«Коронавирус пандемиясы кезеңінде
қаржы секторын дамыту қорытындылары»
дөңгелек үстеліне
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы
М.Е. Әбілқасымованың
ТЕЗИСТЕРІ
Құрметті әріптестер!
Ағымдағы жылы біз әлемдік экономиканы рецессияға ұшыратқан, өз ауқымы бойынша әлемдік қаржы дағдарысынан орын алған 2009 жылғы құлдыраудан асып кеткен, күтпеген және бұрын-соңды болмаған құбылыстың куәсі болдық. COVID-19-бен күрес шеңберінде локдаун режимін барлық жерде енгізу, сондай-ақ кейінгі оқиғаларға және олардың жаһандық экономикаға әсеріне қатысты сақталып отырған белгісіздік дамыған және дамушы елдерде экономикалық белсенділіктің айтарлықтай қысқаруына себеп болды. ХВҚ болжамына сәйкес ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша жаһандық экономикалық өсудің (-) 4,4% деңгейге дейін төмендеуі күтіледі.
Қазақстан, әлемдік экономикалық жүйенің ажырамас бөлігі бола отырып, ағымдағы дағдарыстан екі есе зардап шекті, себебі экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуі нәтижесінде энергия тасымалдауыштарға сұраныс азайды. Бұл, өз кезегінде, мұнайдың әлемдік бағасының күрт құлдырауына әкелді, кейіннен ағымдағы мәндерге дейін біртіндеп өсе отырып мұнай баррелінің бағасы жыл басындағы 70$-дан сәуірде 19$-ға дейін құлдырады.
Мұнай бағасының төмендеуі, сондай-ақ елдегі коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл мақсатында енгізілген ұзақ шектеу шаралары Қазақстанның экономикалық өсу қарқындарына жағымсыз әсер етті, оны 2021 жылы 3,0%-ға дейін қалпына келтіре отырып, ХВҚ ағымдағы жыл қорытындысы бойынша (-)2,1% деңгейде болжап отыр. Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша, 2021 жылы 4,2%-ға дейін қалпына келтіре отырып, экономикалық өсудің ағымдағы жылы (-)2,1% деңгейде төмендеуі күтіледі.
Бұл жағдайларда көптеген мемлекеттер пандемияның экономикалық салдарын қысқарту үшін экономиканы қолдаудың бұрын-соңды болмаған шараларын, оның ішінде ақша-кредит саясатын жұмсарту және бюджет шығыстарын ұлғайту арқылы қолданды. Қосымша шығыстар, салық демалысы кіретін жария етілген бюджеттік шаралардың мөлшерін, сондай-ақ кредиттер мен кепілдіктер түрінде өтімділік беруді ХВҚ әлемдік ауқымда 11,7 трлн. АҚШ доллары көлемінде ағалап отыр.
Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сыртқы және ішкі күйзелістердің экономикаға және қаржы жүйесіне әсерін жұмсарту үшін дағдарысқа қарсы шаралар кешені әзірленіп, дереу қабылданды, ал а.ж. мамырда Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды.
Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Агенттіктің үйлестірілген әрекеттеріне орай, барлық дағдарысқа қарсы және қалпына келтіру шараларын уақтылы әрі тиімді іске асыру қамтамасыз етілді.
Елдегі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда тұр. Бұл ауқымды міндетті іске асыру реттеуші мен қаржы нарығына қатысушылардың тиімді өзара іс-қимылынсыз мүмкін болмас еді. Сондықтан ең алдымен қаржы ұйымдарының, сондай-ақ алаңында бірлескен күш-жігермен оңтайлы шешімдер әзірленген Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының барлық бірінші басшыларына ерекше алғыс білдіргім келіп отыр.
Қаржы секторында дағдарысқа қарсы шараларды іске асырған кезде біз шетелдік қаржы реттеушілерінің тәжірибесін және Халықаралық Валюта Қорының, Банктерді қадағалау жөніндегі Базель Комитетінің ұсынымдарын ескердік. Атап айтқанда, капитал мен өтімділікке қолдау көрсету, капиталды есептеген кезде капитал буферлерін босату, кепілдік түрлерін кеңейту, провизиялар (резервтер) қалыптастырған кезде талаптарды жеңілдету және жеңілдікпен қорландыру бойынша тәсілдер қарастырылды. Кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, уақытша пруденциялық жеңілдіктер, жеңілдікпен кредиттеу бағдарламалары – барлық осы шаралар ең үздік халықаралық практикаға сәйкес келеді.
Бірінші. Халық пен бизнестің борыш жүктемесін азайту үшін барлық кәсіпкерлік субъектілеріне және шектеу шараларын енгізгеннен зардап шеккен халыққа кредиттер бойынша төлемдер мерзімін кейінге қалдыру ұсынылды. Төтенше жағдай және карантин шаралары кезеңінде ағымдағы жылғы 16 наурыз – 1 қазан аралығында 1,9 млн азаматтың және 13 мың шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттер бойынша ақы төлеу мерзімі кейінге қалдырылды. Кейінге қалдырылған төлемдердің жалпы сомасы 477 млрд теңгеден асты.
Төтенше жағдай кезеңінде Агенттік ақы төлеу мерзімі күнтізбелік 90 күннен асқан кезде сыйақы есептеуге тыйым салуды, кредиттер бойынша ақы төлеу мерзімі кешіктірілген бірінші күннен бастап айыппұлдар мен өсімпұл есептеуге тыйым салуды енгізді.
Банктер және микроқаржы ұйымдары өздерінің қарыз алушыларына қолдау көрсетіп, төлем мерзімі кешіктірілген қарыз алушылар бойынша шағым-талап жұмысын тоқтата тұрды, жеке тұлғалардың банк шоттарына қойылған барлық инкассолық өкімдерді және төлемдік талаптарды кері қайтарды.
Қаржы ұйымдары қызметкерлерінің 80%-ына дейін қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырылғанына қарамастан, банктер өздерінің ішкі бизнес-процестерін қаржылық қызметтер көрсетудің жаңа форматына икемдей алды. Агенттік банк шоттарын ашу талаптарын жедел түрде қайта қарады және банктер 2,6 млн жуық банк шотын қашықтан ашты, пандемия және төтенше жағдай кезеңінде өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді және «Віrgеmіz» қорынан қайырымдылық көмек алуы мақсатында олар үшін 840 мың төлем картасы шығарылды.
Карантин шараларының ұзартылуына байланысты экономиканың зардап шеккен салаларында ШОБ субъектілеріне а.ж. 16 маусымнан бастап бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларының жеңілдік талаптарымен кредиттерді қайта қаржыландыру мүмкіндігі берілді. Нәтижесінде а.ж. 16 маусым – қараша аралығындағы кезеңде мемлекеттік бағдарламалардың жеңілдік талаптарымен 90 млрд теңгеге жуық сомаға ШОБ-тың 3,2 мыңнан астам қарызы қайта қаржыландырылды.
Барлық осы шаралар оқшаулаудағы азаматтарымызды қаржылық тұрғыдан қолдауға, ал қарыз алушыларға борыш жүктемесінің өсуіне жол бермеуге және қызметін қайта бастаған соң қарыздарды өтеуге оралуға мүмкіндік берді.
Екінші. Банк секторының орнықтылығына пандемияның әсерін барынша азайту үшін капитал мен өтімділіктің жеткілікті көлемін беруге бағытталған реттеу шараларының блогы іске асырылды. Осы мақсатта Агенттік банктерді пруденциялық реттеу бойынша уақытша сипаттағы шаралардың екі топтамасын қабылдады.
Негізгі шаралардың ішінен банктердің меншікті капиталының консервативті буферіне қойылатын талаптардың 1 пайыздық тармаққа 2%-дан 1%-ға дейін төмендегенін атап өтуге болады, нәтижесінде, капиталдың жеткіліктілік коэффициентінің (k1) жалпы мөлшері жүйе құраушы банктер үшін 9,5%-дан 8,5%-ға дейін, ал қалған банктер бойынша 7,5%-дан 6,5%-ға дейін төмендеді. Сонымен бірге ШОБ субъектілеріне берілген қарыздар мен кепілдіктер және синдикатталған кредиттер бойынша меншікті капитал жеткіліктілігін есептеген кезде тәуекел саралау коэффициенттері 100%-дан 50%-ға дейін екі есе төмендетілді.
Провизияларды есептеу кезінде «тұрақты» деп танылатын кепілдер тізбесіне мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары және квазимемлекеттік компаниялар (Самұрық-Қазына, Бәйтерек және ҚазАгро) кепілдіктері енгізілді, капитал жеткіліктілігін және бір қарыз алушыға келетін тәуекелді есептеу кезінде өтімділікті қамтамасыз ету тізбесі кеңейтілді.
Халықаралық қаржы реттеушілерінің және ХҚЕС комитетінің ұсынымдары негізінде провизияларды қалыптастыру кезінде банктерге құнсыздану белгілерінен төлемдерінің кейінге қалдырылуына байланысты қайта құрылымдалған қарыздарды алып тастау мүмкіндігі берілді.
Қабылданған шаралар банктердің 468 млрд теңгеден аса мөлшердегі капиталын және 1,8 трлн теңге мөлшеріндегі өтімділігін босатуға мүмкіндік берді.
Ағымдағы жылғы қыркүйекте тиімділікке жасалған талдау қорытындысы бойынша пруденциялық реттеудің 23 уақытша шарасының ішінен 17 шараны 2021 жылғы 1 шілдеге дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Жүргізілген талдау банктердің өтімді активтер қорының айтарлықтай көлемде бар екенін көрсетті, сондықтан да өтімділік коэффициенттеріне қойылатын талаптарды жұмсарту жөніндегі 3 шара және ертерек ден қою индикаторлары бойынша 3 шара алып тасталды.
Экономикадағы белгісіздік банктердің экономиканың нақты секторын кредиттеуде және кредит тәуекелдерін қабылдауда неғұрлым консервативті болуына әкеп соқты. Банктердің бос өтімділігі Ұлттық Банктің депозиттері мен ноттары, мемлекеттік бағалы қағаздар сияқты тәуекелі төмен активтерге ауысуда. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банк жүйесі бойынша жиынтық өтімді активтердің көлемі, оның ішінде шетел валютасында орналастырылған қаражаттың қайта бағалануына байланысты жыл басынан бері 34%-ға ұлғайып, шамамен 12,3 трлн теңгені немесе жиынтық активтердің 41%-н құрады.
Үшінші. Экономикадағы дағдарыс оқиғалары жағдайында ШОБ субъектілерін қаржыландыруға қолдау көрсету және кредиттік ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету басым міндет болды.
Ұлттық Банк Агенттікпен бірлесіп ШОБ субъектілеріне қолдау көрсету үшін ағымдағы жылғы наурызда ШОБ-ты айналым капиталын толықтыру бойынша жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама Ұлттық Банктің экономиканы тікелей кредиттеу жөніндегі мандатын кеңейтті және шағын және орта бизнес субъектілерінің шұғыл қажеттіліктер үшін кредиттерге және қаржыландыруға қолжетімділігіне қолдау көрсетуге ықпал етеді. Бағдарлама шеңберінде Ұлттық Банк ШОБ субъектілерін 8% мөлшерлемемен кредиттеуге 600 млрд теңге бөлді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету үшін Бағдарлама тағы 200 млрд теңгеге кеңейтілді.
ШОБ-қа қолдау көрсету мақсатында Үкімет тарапынан айтарлықтай шаралар қабылданды. Кредиттердің мөлшерін 2,5 млрд теңгеден 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды, салалық шектеулерді алып тастауды, кепілдік лимитін қарыз сомасының 85%-на дейін ұлғайтуды қоса алғанда, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының талаптары барынша кеңейтілді.
Импортты ауыстыратын өндірістерді қаржыландыру үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде экономиканы ұзақ мерзімді кредиттеу 600 млрд теңгеден
1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды, экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі айтарлықтай кеңейтілді.
Жалпы алғанда кәсіпкерлікке қолдау көрсету жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар бойынша ағымдағы жылы 1 трлн теңгеден асатын сомаға 8,5 мың қарыз берілді.
Тұтастай алғанда, қабылданған шаралар экономикалық белсенділіктің баяулауы жағдайында экономиканы кредиттеудің өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жылдың басымен салыстырғанда кредиттеу қарқынының сәуір-шілдеде байқалған аздап баяулауынан кейін тамыздан бастап осы көрсеткіштің оң серпіні байқалды. 2020 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша экономикаға кредиттер 3,5%-ға ұлғайды және ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 14,3 трлн теңге болды, оның ішінде заңды тұлғаларға кредиттер өткен жылғы осындай кезеңдегі 8,1%-ға төмендеумен салыстырғанда 1,4%-ға ұлғайды. ШОБ өткен жылғы осындай кезеңдегі 9,5%-ға төмендеумен салыстырғанда 2020 жылдың басынан бері 5,9%-ға ұлғайды.
Халық сұранысының және кірісінің төмендеу себебінен де тұтынушылық кредиттеу қарқыны айтарлықтай баяулады. Банктердің тұтынушылық қарыздарының көлемі 2020 жылғы 9 айда 0,7%-ға 4,2 трлн теңгеге дейін (2019 жылғы осындай кезеңде 18,6%-ға өсті) ұлғайды.
Кредиттер бойынша берешектің тұрақты өсуін шектеу үшін ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары мен микрокредиттері бойынша төлем мерзімінің өтуі күнтізбелік 90 күннен кейін тұрақсыздық айыбы мен комиссиялар есептеуге тыйым енгізілді. Көрінеу төлем жасауға қабілетсіз қарыз алушыларға қарыздар беруге жол бермеу мақсатында қарыз алушының төлем қабілетін алдын ала бағалай отырып, оның борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу арқылы кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыздар беруге тыйым енгізілді. Пруденциялық талаптар шеңберінде меншікті капитал жеткіліктілігін есептеу кезінде кепілсіз қарыздар бойынша тәуекел саралауы арттырылды.
Борыш ауыртпалығын азайту жөніндегі шаралар проблемалық берешектің өсуіне жол бермеуге мүмкіндік жасады. Ағымдағы жылғы ақпаннан бері байқалып отырған проблемалық кредиттер үлесінің өсуі ағымдағы жылғы мамырда ең жоғарғы мән 9,4%-ға жетіп, қазанда 8,4%-ға дейін төмендеді.
Банк жүйесінің негізгі көрсеткіштері тұрақты өсуді көрсетіп отыр. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктердің меншікті капиталы жыл басынан бері 1,0%-ға ұлғайып, 4,55 трлн теңгені құрады. Меншікті капиталдың жеткіліктілігі ең төменгі мән 8% болған кезде 25,3%-ды құрады. Екінші деңгейдегі банктердің активтері жыл басынан бері 29,9 трлн теңгеге дейін 11,6%-ға ұлғайды.
Осы жағдайда, Агенттік қаржы ұйымдарын тәуекелге бағдарланған реттеу және қадағалау қағидаттарына одан әрі өту бойынша жұмысты жалғастырды.
Ағымдағы жылғы наурызда Қазақстанның үлесіне банк жүйесі активтерінің 87%-ы және кредиттік портфелінің 90%-ы тиесілі болатын 14 ірі банкіне активтерінің сапасын тәуелсіз бағалауды (AQR, Asset Quality Review) жүргізу аяқталды. AQR нәтижелері банк секторының тұрақтылығын көрсетті. Осылайша, пандемия басталған кезде банктер капиталының 800 млрд теңге үлкен қоры болды, ол меншікті капиталдың жеткіліктілігіне қойылатын ең төмен талаптардан 70%-ға асты.
AQR қорытындыларын ескере отырып Агенттік әрбір банкке 2,5 мың іс-шара қамтылатын түзету шараларының нақтыланған жоспарларын бекітті.
Жаһандық экономикалық дағдарыс тереңдігінің ықпал етуін бағалау және алдын алу шараларын қабылдау үшін Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп ағымдағы жылғы наурыз – мамыр аралығында банк секторына қадағалап стресс-тестілеу жүргізді. Базалық сценарийде капитал жеткіліктілігі 11,4%, LCR өтімділік коэффициенті – 1,3 болды. Осылайша, сыртқы күйзелістерге байланысты қосымша зиянды сіңіру үшін банктердің жеткілікті төзімділік қоры бар.
Ағымдағы жылғы мамыр – шілде аралығында орта мерзімдегі перспективада банктердің бизнес-модельдерінің орнықтылығы және капиталының жеткіліктілігі негізінде банктердің жұмыс істеу қабілетіне талдау жасалды.
Стресс-тестілеу нәтижелері бойынша қаржы орнықтылығын қамтамасыз етудің жеке стратегияларын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде, оларда экономика дамуының жағымсыз сценарийлері іске асырылған жағдайда капитал жеткіліктілігінің және өтімділігінің көрсеткіштерін қалпына келтіру (3-4 ай ішінде) бойынша іс-шаралар, сондай-ақ олардың бизнес-модельдерінің тиімділігін арттыруға бағытталған орта мерзімді іс-шаралар қамтылады.
Ағымдағы экономикалық белгісіздікті ескере отырып, реттеуші айтарлықтай тәуекелдердің іске асырылуына жол бермеу мақсатында банк секторы көрсеткіштерінің серпінін мұқият қадағалауды жалғастырады.
III. Сақтандыру секторы туралы айтатын болсақ, 2020 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша іскерлік белсенділіктің төмендегеніне қарамастан, сақтандыру секторы көрсеткіштерінің оң серпіні байқалуда, оның активтері жыл басынан бері 20%-ға өсіп, 1,44 трлн теңгені құрады.
Меншікті капитал 18%-ға ұлғайып, 653 млрд теңгені құрады. Сақтандыру нарығы орнықтылық пен төлемге қабілеттіліктің жеткілікті жоғары деңгейімен сипатталды. Төлемге қабілеттілік маржасының жеткіліктілігі нарық бойынша 2,14 болды, ең төмен талаптар 1-ден төмен емес болды.
Сақтандыру саласы халықтың жинақ ақшасының өсуінде және халық пен бизнесті тәуекелдерден қорғауда маңызды рөл атқарады және одан әрі даму үшін айтарлықтай әлеуеті бар.
2020 жылы Агенттік сақтандыру нарығының орнықты өсуін және сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін оны дамыту жөнінде кешенді шаралар қабылдады.
Осы мақсатта реттеуші Insurance Regulatory Information System (IRIS) халықаралық реттеу жүйесі элементтерінің негізінде сақтандыру ұйымдары үшін тәуекелдерді бағалау жүйесін енгізуге бағытталған түзетулерді әзірледі, оларға нарықта қолдау жасалды.
Сондай-ақ онлайн-сақтандырумен қамтуды ұлғайтуға және электрондық сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағыталған шаралар қабылданды, атап айтқанда:
- онлайн сақтандыру шарттарын жасау үшін электрондық терминалдарды пайдалану тәртібі регламенттелді;
- онлайн сақтандыру шарттарын жасау кезінде сақтанушылар жөніндегі мәліметтерді верификациялау тетігі өзгертілді;
- қағаз құжаттарды ұсынбай тысқары интернет-ресурстарда ерікті сақтандыру шарттарын жасау мүмкіндігі ұсынылды.
Сақтандыру саласын бірыңғай сақтандыру дерекқорының (БСДҚ) функционалын дамыту арқылы одан әрі цифрландыру үшін «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-пен (МКБ) бірлесіп БСДҚ-ның дамытудың 2020-2022 жж. арналған жоспары әзірленді.
Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының пайдаланылатын активтерінің транспаренттілігін қамтамасыз ету мақсатында сақтандыру салалары бойынша бөлек есеп жүргізу енгізілді.
Сонымен қатар, Агенттік қаржы нарығының қатысушыларымен бірлесіп сақтандыру нарығын дамыту мәселелері бойынша жүйелік өзгерістерді дайындады, олар мынадай новеллалар көзделетін тиісті заң жобасында көрсетілді:
- халықтың ақша жинақтау мүмкіндіктерін арттыру мақсатында Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) шеңберінде кейінге қалдырылған және бірлескен зейнетақы аннуитеттерін және білім беру жинақтау сақтандыру өнімдерін енгізу жоспарлануда;
- халық пен бизнестің құқықтарын қорғау үшін міндеттелген сақтандыру шарттарына кәсіби жауапкершілік талаптарын енгізу жоспарлануда;
- сақтандыру қызметтерінің халық үшін қолжетімділігін арттыру бойынша бірыңғай сақтандыру дерекқорының функционалын пайдалана отырып халықтың сақтандыруға қашықтан қол жеткізуі үшін қызметтер аясындкеңейту жоспарлануда;
- сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында барлық міндетті сақтандыру сыныптары, сондай-ақ өмірді сақтандырудың әлеуметтік маңызды өнімдері бойынша төлемдерге кепілдік беру көзделді.
Заң жобасын 2021 жылғы І тоқсанда Парламентке енгізу жоспарланып отыр. Көрсетілген сақтандыру саласын дамыту жөніндегі кешенді шараларды қабылдау оның орнықты өсуін және халық пен нақты сектордың ауқымды тобы үшін сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Акциялар нарығын капиталдандыру жыл басынан бері 2,6%-ға артып, ЖІӨ-нің 26%-ын құрады. Айналыстағы корпоративтік борыш көлемі жыл басынан бері 18,3%-ға ұлғайды және ЖІӨ-нің 21%-ын құрады.
KASE индексі ағымдағы жылғы наурыз айында 2055 тармақта өзінің ең төменгі көрсеткішіне жетті. Алайда сыртқы макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы KASE индексін дағдарыс алдындағы деңгейге дейін қалпына келтіруге ғана емес, жыл басынан бері 2,6%-ды (2425) құраған оның одан әрі өсуіне де ықпал етті.
Бағалы қағаздар нарығын дамыту шеңберінде Агенттіктің негізгі басымдығы жаңа эмитенттерді тарту, инвесторлық базаны кеңейту, сондай-ақ инвестициялар үшін қолайлы және қауіпсіз орта құру есебінен қор нарығының тереңдігі мен өтімділігінің өсуін қамтамасыз ету болып табылады.
Жыл басынан бері қор нарығын ырықтандыру және брокерлік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту мақсатында оны дамыту бойынша кешенді шаралар қабылданды.
Атап айтқанда, маржалық мәмілелерді, халықаралық нарықтағы мәмілелерді жасасу тәртібі және шетелдік инвесторлар үшін жеке шоттар ашу тәртібі оңайлатылды, брокерлер үшін кәсіби қызметті банк операцияларының жекелеген түрлерімен қоса атқару бойынша шектеулер алып тасталды.
Брокерлік қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін ЭЦҚ және биометриялық немесе серпінді идентификаттау тетіктерін пайдалана отырып, электрондық тәсілмен брокерлік шарттар жасасу мүмкіндігі ұсынылды.
Сондай-ақ, онда кәсіби қатысушылар шоттар аша алатын шетелдік орталық депозитарийлердің тізімін кеңейту есебінен депозитарийлер арасында байланыс орнату арқылы АХҚО-мен және шетелдік кәсіби ұйымдармен өзара іс-қимыл арналары кеңейтілді.
Бағалы қағаздар нарығындағы негізгі жүйелі өзгерістер экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері жөніндегі заң жобасы шеңберінде іске асырылды, ол қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр.
Осы заң жобасы аясында соңғы жылдары нарық қатысушылары айтқан мынадай негізгі мәселелер көрініс тапты.
Біріншіден, бұл азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру. Бұл қор нарығындағы институционалдық сұранысты күшейтуге және қайталама нарықтағы өтімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Екіншіден, қор нарығына бөлшек инвесторларды тарту мақсатында брокерлік лицензиясы бар екінші деңгейдегі банктерге брокерлік қызметтердің толық түрлерін көрсету құқығы берілетін болады. Осылайша, банктердің классикалық банк өнімдерімен қатар өз клиенттеріне бағалы қағаздарды қоса алғанда, қаржы құралдарының кеңейтілген желісін ұсыну мүмкіндігі артады.
Үшіншіден, ұжымдық инвестициялар нарығының белсенді өсуі және оларды қор нарығына тарту үшін инвестициялық қорлар үшін инвестициялау лимиттерін алып тастау, инвестициялау объектілерінің тізбесін кеңейту, тәуекелмен инвестициялау қорларының бағалы қағаздарын қор биржасына жіберу мүмкіндігі, сондай-ақ эмитенттердің қор биржасында пайларды сатып алу мүмкіндігі көзделеді.
Төртіншіден, жеке орналастыру үшін облигациялар, инвестициялық облигациялар, қатысудың клирингтік сертификаттары сияқты жаңа қаржы құралдарын шығару мүмкіндігі көзделеді. Құжаттар топтамасын қысқарту және мемлекеттік қызметтер көрсету процесін цифрландыру есебінен бағалы қағаздар шығарылымын тіркеу тәртібі айтарлықтай жеңілдейді. «Омнибус» шотының енгізілуіне байланысты қор нарығында мәмілелер жасау рәсімдері жеңілдетіледі.
Бесіншіден, клиентті қашықтан идентификаттау тетігі енгізілетін болады, бұл бөлшек инвесторлар шеңберін кеңейтуге және олардың қор нарығына шығуын оңайлатуға ықпал ететін болады.
Түзетулердің бірінші блогына енбеген Агенттіктің бастамалары сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілген, оның тұжырымдамасын Заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссия 2020 жылғы 15 тамызда мақұлдады.
Заң жобасы шеңберінде қор нарығында рұқсат беру рәсімдерін көрсетуді цифрландыру процестерін одан әрі тереңдетуді, қор нарығында инвесторлардың құқықтарын қорғау шараларын күшейтуді, сондай-ақ туынды қаржы құралдары арқылы қазақстандық компаниялардың тәуекелдерін хеджирлеу үшін құқықтық орта құруды жалғастыру көзделеді.
Микроқаржылық қызметті реттеу тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін, әсіресе кірісі төмен және банктік кредиттерге қол жеткізе алмайтын азаматтар үшін маңызды.
2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша микроқаржы ұйымдарының кредиттік портфелі Агенттікте есептік тіркеуден өткен субъектілер санының ұлғаюы есебінен ағымдағы жылдың басынан бастап 338%-ға ұлғайып, 1,3 трлн теңгені құрады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, ағымдағы жылы барлық микроқаржыландыру субъектілерінің жеке капиталына қойылатын талаптар белгіленді, ломбардтардың басшыларына қойылатын біліктілік талаптары және үй-жайларына қойылатын техникалық талаптар белгіленді.
Барлық банктік емес ұйымдарды есептік тіркеу жүргізілді. Ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 3,1 мың микрокредит беру субъектісінің ішінен 227 микроқаржы ұйымы, 202 кредиттік серіктестік және 650 ломбард есептік тіркеуден өтті. Микрокредит берудің қалған субъектілері әрекетсіз болып табылады немесе капиталы жоқ және қызметін тоқтатуды жоспарлап отыр.
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізіледі. Микроқаржы ұйымдарын лицензиялауға көшу капитал мен өтімділік бойынша пруденциялық стандарттардың толық тізбесін, басшы қызметкерлер мен акционерлердің іскерлік беделіне қойылатын біліктілік талаптарын белгілеуді, сондай-ақ аудитке және есептілікті ұсынуға қойылатын талаптарды көздейтін болады.
* * *
2020 жылғы негізгі оқиғалар және олардың қаржы жүйесіне ықпалы оның одан әрі орташа мерзімді перспективаға арналған даму бағытын алдын ала айқындайды.
Реттеушіге және қаржы нарығының басқа қатысушыларына қатысты жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, қаржы нарығында қазіргі уақытта байқалып отырған ахуалдың болашақтағы ықпалын бағалау мен бағыттау және өзінің стратегиясын уақтылы түзету қажет.
Қаржы секторын дамытудың жаңа басымдықтарын және стратегиялық бағыттарын айқындау үшін Агенттік Ұлттық Банкпен және қаржы нарығына қатысушылармен бірлесіп қазіргі уақытта Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жаңа редакцияда әзірлеуде.
Қаржы секторындағы ахуалға қазіргі уақытта мынадай мегатрендтер әсер етуде.
Біріншіден, бұл бизнестің тиімділігін арттыру мақсатында әдеттегі бизнес-моделі бар қаржы ұйымдарында жаңа технологияларды белсенді түрде қолдану.
Екіншіден, бұл қаржылық қызметтерді тұтынушылардың онлайн-сервистерге басымдық беретін жаңа буынын қалыптастыру.
Үшіншіден, бұл дәстүрлі ойыншылар нарығының (disruptive business models) үлесін арттыру мақсатында жаңа технологияларды қолдану есебінен бизнес-модельді өзгерту және қаржылық қызмет көрсету нарығына технологиялық компаниялардың (Fintech, BigTech) шығуы.
Қаржы ұйымдарының көпшілігі жаһандық нарықта клиенттері бар коммуникациялардың цифрлық арналарын енгізеді және дамытады, сондай-ақ сервиске және клиенттік тәжірибені қалыптастыруға тәсілді ауыстырады.
Болжамдарға сәйкес, 2025 жылға қарай қаржылық-технологиялық компаниялар және ірі технологиялық компаниялар сияқты жаңа нарық ойыншылары есебінен әдеттегі бизнес модельдері бар қаржы ұйымдарының түсімі 30%-дан аса қысқаруы мүмкін.
Мұндай жағдайларда қаржы секторын дамытудың 3 негізгі моделін атап көрсетуге болады:
Бірінші. Экожүйелер нарығы, мұнда ірі қаржы институттары, ресурстарды және ауқым әсерін пайдалана отырып, қаржылық қызметтердің шеңберінен шығатын экожүйелерді жасайды.
Екінші. Технологиялық компаниялар нарығы, мұнда ірі технологиялық компаниялар қаржылық қызметтер көрсете бастайды.
Үшінші. Бәсекелес нарықтар, нарықтың барлық қатысушыларының, оның ішінде дәстүрлі қаржы институттарының, қаржылық-технологиялық стартаптардың және технологиялық компаниялардың бір мезгілдегі бәсекелестігі және бірігуі орын алады.
Осылайша, әзірленіп жатқан Қаржы секторын дамыту тұжырымдамасы барлық көрсетілген ауқымды үрдістерді ескере отырып, отандық қаржы жүйесін өзгерту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдайлар жасауға тиіс.
Тұжырымдаманың мақсаты 2030 жылға қарай макроқаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және елдің орнықты және инклюзивті, экономикалық дамуын қолдауға жәрдемдесетін бәсекеге қабілетті және жоғары технологиялық қаржы секторын қалыптастыру болып айқындалды.
Тұжырымдама шеңберінде қаржы секторын дамыту үшін 5 негізгі басымдық айқындалды.
Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бірінші басымдық болып табылады.
Агенттіктің реттеу және қадағалау режиміне қатысты одан әрі жұмысы қаржылық тұрақтылықты нығайтуға бағытталатын болады. Тәуекелге бағдарланған қадағалаудың халықаралық стандарттарына өту жалғасатын болады.
Базель III, Solvency II және басқалары сияқты реттеудің жалпыға танымал халықаралық стандарттарын енгізу жалғасады. Макропруденциялық саясаттың шараларын іске асыру, капиталдың және өтімділіктің контрциклдық буферлерін жасау дағдарыс кезеңіндегі осалдықты төмендетуге мүмкіндік береді.
Тәуекелге бағдарланған қадағалау қаржы ұйымдарының айқындылығын және жария етілетін ақпараттың сапасын арттыруға бағытталады.
Қадағалаудың жаңа режимінің негізін қаржы ұйымдарын айқын және бақыланатын бизнесті қолдау үшін дамудың моделін және онымен байланысты стратегиялар мен саясатты, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін жетілдіруге ынталандыру қағидаты қалайды.
Қадағалау құрылымына SREP (Supervisory Review and Evaluation Process) құралдары арқылы қадағалап ден қою тетіктері, күйзелістердің қаржылық тұрақтылыққа әсерін стресс-тестілеу, төлемге қабілетсіз қаржы институттарын оңалту және реттеу, сондай-ақ деректерді талдаудың жетілдірілген құралдары кіреді.
Жүйелік тәуекелдерді азайту мақсатында акционерлердің бақыланатын құрылымдардың қаржылық жағдайы үшін жауапкершілігін қамтамасыз ету үшін қаржы конгломераттарын шоғырландырылған қадағалауға көшу жүзеге асырылады.
Екінші басымдық – қаржы ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және қаржы нарығындағы ірі ойыншылардың өсуі.
Жаһандану және интеграция, сондай-ақ квазиқаржылық көрсетілетін қызметтер мен жаңа технологиялардың қарқынды дамуы отандық қаржы нарығы үшін сын-қатерлермен қатар мүмкіндіктер де ұсынатын маңызды үрдістер болып табылады. Қазіргі кезде ұлттық шекараларға қарамастан, бүкіл әлемде ұсынылатын қаржы өнімдерінің ауқымды тізіміне қол жеткізуге болады.
Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына қатысуы аясында ағымдағы жылғы желтоқсан айынан бастап шетелдік банктер мен сақтандыру ұйымдары ел аумағында өз филиалдарын ашу құқығына ие болады. 2025 жылға қарай қатысушы елдердің бір-бірінің нарықтарына өзара кіре алу мүмкіндігін көздейтін ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын қалыптастыру жоспарланып отыр.
Мұндай жағдайда біз барлық күш-жігерімізді бәсекеге қабілетті және клиентке бағдарланған қаржы секторын қалыптастыруға жұмылдырумыз қажет екені анық.
Осы мақсаттарда банк секторының дәстүрлі моделі қайта құрылатын болады. Банктерді жаңа қаржы қызметтерінің, оның ішінде инвестициялық және цифрлық банкинг қызметтерінің кеңейтілген аясын ұсынатын мультифункционалды қаржы институттарына өзгерту үшін жағдайлар жасалатын болады, бұл халыққа депозиттерге балама жинақтау және капиталды көбейту құралдарын пайдалану есебінен жинақ ақшаларын инвестицияларға өзгертуге мүмкіндік береді.
Халыққа инвестициялаудың қосымша арналарын ұсыну мақсатында инвесторларға бағалы қағаздарды сатып алуға және инвестициялардың ұжымдық схемаларына қатысуға мүмкіндік беретін қолайлы жағдайлар жасалады. Нарықта бөлшек инвесторларды белсендіру олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтумен, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында жосықсыз әрекет ету фактілерінің алдын алумен қатар жүретін болады.
Сонымен қатар, жинақтаушы өмірді сақтандыру өнімдері, зейнетақы, білім беру және инвестициялық сақтандыру өнімдері дамиды. Сақтандыру бойынша бірыңғай дерекқор жаңғыртылады, болашақта икемді тариф белгілеу және клиенттердің андеррайтингінің сапасын арттыру мақсатында сақтандыру статистикасының толыққанды деректер банкі құрылады.
Микроқаржыландыру нарығын үдемелі дамыту жалғастырылады. Банктерден айырмашылығы, микроқаржы ұйымдарында қатаң пруденциялық нормативтер жоқ, бұл оларға қызметін жүзеге асыру кезінде тәуекелді көп қабылдауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты экономиканың басым салаларында, ең алдымен агроөнеркәсіптік кешенде, шағын және орта бизнес субъектілерін микрокредиттеуде микроқаржыландыруды кеңейту үшін жағдайлар жасалатын болады.
Кәсіпкерлер мен табысы төмен азаматтар үшін сақтандырудың қолжетімділігін арттыру мақсатында микросақтандыру саласы дамитын болады.
Сонымен қатар, интеграциялық бірлестіктер аясында шетелдік ойыншылардың келуі шетелдік инвестициялардың ағынына, жаңа қаржылық технологиялар мен инновациялар трансфертіне ықпал етіп, қаржы нарығында бәсекелестікті дамыту үшін қосымша жағдайларды қамтамасыз етеді, өз кезегінде, бұл халық үшін қаржылық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін ынталандыру көзі болады.
Үшінші басымдық экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін қалпына келтіру болып табылады.
Банк секторы қаржы ресурстарын қайта бөлудің негізгі ойыншысы болып қала отырып, экономиканы қаржыландыруда өз ұстанымын жоғалтуды жалғастыруда. Кредиттеу объективті факторлармен тежелуде, яғни іскерлік белсенділіктің төмендеуі, банктердің депозиттік базасының қысқа мерзімділігі, кепілмен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі, қарыз алушылардың кредит қабілеттілігін бағалау үшін жеткілікті ақпараттың болмауына байланысты қарыз қаражатына деген сұраныстың шектеулі болуы.
Жауапты кредиттеуді және сапалы өсуді қамтамасыз ету үшін банктердің андеррайтингі рәсімдері жетілдіріледі. Банктердің директорлар кеңесінің және акционерлердің кредиттік портфельдердің сапасын бақылау бөлігіндегі жауапкершілігі арттырылатын болады.
Пруденциялық реттеуде экономиканы кредиттеу үшін кедергілер жойылады. Тәуекел-саралау кредиттердің түрлері бойынша тәуекелдердің нақты көлемін ескеретін болады.
Экономиканы қаржыландыруды кеңейту мақсатында факторинг, аккредитивтер және лизинг сияқты банктік қаржыландырудың балама құралдарын дамыту үшін реттеушілік жағдайлар жасалатын болады. Жеткізілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтер үшін төлемнің бір бөлігін алу есебінен кәсіпорындар операциялық қызметтің үздіксіздігін қамтамасыз ете алады, ал лизинг ШОБ-тың ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін жеңілдетеді, шығындарды қысқартады және қымбат инвестициялардың қаржылық жүктемесін ұзақ мерзімге бөледі.
Бірнеше кредиторлардың қатысуы есебінен синдикатталған кредиттеуді енгізу мемлекет қаражатын тартпастан ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін арттыруға мүмкіндік береді.
Экономиканы кредиттеуді нарықтық қағидаттарға және салауатты бәсекелестікті қолдауға қайта бағыттау шеңберінде экономиканы қаржыландырудағы мемлекет пен квазимемлекеттік институттардың рөлін төмендету бойынша жұмыс жалғасады.
Банктердің баланстарын тазарту және жаңа кредиттеу үшін өтімділікті босату мақсатында тиімді проблемалық активтер нарығының барлық құрауыш бөлігін дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады. Проблемалық активтерді басқару, оларды экономикалық айналымға қайтару үшін проблемалық активтерді сату үшін реттеуші талаптар күшейтілді.
Кредиттік тәуекелдерді азайту және қарыздарды қайтарудың тиімді тетіктерін құру үшін оңалту және банкроттық рәсімдері жетілдіріледі.
Төртінші басымдық – қаржылық инклюзия мен қаржылық сауаттылықты арттыру.
Қаржы нарығының дамуы және күрделі қаржылық қызметтердің пайда болуы қаржылық сауаттылық жүйесін үнемі жаңартып отыруды қажет етеді. Ағымдағы жылғы мамырда Агенттік Үкіметпен бірлесе отырып жаңа Халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады, оның басты мақсаты азаматтардың жеке қаржысына қатысты шешімдер қабылдау кезінде ұтымды қаржылық әрекетті қалыптастыру, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау тиімділігін арттыру, сапалы қаржылық қызметтерді пайдалану арқылы өмір сапасын жақсарту болып табылады.
Қаржылық инклюзияны кеңейту мақсатында барлық санаттағы азаматтарға, оның ішінде еліміздің шалғай аймақтарындағы азаматтарға қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар кешені іске асырылады. Осы мақсатта мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз қолжетімділіктің бірыңғай стандарттары, сондай-ақ бейресми экономикада жұмыс істейтін тұтынушылар үшін арнайы қаржылық өнімдер енгізілетін болады.
Бесінші басымдық жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізу болып табылады.
Қаржы нарығында инновациялық технологияларды дамыту мақсатында Қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамада және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында көзделген шараларды іске асыру бойынша жұмыс жалғасады.
Агенттіктің өкілеттіктері озық қаржылық технологияларды пайдалану, оның ішінде қаржылық қызметтерге қолжетімділікті жеделдететін клиенттерді қашықтан сәйкестендіру рәсімдері үшін қолайлы реттеуші ортаны дамытуды жеделдетуге бағытталатын болады.
Қаржы нарығының цифрлық инфрақұрылымын дамыту шеңберіндегі шаралардың бірі Open API және Open Banking технологияларын енгізуді ынталандыру болып табылады. Бұл технологиялар мен нарыққа қатысушылардың өзара әрекеттесу форматтары ашықтықты арттырудың, қаржы нарығындағы бәсекелестік пен коллаборацияны ынталандырудың, инновациялық қаржлық-технологиялық өнімдері мен қызметтерін құрудың маңызды элементі болып табылады.
Қаржылық маркетплейстер – қаржы өнімдері мен қызметтерінің қолжетімділігінің артуына, бәсекелестіктің өсуіне, нарыққа қатысушылардың тиімді өзара әрекеттесуіне және тұтынушылардың жан-жақты ақпараттың негізінде қаржылық шешімдер қабылдауына ықпал ететін агрегаторлар алаңдарының жұмыс істеуі үшін ынталандыру құрылады.
«Реттеу ортасының» мүмкіндіктерін дамыту, оны нарық қатысушыларының бизнес қажеттіліктеріне көбірек бағыттау бойынша жұмыс жалғасады.
Реттеушінің нарыққа қатысушылармен өзара әрекеттесуін жеңілдету, қадағалау ақпаратының сапасын жақсарту және реттеуші талаптарды оңтайландыру үшін SupTech және RegTech технологиялары енгізіледі. Бұл реттеуші талаптардың орындалу сапасын жақсартады, бақыланатын субъектілердің реттеушіге ұсынатын есептілік көлемін азайтады, сондай-ақ тиісті шығасыларды азайтады.
Тұжырымдаманы әзірлеу процесі ашық болып табылады және Агенттіктің қаржы нарығының қатысушыларымен және халықаралық сарапшылармен тығыз ынтымақтастықта өтеді, бұл нарық қатысушылары мен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың тілектері мен қажеттіліктерін мүмкіндігінше ескеріп, ең үздік халықаралық стандарттар мен тәжірибелерге сүйене отырып, қаржы секторын дамыту бағыты бойынша ортақ ұстаным жасауға мүмкіндік береді.
Қаржы секторын 2030 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасын 2021 жылдың I тоқсанында аяқтау, ал Тұжырымдаманы қабылдау елдің бүкіл стратегиялық жоспарлау негізін құрайтын Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары бекітілгеннен кейін жоспарланып отыр.
Барлық қатысушылардан Тұжырымдаманы әзірлеуге белсенді қатысуды сұраймыз.
Таяудағы 10 жылға біз реттеуші үшін де, қаржы нарығына қатысушылар үшін де өте ауқымды жұмыс аясын айқындадық. Алайда, сіздердің тарабыңыздан қолдау көрсетілмесе, біздің барлық бастамаларымыздың нәтижесіз болатындығын атап өтеміз. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана біз нағыз мықты, бәсекеге қабілетті және түрлі сын-қатерлерге төтеп бере алатын қаржы секторын құра аламыз. Кез келген дағдарыс – бұл мүмкіндіктер уақыты және өзіміздің бәсекелестік артықшылығымызды нығайту және тиімді қаржы секторын құру үшін осы мүмкіндіктерді пайдалану қажет.
Тағы да баршаңызды келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Назарларыңызға рақмет!