстанның қор нарығының сапалық өлшемдеріне оң баға берілді.
Ағымдағы жылғы наурызда FTSE Қазақстанның Emerging Markets санатының барлық сапалық өлшемшарттарына сәйкестігін қайта растады, сондай-ақ «Миноритарлық акционерлерге әділ және бейтарап көзқарас» өлшемшарттары бойынша бағалауды арттырды.
Инвесторлық базаның өсуі сапалы эмитенттердің бағалы қағаздарына сұранысты ынталандырады.
Қор нарығына бөлшек инвесторларды тартуға Мемлекет басшысының «Халықтық IPO» бағдарламасын қалпына келтіру және ұлттық компаниялардың акцияларын, бірінші кезекте жеке тұлғаларға – Қазақстан азаматтарына өткізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру ықпал ететін болады.
Қор нарығына шығу компаниялардан корпоративтік басқару мен ашылатын есептілік деңгейін арттыруды талап етеді. Осы мақсатта Агенттік «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) Корпоративтік басқару қағидаттарына сәйкес келетін Ұлттық Корпоративтік басқару кодексін қабылдап, енгізетін болады. Бұл кодекс барлық листингтік компаниялар үшін міндетті болады.
Орташа капиталдандыру компанияларындағы корпоративтік басқару деңгейін арттыру шағын және орта бизнес субъектілерінің қор нарығына шығуы бойынша «100 ШОБ» нысаналы бағдарламасын іске қосуға ықпал ететін болады. 2018 жылдан бастап KASE-те ШОБ субъектілері үшін арнайы алаң - KASE Private Market іске қосылды. Оны жандандыру үшін Агенттік KASE-пен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қор нарығына шағын және орта капиталдандыру компанияларын тарту үшін ынталандыру шаралары пакетін әзірлейтін болады.
Сонымен қатар, инвесторлар клирингтік қатысу сертификаттары, инвестициялық немесе құрылымдық облигациялар, сондай-ақ жасыл облигациялар сияқты бағалы қағаздардың түрлерін талап етеді деп күтеміз. Агенттік тиісті нормативтік құқықтық базаны құру бойынша шаралар қабылдауда.
Инвесторлық база өсімінің елеулі қарқыны инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтуді қажет етеді.
Біліктілігі жоқ инвесторларды әлеуетті тәуекелдерден қорғау мақсатында реттеу өлшемдеріне FOREX нарығында қызмет көрсететін делдалдар енгізіледі, инвестициялық ұсынымдар беру үшін жауапкершілік енгізіледі. Атап айтқанда, жеке инвесторларға қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша инвестициялық ұсынымдар беру жөнінде қызметтер көрсетуге Агенттіктің лицензиаттары – брокерлер мен инвестициялық портфельді басқарушылар ғана құқылы болады. Клиентте инвестициялық кеңесшінің кінәсінен шығындар болған жағдайда, соңғысы залалды азаматтық тәртіпте өтеуі керек.
Теріс пиғылды мінез-құлықтың және нарықтық теріс пайдаланушылықтың жолын кесу мақсатында күдікті мәмілелерге ғана емес, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің, сондай-ақ өзге де тұлғалардың қаржы құралына бағаға, сұранысқа немесе ұсынысқа қатысты жалған сигналдар жасауға бағытталған іс-қимылдарына талдау жүргізілетін болады.
Агенттіктің іске асырылған бастамалары қор нарығын одан әрі дамытуға және экономиканы қаржыландырудың баламалы көзі ретінде оның әлеуетін арттыруға бағытталған.
2020 жылы сақтандыру секторы халықтың және бизнестің іскерлік белсенділігінің төмендеуіне, соның салдарынан сақтандыру қызметтеріне сұраныстың төмендеуіне байланысты көптеген сын-қатерлерге тап болды. Осыған қарамастан, сақтандыру сыйлықақылары көлемінің өсуі алдыңғы жылмен салыстырғанда 2020 жылы 10%-ды құрады. Сақтандыру секторының активтері 2020 жылы 1,5 трлн теңгеге жетіп, 23%-ға ұлғайды. Елдің ЖІӨ-не сақтандыру ұйымдары активтерінің үлесі 1,7%- дан 2,1%-ға дейін өсті%.
Агенттіктің осы кезеңдегі басым міндеттері сақтандыру нарығына қатысушылардың қаржылық орнықтылығын сақтау және халық пен бизнес үшін сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру болды.
Төтенше жағдай және карантиндік шектеулер кезеңінде онлайн сақтандыру өзінің өзектілігі мен уақтылы екендігін көрсетті. Бірыңғай сақтандыру дерекқорын мемлекеттік дерекқорымен ықпалдастыру сақтандыру шарттарын жасау барысын жеңілдетуге және оны қашықтан басқару форматына көшіруге мүмкіндік берді. Қазір автосақтандыру шарттарының 90%-ы сақтандырушылар кеңсесіне бармай-ақ онлайн жасалады.
Жалпы сақтандыру саласы бойынша тұрақты жоғары өсу қарқыны, жылына 20%-дан астамы нарықта дәстүрлі түрде елеулі үлес алатын ерікті мүліктік сақтандыруды көрсетеді.
Өмірді сақтандыру саласы өмірді мерзімді сақтандыру, сондай-ақ жаңа ерікті жинақтаушы өнімдерді енгізу есебінен оң серпінді көрсетіп отыр.
Осылайша, 2020 жылы өмірді сақтандырудың Unit-linked инвестициялық өнімі бойынша инвестициялаудың жеке стратегияларын енгізу үшін жағдай жасалған. Бұл азаматтар үшін банктік депозитке балама болып табылатын жаңа өнімді жасауға мүмкіндік берді. Перспективада Unit-linked сияқты өнімдердің дамуы Қазақстанның қор нарығында институционалдық инвесторлар ретінде өмірді сақтандыру компанияларының рөлін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Өткен жылдың соңында әлеуметтік бағдарланған сақтандыру өнімдерін дамытуға бағытталған реформалар іске асырылды.
Ағымдағы жылдың басынан бері зейнетақы аннуитетінің құны 40%-ға төмендеді және 45 жаста шарт жасасу мүмкіндігімен кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті енгізілді (ерлер үшін аннуитеттің құны 11 млн теңгеден 7 млн теңгеге дейін, әйелдер үшін 16 млн теңгеден 9 млн теңгеге дейін төмендеді). Кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті болашақ зейнеткерлерге ұзақ мерзімді зейнетақы жоспарлауға қатысуға мүмкіндік береді, олардың қаржылық сауаттылығын және зейнетақы жинақталуының соңғы нәтижесіне қызығушылығын арттырады.
Жинақтаушы сақтандыруды ынталандыру үшін ЖТС бойынша салықтық жеңілдіктер енгізілді.
Өткен жылы Агенттік нарықпен бірлесіп сақтандыру нарығын дамыту бойынша маңызды новеллаларды қарастыратын заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізді. Заң жобасы сәуір айында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне шығарылды. Заң жобасының негізгі новеллалары бірлескен (ерлі-зайыптылық) зейнетақы аннуитеті және білім беру жинақтау өнімдері сияқты жаңа сақтандыру өнімдерін енгізуді көздейді.
Өмірді сақтандыру компаниялары балалардың жоғарғы оқу орындарында білім алуына арналған жинақтаушы сақтандыру өнімдерін субсидиялауға мүмкіндік беретін мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне (МЖБЖ) тартылатын болады.
Жалпы сақтандыру саласын дамыту шараларының арасында кәсіпкерлік субъектілерінің үшінші тұлғалардың алдында кәсіби жауапкершілікті жүктелген сақтандыруды дамыту үшін жағдайлар жасауды бөліп көрсетуге болады. Егер қазір заңнамада кәсіби жауапкершілікті сақтандырудың 8 түрі көзделсе, бұл заң жобасы кәсіпкерлердің халыққа қызмет көрсету кезінде туындайтын кәсіби тәуекелдер спектрін кеңейту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сақтандырушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдікке жататын сақтандыру сыныптарының тізбесін кеңейту, сондай-ақ Сақтандыру омбудсманының сақтандыру ұйымымен клиенттердің келіспеушіліктерін міндетті сотқа дейінгі реттеуін енгізу жоспарлануда.
Бұдан басқа, сақтандыру қызметтерін одан әрі цифрландыру жүргізілетін болады. Заң жобасын қабылдануымен сақтандыру жағдайларын реттеудің онлайн режимге толық көшуі қамтамасыз етіледі.
Осы шаралардың барлығы орта мерзімді перспективада халық үшін жинақтауды ынталандыру жолымен Қазақстанда жинақтаушы сақтандырудың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ Қазақстанда сақтандыру қызметтерінің дамуына және сақтандыру секторының әлеуетін іске асыруға жаңа серпін береді.
Соңғы жылдары микроқаржыландыру секторында маңызды реформалар жүзеге асырылды.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізілді, біліктілік талаптары сондай-ақ пруденциялық нормативтер арттырылды.
Егер бұрын банктік емес кредиттеу секторы бытыраңқы және ашық болмаса, қарыз алушылар құқықтарының бұзылуы, қарыздар бойынша сыйақының негізсіз жоғары мөлшерлемелері байқалса, қазір барлық ұйымдар қызметін бірыңғай қағидаттар бойынша жүзеге асырады.
Жосықсыз ұйымдардың қызметіне жол бермеу, нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұтынушыларды қорғау үшін микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың ірі қатысушыларына және басшы қызметкерлеріне жоғары талаптар енгізілді, оның ішінде мінсіз іскерлік беделі, өтелмеген соттылығының, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының болмауы.
Барлық субъектілер сыйақы мөлшерлемелері бойынша шектеулерді, қарыз алушылардың борыштық жүктемесінің коэффициенттерін, қарыз шарттарының мазмұнына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті.
Сонымен бірге, АЖ/ТҚҚ рәсімдерін сақтау, қаржылық және реттеушілік есептілікті қалыптастыру, берілген қарыздар туралы ақпаратты кредиттік бюроларға ұсыну міндеті белгіленген.
Бүгінгі күні нарықта 998 ұйым жұмыс істейді, ал микрокредиттердің жиынтық портфелі 1 трлн теңгеден асады. 2020 жылы ломбардтарды, кредиттік серіктестіктерді және басқа да кредиттеу субъектілерін қоса алғанда, нарықтан 3,5 мыңнан астам субъект кетті.
Қазіргі кезде сектордың экономикадағы және халықтың ауқымды топтарының, сондай-ақ микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің микрокредиттегі қажеттіліктерін қанағаттандыруда рөлі маңызды.
Халықаралық практикада микробизнесті дамыту және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлер мен азаматтардың қаржылық ресурстарға қолжетімділігін жеңілдету мен кеңейту есебінен кедейшілікпен күрес микроқаржыландырудың негізгі бағыты болап табылады.
Нарықты одан әрі дамыту үшін «БЖК-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ШОБ микрокредиттерін портфельдік субсидиялау көзделген. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының өңірлерінде микроқаржылық ұйымдарды дамыту тұжырымдамасы әзірленді, онда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша өңірлік МҚҰ құру көзделеді.
Орта мерзімді перспективада микроқаржыландыру нарығын дамыту үшін МҚҰ қорландыру көздерін кеңейту, жаңа технологиялық шешімдерді қолдану есебінен халықтың микроқаржылық қызметтерге қолжетімділігін арттыру жөніндегі шаралар қабылданатын болады, сондай-ақ ірі МҚҰ-ны банктерге өзгерту мүмкіндігі пысықталады.
БЕСІНШІ. Қарыз алушылардың құқығын қорғау және тұтынушылық кредит берудегі тәуекелдерді барынша азайту
2017-2019 жылдар кезеңінде тұтынушылық кредит беру секторы ең қарқынды өсіп келе жатқан нарық сегменті болды.
Өсіп отырған сұраныс аясында тұтынушылық кредит беру анағұрлым жоғарғы маржиналдылыққа ие болу себебінен банктер мен қаржы ұйымы үшін тартымды бола түсті.
Берілген сегменттегі жылдам өсім халықтың шамадан тыс көп кредит алуына және болашақта банктік сектордың жүйелі тәуекелдеріне әкеліп соқтыруға ықпал ете алатындығы анық болды.
Осы орайда, Агенттік жаңа кредиттерді беру қарқынын тежеп отыру, кредиттік ұйымдардың жауапкершілігін арттыру және қарыз алушылардың борыштық жүктемесін шектеу үшін шаралар кешенін қабылдады.
Атап айтқанда, тұтынушылық кредиттер бойынша мерзімді 90 күнге кешіктіргеннен кейін тұрақсыздық айыбы мен комиссияны есептеуге тыйым салынды, табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынды, сондай-ақ қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициентінің есебі жетілдірілді. Ендігәрі кредит бойынша барлық төлемдер қарыз алушының табысының 50% аса алмайды.
Банктерді пруденциялық талаптар деңгейінде тұтынушылық кредиттер беруге ынталандырмау мақсатында кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша кредиттік тәуекел дәрежесі бойынша өлшеу коэффициенттері екі есе ұлғайтылды.
Қабылданған шаралар, сондай-ақ өткен жылдың наурыз айында басталған коронавирус пандемиясы банктердің жаңа кредиттер беру көлемін елеулі түрде қысқартуына алып келді.
Тұтынушылық кредит беру қарқынының бәсеңдеуіне халықтың карантин кезінде сатып алғысы келетін заттар тізімінің өзгеруі де ықпал етті. Халықтың басым бөлігі саналы түрде тұтынуға және жинақтардың болу қажеттілігін түсінуге өтуде.
Сондай-ақ пандемия азаматтарға қаржылық қызметтерге деген толық қолжетімділікті ұсыну қажеттілігін көрсетті.
Осыған дейін азаматтардың жекелеген санаттары кредиттер бойынша борыштарды толығымен өтегенге қарамастан, жағымсыз кредит тарихына ие болғандықтан қаржылық қызметтерге қолжетімділік тұрғысынан қиындықтарға тап болатын.
Осындай азаматтарды қолдау мақсатында ағымдағы жылғы сәуір айынан бастап Агенттік кредиттік бюро жүйесінде қарыз алушы кредиттері бойынша «оңтайландырылған» мәртебесін тағайындауды көздейтін жаңа тетік енгізді.
Қазіргі таңда осыған дейін қарыздар бойынша мерзімі кешіктірілген 1,4 млн. астам азаматтар кредиттер бойынша «оңтайландырылған» мәртебесіне ие болды.
Тұтынушылық кредит беру тәуекелдерін ары қарай тежеу мақсатында Агенттік нарық қатысушыларымен бірлесіп банктік қарыздар және микрокредиттер бойынша шекті сыйақы мөлшерлемелерін саралау және төмендету бойынша жұмыстар жүргізді.
Талдау нәтижелері бойынша кепілсіз банктік қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшері 56% деңгейінде сақталды, кепілді банктік қарыздар бойынша ЖТСМ шекті мөлшерлері 40% дейін, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 25% дейін төмендетілді. Сонымен бірге, мүлік кепілімен қамсыздандырылған микрокредиттер бойынша шекті сыйақы мөлшерлемесі 30%-дан 20%-ға төмендетілді.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша заң қабылданды.
Қарыздарды өтеуде қиындықтарға тап болып жатқан қарыз алушыларды қолдау мақсатында проблемалық берешекті сотқа дейінгі реттеу міндетті процедурасы енгізіледі. Сонымен бірге, борышкерлерді қайта құру және оңтайландыру, кепілді өткізген жағдайда ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша өтелмеген берешекті кешіру талаптарының тізбесі кеңейтілуде.
Коллекторлық қызметке айрықша блок арналған. Коллектордың борышкермен өзара әрекеттесу тәртібі күшейтілді, Агенттіктің коллекторлық қызметті бақылау бойынша өкілеттіктері кеңейтілді.
Заңнаманың барлық талаптарын орындау мақсатында жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшеріне талаптар енгізілуде.
Пандемия жағдайында тұтынушылық несие беру нарығының негізгі өсу нүктелерінің бірі – онлайн-сату арналары. Осыған байланысты, Агенттіктің бұдан кейінгі күш-жігері қаржылық қызметтер көрсетудің және клиенттерді сәйкестендірудің, оның ішінде биометриялық өлшемдерді пайдалана отырып сәйкестендірудің қашықтан тетіктерді басым дамытуға бағытталады.
Басқа тұлғаларға онлайн-кредиттерді алаяқтық рәсімдеумен байланысты көптеген бұзушылықтарды ескере отырып, ағымдағы жылдың сәуір айында Агенттік Басқармасының қаулысы қабылданды, онда микрокредиттер беру кезінде клиенттерді қашықтан сәйкестендіруді жүргізу кезінде міндетті қауіпсіздік рәсімдері белгіленген. 2 факторлық аутентификация көзделген.
Биометриялық сәйкестендіруді жүргізу үшін МҚҰ ҚБЕО-ның сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының қызметтерін пайдалануға құқылы.
Мемлекеттердің жаһандануы мен интеграциясы, қаржылық қызметтердің қаржылық емес қызметтермен араласуы қаржылық өнімдерге қол жетімділікті кеңейте отырып, ұлттық шекараларды жояды.
Сенімді жоғары капиталдандырылған шетелдік ойыншылардың келуі бәсекелестіктің өсуіне, жаңа технологиялар трансферіне ықпал ететін болады және қаржылық көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға түрткі болады. 2020 жылғы 16 желтоқсаннан бастап ДСҰ шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік банктердің, сақтандыру ұйымдарының және сақтандыру брокерлерінің филиалдарын ашу мүмкіндігі құрылды. Шетелдік қаржы ұйымдары филиалдарын реттеу ұлттық қаржы ұйымдарының қызметін реттеуге барынша ұқсас қағидаттарда құрылған, бұл қаржы нарығында қызметті және бәсекелестікті жүзеге асырудың тең жағдайларын қамтамасыз етеді.
Бәсекеге қабілетті қаржы секторын қалыптастыру үшін банктерді инвестициялық банкингті қоса алғанда, қаржылық қызметтердің кең спектрін ұсынатын мультифункционалды қаржы институттарына айналдыру үшін жағдайлар жасалатын болады.
Өз тарапынан Агенттік Герфиндаль-Хиршман нарықтық шоғырлану индексі бойынша бәсекелестік деңгейін тұрақты бағалауды жүргізетін болады. Бүгінгі күні осы индекс (HH) 1414-ті құрайды, осыған байланысты қаржы нарығы олигополистік (орташа шоғырлану, HH<2000) ретінде сипатталады, 3 банкте нарық активтерінің шамамен 51% болуына байланысты, ал активтердің 49%-ы қалған қаржы институттарына тиесілі.
Тұрақты бағалау қорытындысы бойынша Агенттік бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі жаңа Агенттікпен бірлесіп, қаржы нарығының мониторингі және жосықсыз қылыққа жол бермеу бойынша алдын алу шараларын қабылдайтын болады.
Цифрлық технологиялардың дамуы бүкіл әлем бойынша дәстүрлі бизнес-модельдерді елеулі жетілдіру үшін негіз жасайды. Бұл әсіресе коронавирустық пандемия және қашықтан жұмыс режиміне көшу кезінде маңызды болды. Цифрлық технологиялар қаржы нарығының көптеген қатысушыларына өзара іс-қимылдың қашықтық арналарына өтіп, бизнесті сақтап қана қоймай, сонымен қатар бизнестің динамикасын өзгертті, соңғы салалық және технологиялық трендтерге бейімделген жаңа қаржы өнімдері мен қызметтерінің дамуын ынталандырды.
Аталған трендтерді ескере отырып, Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп, 2020-2025 жылдарға арналған қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамыту жөніндегі тұжырымдаманы бекітті. Тұжырымдама реттеушінің қаржы нарығына қатысушылармен, қаржы қызметтерін тұтынушылармен өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға, коммуникациялардың цифрлық арналарын кеңейтуге бағытталған стратегиялық бастамаларды қамтиды.
Қаржы нарығын цифрлық трансформациялау бағыттарының бірі реттеуші тарапынан деректерді жинау және талдау, Suptech тәуекелдерін анықтау және бағалау үшін инновациялық технологияларды енгізу болып табылады. Өз кезегінде жүктемені төмендету, реттеушілік талаптарды орындау тиімділігін арттыру және қаржы ұйымдары тарапынан тәуекелдерді басқару үшін RegTech технологияларына негізделген өзара іс-қимыл жүйесі құрылатын болады. Көрсетілген бастамаларды іске асыру нәтижесі қадағалау сапасын арттыру, реттеушілік және қаржылық есептілікті қалыптастыруға арналған операциялық шығындарды қысқарту, деректерді басқару процестерін оңтайландыру болады.
Салауатты бәсекелестікті дамыту, цифрлық қаржылық қызметтер тізбесін кеңейту, іргелес сегменттердегі ойыншылардың нарығына шығу мақсатында Open API және Open Banking ашық платформалары технологияларын дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Қаржы нарығын цифрлық трансформациялаудың басқа да басым бағыттары: қаржы маркетплейстерін дамыту, транзакцияларды тіркеу және растау үшін бөлінген тізілімдердің технологияларын енгізу, сақтандыру шарттарының орталықтандырылған базасын дамыту, реттеуші орталықтарды дамыту болып табылады.
Өздеріңіз көріп отырғандай, біз мемлекеттік органдар үшін де, қаржы нарығына қатысушылар үшін де ауқымды әрі өршіл міндеттерді айқындадық. Орнықты және бәсекеге қабілетті қаржы секторын дамыту үшін бірлескен күш-жігермен жағдай жасауға шақырамын.