Меню

Страницы

Статья

Қаржы секторына 2020 жылғы қазандағы шолу

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

Қаржы секторына 2020 жылғы қазандағы шолу

  • Банктердің экономиканы кредиттеуі ағымдағы жылғы қазанның соңында 0,7%-ға өсе отырып (жыл басынан бері 4,2%-ға өсті), 14 441,3 млрд теңгені құрады. Бұл мемлекеттік қолдау көрсету бағдарламасын іске асыруға да байланысты. Ағымдағы жылғы қазанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасының қаржыландыру көлемі 600-ден 800 млрд теңгеге дейін ұлғайды, оның қолданыс мерзімі 2021 жылдың соңына дейін ұзартылды.
  • 2020 жылғы қазанда Үкімет экономиканың неғұрлым зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнестің (ШОБ) кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетігін бекітті, оған сәйкес ШОБ субъектілерінің кредиттері бойынша мөлшерлеме 2020 жылғы 16 наурыз – 2021 жылғы 15 наурыз аралығындағы кезеңде 6%-ға дейін төмендетілуге тиіс болды.
  • Тұтынушылық кредиттеу тәуекелдерін төмендету бөлігінде қабылданған шектеулерге байланысты банктердің тұтынушылық мақсаттар үшін жаңадан берілген кредиттерінің көлемі 2020 жылғы қаңтар-қазанда 2019 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 18,4%-ға (-665,8 млрд теңге) азайды.
  • Қазақстандықтар өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартуды жалғастыруда. Жылдың басынан бері халықты ипотекалық кредиттеу көлемі 22,6%-ға ұлғайып, қазанның қорытындысы бойынша 2 166,5 млрд теңге болды.
  • Депозит нарығында да оң серпін байқалды. Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 2,6%-ға ұлғая отырып (жыл басынан бері 15,3%-ға өсті), 21 937,5 млрд теңге болды.

 

БАНК СЕКТОРЫ

2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанның банк секторында 26 банк жұмыс істейді.

Банк секторының жиынтық активтері 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жыл басынан бері 12,8%-ға ұлғая отырып, 30 216,0 млрд теңгені құрады.

Банктердің айтарлықтай өтімділік қоры бар, ол шамамен 14 153 млрд теңгені немесе активтердің 46,8%-ын құрайды, оның ішінде өтімділігі жоғары активтер 12 304 млрд теңге. Бос өтімділіктің болуы банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Банктердің жиынтық міндеттемелері 26 447 млрд теңгені құрап, жыл басынан бері 14,2%-ға артты. Міндеттемелер құрылымының 79,2%-ын депозиттік портфель алады. Айналысқа шығарылған бағалы қағаздар және басқа банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар сияқты өзге де міндеттемелердің үлесі тиісінше 7,1%-ды және 2,4%-ды құрады.

2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша банк секторының капитал қоры жеткілікті: негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1-1) – 20,3% (ең төменгі деңгейде – 7,5%, жүйе құраушы банктер үшін – 9,5%), меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 25,5% (ең төменгі деңгейде – 10%, жүйе құраушы банктер үшін – 12%), бұл жүйе бойынша орта есеппен алғанда заңнамада белгіленген нормативтерден айтарлықтай асып түседі. 

10 айдың қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы 669,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 34%-ға артты.

Есепті күнге банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 3,4%-ды (2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша – 2,29%), капитал рентабельділігі (ROE) – 26,0%-ды (2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша – 18,6%) құрады.

Ағымдағы жылғы қазан айында 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлесі кредит қоржынының жалпы көлемінде 8,4%-дан 8,1%-ға дейін (1 278,2 млрд теңгеден 1 247,3 млрд теңгеге дейін) төмендеді. Жеке тұлғаларға қарыздар портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешек деңгейі 6,2%-ды, ШОБ-тың қарыз портфелінде – 13,2%-ды, заңды тұлғаларға қарыз портфелінде – 6,8%-ды құрады.

90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттерді провизиялармен өтеу деңгейі қазан айында 74,3%-ды құрады.  90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғалардың кредиттерін провизиялармен өтеу 68%-ды, заңды тұлғалар бойынша – 85,6%-ды, ШОБ бойынша – 73,3%-ды құрайды.

САҚТАНДЫРУ СЕКТОРЫ

2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша сақтандыру секторында 28 сақтандыру ұйымы бар, оның 9-ы – өмірді сақтандыру бойынша.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері қазан айында 1,1%-ға ұлғайып, 1 460 млрд теңгені немесе ЖІӨ-нің 2,1%-ын құрады. Активтер құрылымында бағалы қағаздар 68,5%-ды құрайды.

2020 жылғы қазанда міндеттемелер 1,9%-ға 805 млрд теңгеге дейін өсті. Міндеттемелер құрылымында 84,5%-ды сақтандыру резервтері алады.

2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша меншікті капитал 655 млрд теңге болды, 2020 жылғы қазанда өсу 0,2%-ды құрады. 

Сақтандыру секторының негізінен сақтандыру қызметінен түскен кірістер есебінен алынған таза пайдасы  2020 жылғы қазан айында 7 млрд теңгені құрады.

2020 жылдың басынан бастап қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 415,7 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 9,4%-ға артық.

Жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны қазан айында 793 067 шартты құрады.

2020 жылдың басынан жүргізілген сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі 123,6 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,0%-ға артық.

 

БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР НАРЫҒЫ

Акциялар нарығы

Акциялар нарығын капиталдандыру 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жыл басынан бері 4,1%-ға ұлғайып, 18 трлн теңгені құрады.

2020 жылғы қазанда акциялармен сауда-саттық көлемі 15,2 млрд теңгені құрады және 2020 жылғы қыркүйектегі көрсеткішке қарағанда 52,2%-ға төмендеді. Бұл ретте осы жылдың он айында акциялармен сауда-саттық көлемі 2019 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 33,5%-ға өсті.

2020 жылдың қазан айының қорытындысы бойынша KASE индексі       2 456,93 тармаққа дейін 1,3%-ға өсті.

Облигациялар нарығы

KASE-де саудаланатын корпоративтік борыш көлемі жыл басынан бері 22,3%-ға ұлғайып, 14,8 трлн теңгені құрады.

Алдыңғы аймен салыстырғанда KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 7 есеге өсті және  «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ және «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-тың облигацияларын  бастапқы нарықта орналастыру есебінен 502 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте осы көрсеткіш 2020 жылдың он айында өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 29%-ға төмен.

Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы

KASE-де саудаланатын номинал бойынша мемлекеттік борыш сомасы 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша бір айда 1,5%-ға өсіп,  16,2 трлн теңге құрады.

Ағымдағы жылғы қазан айының қорытындысы бойынша KASE-де МБҚ сауда-саттығының жиынтық көлемі өткен айдағы көрсеткішпен салыстырғанда 2,4 есе ұлғайып, 645 млрд теңге болды.

2020 жылғы қазан айында МБҚ бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 608,1 млрд теңгені құрады, оның ішінде «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын қаржыландыру мақсатында 406,3 млрд теңгені ҚР Қаржы министрлігі және 201,8 млрд теңгені 14 облыстық әкімдік тартты.

Ұжымдық инвестициялар нарығы

2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығында 35 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның 20-сы –  аралық, 14-і – жабық және 1-уі – ашық қор. Ұжымдық инвестициялар нарығында басқарудағы активтердің жиынтық көлемі бір айда 12%-ға өсіп, 180 млрд теңге құрады. 2020 жылғы қазанның соңында инвестициялық пай қорларының негізгі активі болып бұрынғыдай бағалы қағаздар портфелі  қалады (жиынтық активтің 94%-ы), бұл ретте портфельдің  99%-ы шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздардан тұрады.

Бағалы қағаздардың институционалдық құрылымы

2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде депонент клиенттерінің 130 995 қосалқы шоты ашылды.

Брокерлердің және (немесе) дилерлердің және инвестициялық портфельді басқарушылардың жиынтық активтері бір айда 4,3%-ға өсіп, 432,5 млрд теңге құрады. Активтер құрылымында 64,5%-ды бағалы қағаздар құрайды.

Нарық қатысушыларының міндеттемелері өткен аймен салыстырғанда  10,2%-ға ұлғайып,  141 млрд теңге құрады.  

Брокерлердің және (немесе) дилерлердің және инвестициялық портфельді басқарушылардың меншікті капиталы бағалы қағаздар нарығына қатысушылардың біреуі жарғылық капиталын толықтыруға байланысты бір айда 1,7%-ға өсіп,  291,6 млрд теңге құрады.

 

БАНКТІК ЕМЕС СЕКТОР

2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанның банктік емес секторының құрылымында 2 ипотекалық ұйым және 4 банктік емес ұйым бар.

2020 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша банктік емес ұйымдардың жиынтық активтері жыл басынан бері 17,5%-ға ұлғайып, 1 294,7 млрд теңгені құрады. Активтерде 54,2% – заңды және жеке тұлғаларға берілген қарыздар, 20,7% – қаржылық жалдау және 8,1% –  ақшалай қаражат және ақшалай қаражаттың баламалары.

Ипотекалық ұйымдардың активтері 2020 жылдың басынан бастап 53,6%-ға ұлғая отырып, 2020 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша 1 119,5 млрд теңгені құрады. Ипотекалық ұйымдар активтерінің құрылымында 24,9% – клиенттерге берілген қарыздар және 63,4% – бағалы қағаздар.

Банктік емес ұйымдардың жиынтық міндеттемелері жыл басынан бастап 26,3%-ға 881,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ретте ипотекалық ұйымдардың міндеттемелері жыл басынан бері 112,3%-ға ұлғайып, 944,1 млрд теңгені құрады.

Банктік емес ұйымдардың балансы бойынша меншікті капитал жыл басынан бері 2,3%-ға ұлғайды және 413,2 млрд теңгені құрады. Ипотекалық ұйымдардың бұл көрсеткіші жыл басынан бері 38,3%-ға төмендеп, 175,4 млрд теңгені құрады.

Банктік емес ұйымдардың жиынтық несие портфелі (қаржылық жалдауды ескере отырып) 1 075,4 млрд теңгені құрады. Ипотекалық ұйымдардың несие портфелі 278,3 млрд теңге болды.

2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банктік емес ұйымдар 29,5 млрд теңге мөлшерінде таза пайда алды. Ипотекалық ұйымдар 6,8 млрд теңге көлемінде таза пайда алды.

 

МИКРОҚАРЖЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТ

  2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша микроқаржылық секторда микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын  1102 ұйым (бұдан әрі - МҚҚЖҰ) бар. МҚҚЖҰ-ға микроқаржы ұйымдары, оның ішінде онлайн-кредиттеу компаниялары, сондай-ақ ломбардтар мен кредиттік серіктестіктер кіреді. 2020 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда МҚҚЖҰ-ның саны 138 ұйымға артты. Бұл ретте, үшінші тоқсан ішінде 9 МҚҚЖҰ тізілімнен шығарылды.

Алдын ала деректерге сәйкес, 2020 жылдың үшінші тоқсанының қорытындылары бойынша МҚҚЖҰ активтері алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 89 млрд теңгеге өсіп, 1 279,3 млрд теңгені құрады. МҚҚЖҰ активтерінің құрылымында кредиттік серіктестіктерге - 41,4%, микроқаржы ұйымдарына - 38,3%, ломбардтарға - 20,3%-дан келеді. 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша МҚҚЖҰ активтері банк секторы активтерінің 4,3%-ын құрады. Микроқаржы секторының жиынтық активтерінің 75,7%-ын берілген микрокредиттер алады.

МҚҚЖҰ жиынтық міндеттемелері 2020 жылдың үшінші тоқсанының қорытындылары бойынша жыл басынан бері 3 есеге өсіп, 749,1 млрд теңгені құрады. Микроқаржылық сектордың жиынтық меншікті капиталы 530,2 млрд теңгені құрады.

2020 жылдың үшінші тоқсанының қорытындылары бойынша МҚҚЖҰ жиынтық несие портфелі провизияларды (резервтерді) шегергенде өткен тоқсанмен салыстырғанда 16,6%-ға ұлғайып, 968 млрд теңгені құрады (брутто-негіз бойынша несие портфелі - 1 783,1 млрд теңге).

МҚҚЖҰ негізгі клиенттік базасы жеке тұлғалар (оның ішінде дара кәсіпкерлерді қоса алғанда) болып табылады, олардың үлесі МҚҚЖҰ несие портфелінің 80%-ын құрайды (брутто негізде), қалған 20%-ы заңды тұлғалар. Микроқаржы секторы кредиттерінің сапасы қанағаттанарлық деп бағаланады.

 

ҚНРДА Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

+7( 727) 2371090, email: press@finreg.kz

 

Дата публикации
27 ноября 2020
Дата обновления
27 ноября 2020
Тип
Баспасөз релиздері

Сейчас читают

Біз туралы БАҚ
19 октября 2026
Қазақстан мен IOSCO кездесуінде инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды
Біз туралы БАҚ
13 октября 2026
Ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасының мерзімі ұзартылды
24 сентября 2026
График приема граждан

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы