БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
2020 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басшылығының, екінші деңгейдегі банктердің, сақтандыру компаниялары бірінші басшыларының, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен бейнебайланыс форматында «Коронавирус пандемиясы кезеңіндегі Қазақстан қаржы секторының даму қорытындылары» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің барысын онлайн режимде қаржы секторы мен БАҚ-тың 100-ден астам өкілі бақылап отырды.
Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова өзінің сөзінде Қазақстан Республикасы қаржы секторының пандемия жағдайындағы даму қорытындыларын шығарды. Экономикадағы дағдарысты құбылыстарға қарамастан қазіргі уақытта қаржы секторының негізгі көрсеткіштері оң серпін көрсетіп отырғаны атап өтілді.
Биыл 1 қазандағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктердің меншікті капиталы жыл басынан бастап 1,0%-ға ұлғая отырып, 4,5 трлн теңгені құрады. Меншікті капиталдың жеткіліктілігі 25,3% болды, ал оның ең аз мәні 8%. Екінші деңгейдегі банктердің активтері жыл басынан бастап 11,6%-ға 29,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Жыл басынан бастап сақтандыру секторының активтері 20%-ға өсіп, 1,4 трлн теңгені құрады. Сақтандыру ұйымдарының меншікті капиталы 18%-ға ұлғайып, 653 млрд теңге болды. Бұл ретте сақтандыру нарығы жоғары деңгейдегі орнықтылық пен төлем жасау қабілетімен сипатталатыны атап өтілді. Нарық бойынша төлем жасау қабілеті маржасының жеткіліктілігі 2,14 болды, ал ең аз талаптар 1-ден төмен болмауға тиіс.
Акциялар нарығын капиталдандыру жыл басынан бері 2,6%-ға ұлғайып, ІЖӨ-нің 26%-ын құрады. Айналыстағы корпоративтік борыштың көлемі жыл басынан бері 18,3%-ға ұлғайып, ІЖӨ-нің 21%-ын құрады.
Агенттіктің, Ұлттық Банктің және Үкіметтің қаржылық тұрақтылықты, экономикалық күрделі жағдайлар мен пандемияның банк секторына әсер етуін азайтуды қамтамасыз етуге, оқшаулауда отырған азаматтарға қаржылық қолдау көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ ШОБ субъектілеріне бизнесін сақтауға, борыш жүктемесінің өсуіне жол бермеуге және қызметі қайта басталғаннан кейін қарыздарын өтеуге мүмкіндік беретін дағдарысқа қарсы шаралары толық жария етілді.
Мемлекеттік қолдау көрсету шараларының экономиканы кредиттеу қарқынының төмендеуіне жол бермеуге мүмкіндік бергені атап өтілді, ол жыл басынан бері 3,5%-ға өсті, оның ішінде ШОБ кредиттері өткен жылдың осындай кезеңде 9,5%-ға төмендеумен салыстырғанда 2020 жылдың басынан бері 5,9%-ға ұлғайды.
Агенттік Төрағасы сондай-ақ реттеуші Ұлттық Банкпен, қаржы секторының өкілдерімен және халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірлейтін Қазақстан Республикасының қаржы секторының 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының жобасында келтірілген елдің қаржы жүйесінің даму стратегиясы ретінде негізгі 7 басымдықты ұсынды. Бұл қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаржы ұйымдарының бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру, банк секторының экономиканы қаржыландырудағы рөлін қалпына келтіру, корпоративтік басқару сапасын арттыру, қаржы ұйымдарының меншігі құрылымының ашықтығы мен әртараптандырылун арттыру, қаржылық инклюзияны және қаржылық сауаттылықты арттыру, жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізу.
Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов өзінің сөзінде коронавирус пандемиясының кезеңінде ақша-кредит саясатын өткізудің ерекшеліктерін айтып берді. Ұлттық Банк тарапынан шұғыл шаралар қабылдау валюта нарығын тұрақтандырып, инфляцияның әлеуетті тұрғыдан өршу тәуекелдерін азайтты. Қазіргі уақытта ақша-кредит саясаты елде, оның ішінде іске асырылып жатқан кредиттеу бағдарламаларының шегінде экономикалық белсенділікке қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ынталандыру сипатында. Ұлттық Банктің Агенттікпен және Үкіметпен бірлескен болашақтағы жұмысы әзірленіп жатқан Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясы шеңберінде ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыруға бағытталатын болады.
Өз кезегінде, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова өз сөзінде жасанды интеллект барынша пайдалана отырып цифрлық трансформациялау және әмбебап қаржылық қызметтер, кешенді қаржылық қызметтерді клиенттердің өсіп жатқан талаптарын ескере отырып барынша ыңғайлы нысанда және барынша қысқа мерзімде ұсыну арқылы классикалық банкинг моделін өзгерту қажеттілігін атап өтті. Қаржы секторының жаһандану жағдайында бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында қаржы секторын реттеудегі негізгі басымдықты ол инновациялар енгізу, сондай-ақ ұқсас қаржы өнімдерін реттеудің тең жағдайларын жасау үшін қолайлы орта құру қажеттілігі деп атап өтті.
«Kaspi.kz» АҚ-тың тәжірибесін заманауи технологияларды пайдаланудың мысалы ретінде келтірді, ол Лондон қор биржасында сәтті түрде IPO өткізіп, капиталдандыру жөнінде Қазақстандағы ең ірі компания болды.
Centras компаниялары тобының басшысы Елдар Әбдіразақов пандемия кезеңінде айтарлықтай жеделдетілген сақтандыру секторында цифрландыру қажеттілігін атап өтті. Оның айтуынша, сақтандыру ұйымдарының бизнес-моделі әріптестермен және клиенттермен өзара қарым-қатынастарға, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен деңгейіне шоғырландырылуға тиіс. Бұл ретте жаңа өнімдер әзірлеу, жаңа экожүйелер құру, жаңа нарықтық практика қалыптастыру негізгі стратегиялық сын-қатерлер болып табылады.
Қазақстандағы Еуропалық Қайта құру және Даму Банкінің директоры Агрис Прейманис өз сөзінде жасыл қаржыны белсенді түрде пайдалану маңыздылығын атап өтіп, экологиялық проблемаларды шешуге ықпал ететін жобаларды іске асыруда ҚҚДБ тәжірибесімен бөлісті. Инновациялық жобаларды жедел енгізу мақсатында олар венчурлік қаржыландыруды кеңінен пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Бұдан басқа, оның айтуынша, қаржы секторы инклюзивтілікті арттыруда, өңірлердегі әйелдердің, жастардың және халықтың мүмкіндіктерін жақсартуда басты рөл атқаруға тиіс, бұл әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізі болып табылады.
Ernst & Young компаниясының әріптесі Лукой Мартини COVID – 19 пандемиясынан кейін қаржылық қызметтердің ауқымды нарығында негізгі үрдістерді ұсынды, олар клиенттермен өзара іс-қимыл рәсімдерін белсенді түрде цифрландыру, олардың қажеттіліктерін тереңнен зерделеу, сондай-ақ дәстүрлі бизнес-модельдерді қайта қарау қажеттілігі туралы бұрын мәлім болған тезистерді растады. Қаржы ұйымдарының тиімділігін арттырудың негізгі бағыттары ретінде клиентке жеке тәсілді енгізу, жеңілдету есебінен қызмет көрсету кезінде операциялық шығасыларды төмендету және технологияларға инвестицияларды енгізу бойынша шаралар ұсынды.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан қор биржасының (KASE) Басқарма Төрағасы Алина Алдамберген экономиканы қаржыландырудағы бағалы қағаздар нарығының рөлін одан әрі кеңейтуге ықпал ететін іс-шараларды белгіледі, олардың ішіндегі маңыздылары бұдан былай жаңа сауда-клирингтік жүйеге көшу, сондай-ақ орталық контрагенттің қызметтерін енгізу болып табылады.
Қор нарығын дамытудың драйверлері ретінде FTSE/MSCI индекстерінде отандық бағалы қағаздар нарығының мәртебесін арттыру бойынша жүргізілетін жұмыстар, Агенттіктің заңнамалық бастамалары, маркет-мейкерлік бағдарламалар және нарықтың өтімділігін арттыру, банктерге брокерлік көрсетілетін қызметтердің толық аясын ұсыну құқығын беру, қаржылық қызметтерді одан әрі цифрландыру, инвестициялаудың жаңа құралдарын енгізу, сондай-ақ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру белгіленді.
«Radius Advisory Lab» консалтингтік компаниясының серіктесі Тимур Әбілқасымов әзірленіп жатқан Қаржы секторын дамыту тұжырымдамасына қосымша бастамалар ретінде адам капиталын дамыту, банктік кредиттеуді ынталандыру, институционалдық сұранысты, сондай-ақ қор нарығының аясын және өтімділігін арттыру, тәуекелге бағдарланған қадағалауды дамыту тәсілдері, қаржылық есептілік аудитінің сапасын арттыру және корпоративтік басқару деңгейін арттыру бөлігіндегі мәселелерді қарауды ұсынды.
«Банк ЦентрКредит» АҚ Басқарма Төрағасы Ғалым Хұсайынов өз сөзінде ШОБ-ты банктік кредиттеуді одан әрі жалғастыру, оның ішінде сапалы скорингтік модельдер құру, екінші деңгейдегі банктердің түрлі дерекқорларға қолжетімділігін кеңейту, кредиттер беру рәсімдерін жеңілдету, кепілсіз кредиттер нарығын дамыту және кредиттік досьелерді қалыптастыру рәсімдерін цифрландыру есебінен арттыру бойынша қосымша ұсыныстарды атап өтті.
Тұтастай алғанда, дөңгелек үстелге қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сондай-ақ қаралған мәселелердің өзектілігін атап өтті.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:
+7( 727) 2371090, email: press@finreg.kz