Меню

Страницы

Статья

Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру Департаментінің директоры А.Л. Терентьевтің баяндамасы

Алматы қ. Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Берешекті реттеу: оны шешудің жолы мен болашағы» атты баспасөз конференциясынан

 

Қайырлы күн, құрметті журналистер!

Агенттік жұмысының маңызды бағыттарының бірі күрделі қаржылық жағдайға тап болған қарыз алушыларды қорғау болып табылады. Біздің міндетіміз - қарыз алушыға қарыз мәселесін шешудің түсінікті және қолжетімді тетігін қамтамасыз ету, жалғыз тұрғын үйді жоғалту қаупін азайту және әлеуметтік осал қарыз алушыларға атаулы көмек көрсету.

  1. Ағымдағы жылғы 27 шілдеде Агенттік басқармасы қаржы омбудсманының қызметі туралы нормативтік-құқықтық акт қабылдады. Жаңа қағидалар қаржы омбудсманы қызметінің жұмыс тәртібін, сондай-ақ бас қаржы омбудсманы мен қаржы омбудсмандарының өкілеттіктерін айқындайды. Сондай-ақ қағидалар жолданымдарды берудің, тіркеудің және қараудың ашық тәртібін, шешімдер қабылдаудың бірыңғай мерзімдерін, олардың орындалуын бақылауға қойылатын талаптарды, сондай-ақ уәкілетті органға ақпарат ұсыну тәртібін белгілейді.

Шын мәнінде, қаржылық даулар мен берешекті реттеу процесін қарыз алушылар үшін неғұрлым түсінікті, қолжетімді және ыңғайлы етуге мүмкіндік беретін бірыңғай жүйе қалыптасады. Қағидалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Агенттіктің қаржы омбудсманының қызметін айқындайтын осындай Қаулыны қабылдауы - бұл қарыз алушылардың мүдделері мен құқықтары назар аударатын берешекті реттеудің бірыңғай орталығын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

Егер халықаралық тәжірибені қарастыратын болсақ, Қазақстанда бірыңғай қаржылық омбудсманды құру әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді. Ұлыбританияда тұтынушылар мен қаржы ұйымдары арасындағы дауларды шешудің тегін тетігі болып табылатын бірыңғай Қаржы омбудсманы жұмыс істейді. Оның құзыретіне, атап айтқанда, банктік шоттар, кредиттік карталар мен қарыздар, ипотека, сақтандыру, зейнетақы, жинақ ақша және инвестициялар кіреді. Австралияда қаржылық дауларды қараудың бірыңғай сыртқы тетігі жұмыс істейді. Ол бұрын бірнеше салалық схемамен жүзеге асырылған жұмысты біріктіреді. Бұл тұтынушыға дау банкке, кредиттік ұйымға немесе сақтандырушыға қатысы бар-жоғына қарамастан шағым беру үшін бірыңғай арнаның болуына мүмкіндік береді.

ҚР-дағы қаржы омбудсманының қызметі банк, микроқаржы және сақтандыру секторларының құзыретін біріктіреді. Бұл қаржы нарығының түрлі қатысушыларының сараптамасын құруға және азаматтарды толғандыратын мәселелерді талқылау және шешу үшін тиімді диалог алаңын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қаржы омбудсманының алаңында қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңы құрылатын болады. Оның қызметі берешекті реттеу тетіктерін жетілдіру бойынша бірлескен шешімдер мен ұсыныстар әзірлеуге бағытталатын болады. Бұл шешім қабылдау кезінде заңдық және қаржылық көрсеткіштер ғана емес, адамдардың нақты өмірлік жағдайлары да ескерілуі қажет.

Бұл жүйенің маңызды элементі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап іске қосылған finkelisim.kz Ұжымдық қарызды реттеудің бірыңғай цифрлық платформасы болды. Ол банк және микроқаржы омбудсмандары негізінде «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді және бір рәсім шеңберінде бірнеше кредитор алдындағы міндеттемелерді қарауға мүмкіндік береді.

Қатысу үшін қарыз алушы платформада тіркеліп, биометриялық сәйкестендіруден өтуі керек. Өтініш бергеннен кейін жүйе кредиттік бюролардың деректері бойынша белгіленген талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді.

Егер талаптар сақталса, платформа кредиттер тізбесін қалыптастырып, ақпаратты кредиторларға жібереді. Олар берешектің мөлшерін растайды, содан кейін қарыз алушыға қол қою үшін құжаттар жіберіледі: омбудсманның шешімі, бірыңғай өтеу кестесі, медиатормен шарт және медиативтік келісімдер.

Құжаттарға қол қоюға 72 сағат беріледі. Оларға қол қойылғаннан кейін кредиторлар берешекті өндіріп алу шараларын тоқтата тұрады, ал қарыз алушы қарызды бірыңғай кестемен өтей бастайды. Платформа енгізілген қаражатты кредиторлар арасында берешек мөлшеріне теңбе-тең автоматты түрде бөледі.

Егер қарыз алушы келісімдердің талаптарын бұзса және мерзімі 40 күннен асса, кредитор өндіріп алуды заңнамада белгіленген тәртіппен қайта бастауға құқылы. Рәсімге қайта қатысуға жол берілмейді.

Платформаның негізгі әлеуметтік мәні – қарыз алушының әр қарызы жеке-жеке емес, барлық борыш жүктемесінің бағалануында.

Рәсім кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша екі немесе одан да көп кредиторлардың алдында 90 және одан да көп күн мерзімі өткен қарыз алушыларға қолжетімді. Жиынтық берешек
150 АЕК-тен 1 600 АЕК-ке дейін болуға тиіс, 2026 жылы бұл 648 мыңнан 6,9 млн теңгеге дейін.

Бұл ретте борыштар бойынша сот актілері, нотариустың атқарушылық жазбалары және қолданыстағы атқарушылық іс жүргізу болмауға тиіс.

Ұжымдық реттеу рәсімі кепілді, кәсіпкерлік, алаяқтық кредиттерге, сондай-ақ медиативтік келісімдер немесе төлем қабілеттілігі мен банкроттықты қалпына келтіру рәсімдері қолданылып жатқан берешекке қолданылмайды.

Бірінші кезеңде рәсім кепілсіз тұтынушылық қарыздарға қолданылады, ықтимал 350 мың проблемалық қарыз алушы сәйкес келеді. Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін өтеудің неғұрлым жеңіл шарттары – ай сайынғы төлемнің аз болуы және ұзақ мерзім көзделген.

Мысалы, қарыз алушы үшін жалпы талаптармен 5 млн теңгеден
7 млн теңгеге дейінгі берешек болған кезде төлем 60 айға дейінгі мерзіммен айына 117 мың теңгеге дейінгі, әлеуметтік тұрғыдан осал қарыз алушы үшін – 84 айға дейінгі мерзіммен 84 мың теңгеге дейінгі көлемді құрайды.

Бұл борыштың мөлшерін ғана емес, сонымен бірге отбасының нақты қаржылық мүмкіндіктерін де ескеруге мүмкіндік береді.

Finkelisim.kz платформамен бір мезгілде Кредитордың ұсыныс матрицалары қолданылады, олар банктер бекіткен бір кредитордың алдындағы берешекті реттеу шараларын жүйелейді. Олардың мақсаты – қарыз алушының нақты өлшемдері бойынша берешекті өтеу мерзімін, кірісін, қарыз алушының әлеуметтік мәртебесін және өндіріп алу сатысын ескере отырып, ең қолайлы және мүмкін болатын шешімді тез таңдауға мүмкіндік беретін бірыңғай алгоритм қалыптастыру. Олар төлемді кейінге қалдыруды, азайтуды, қарыз мерзімін ұзартуды, сыйақыны есептеуді тоқтатуды, өсімпұлды есептен шығаруды және басқа да шараларды көздейді.

Finkelisim.kz платформаны дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда.

Екінші кезеңде жеке сот орындаушыларының жүйесімен интеграциялау арқылы сот шешімдері бар қарыздарды қосу есебінен платформаның шекарасын кеңейту жоспарлануда.

Үшінші кезеңде платформаны жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық тетіктерімен интеграциялау көзделеді. Бұл проблемалық берешекпен: сотқа дейінгі реттеуден бастап банкроттық рәсімдерін қолдануға дейін қарыз алушының міндеттемелерді орындауға объективті мүмкіндігі болмаған жағдайларда жұмыс істеудің өтпелі тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қосымша Агенттік әлеуметтік осал азаматтардың жекелеген санаттары үшін олардың әлеуметтік жағдайын, кіріс деңгейін және мүліктік жай-күйін ескере отырып, оны оңайлату бөлігінде соттан тыс банкроттық тетігін жетілдіру мәселесін пысықтауда.

Осы бастама шеңберінде осындай санаттағы азаматтар үшін соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу мерзімін берешегі 1 600 АЕК-ке дейінгі және мерзімі бес жылдан асатын азаматтар үшін көзделген қолданыстағы оңайлатылған тәртіпке ұқсас алты айдан бір айға дейін қысқарту мүмкіндігі қаралады.

Алдағы уақытта барлық тетіктерді – жеке және ұжымдық реттеу, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық мәселелері бойынша азаматтарға ілеспе қызмет көрсету - қаржы омбудсманы базасында Берешекті реттеудің бірыңғай орталығында біріктіру жоспарлануда. Азамат үшін бұл бірыңғай жолданым беру нүктесі болады, ол жерде оның жағдайы кешенді түрде -мүмкін болатын өтеу шарттарын таңдаудан бастап заңда көзделген өзге де рәсімдерді қолдануға дейін қарастырылады  .

Бұл ретте Агенттік реттеудің жеке жағдайларын қарауға тікелей қатысуды кезең-кезеңімен қысқартатын болады, себебі берешекті өтеу шарттарын айқындау қарыз алушы мен кредитор арасындағы шарттық қатынастарға жатады. Агенттік міндетті талаптарды белгілеуді, қадағалауды жүзеге асыруды, заңнаманы және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзушылықтарды анықтау кезінде шаралар қабылдауды жалғастырады.

  1. Сонымен қатар, Агенттік «ӘДІЛЕТ» партиясымен (бұрынғы – «AMANAT» партиясымен) бірлесіп жүзеге асырылатын «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы шеңберінде жұмысын жалғастыруда. Оның мақсаты - қаржылық сауаттылықты арттыру ғана емес, сонымен қатар шамадан тыс кредит жүктемесіне тап болған азаматтарға практикалық көмек көрсету.

Үш жыл ішінде жоба шеңберінде 754 млрд теңге сомаға 703 мың қарыз алушының берешегін реттеу бойынша шаралар қабылданды. Қарыз алушыларға кейінге қалдыру, жеңілдетілген өтеу кестелері берілді, медиативтік келісімдер жасалды және басқа да қолдау шаралары қолданылды.

Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға ерекше назар аударылады.

Қазақстанда 756 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 105,6 мың МБА жалпы сомасы 262 млрд теңгені құрайтын 214 мың қолданыстағы кредиттік міндеттемелерге ие. 26,3 мың қарыз алушыда 51,7 мың қарыздан 48 млрд теңге сомасында проблемалық берешек бар.

Алматыда мүгедектігі бар 10 мыңға жуық адамның 8,6 млрд теңге сомада проблемалық берешегі бар.

Банктердің 142,5 мыңнан астам әлеуметтік осал топтағы азаматтардың берешегін міндеттемелерді толығымен есептен шығару арқылы реттегенін атап өту қажет.

Бұл сандардың артында нақты отбасылар тұр. Олар үшін кредитордың стандартты жауабы формальды түрде заңды, бірақ іс жүзінде орындалмайтын болуы мүмкін. Сондықтан Агенттік Алматы қаласының әкімдігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және Әділет министрлігімен бірлесіп бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың берешегін кешенді реттеу бойынша пилоттық жобаға бастамашылық жасады.

Жобаның негізгі қағидасы – атаулылық. Шешім кірістерді, мүліктік жағдайды, отбасы құрамын, әлеуметтік төлемдерді және өзге де өмірлік мән-жайларды ескере отырып қабылданатын болады. Жағдайға байланысты қайта құрылымдау, борыш жүктемесін төмендету, төлемді кейінге қалдыру, қарыз мерзімін ұлғайту және төлей алатын кестені қалыптастыру (5-10 мың теңге) қолданылуы мүмкін. Егер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкін болмаса, қарыз алушыға банкроттықтың қолжетімді рәсімдері түсіндірілуі тиіс.

Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша ұсынылған тетіктің тиімділігі бағаланатын болады. Алдағы уақытта оны елдің басқа өңірлеріне тарату мүмкіндігі қарастырылатын болады.

  1. Әлеуметтік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы болып қала береді.

Отбасы үшін ипотекалық тұрғын үй – бұл тек кепіл заты емес. Бұл – үй, балалардың қауіпсіздігі және өмір тұрақтылығының негізі. Сондықтан Бағдарламаның басты міндеті – қарыз алушыға борыш жүктемесін азайтуға және жалғыз баспанасын сақтауға көмектесу.

Ипотекалық қарыздар бойынша сыйақы және тұрақсыздық айыбы бойынша берешекті есептен шығара отырып, жылдық 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша қайта қаржыландыру көзделген.

2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздар бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге белгіленген бағамы бойынша теңгеге айырбасталады. Бұл азаматтарды валюта бағамының күрт өзгеруінен қорғауға мүмкіндік берді.

Әлеуметтік осал топтарға жататын қарыз алушылар үшін бұрын қайта қаржыландырылған қарыздар бойынша берешекті толық немесе ішінара есептен шығару көзделген. Егер жалғыз тұрғын үй банктің теңгеріміне өткен болса, Бағдарлама оны бұрынғы меншік иесіне қайтаруға мүмкіндік береді.

Револьверлік тетік есебінен көрсетілген қолдаудың жалпы көлемі 678 млрд теңгеге жетті. Қолдау шараларымен шамамен 60 мың ипотекалық қарыз алушы қамтылды.

Мерзімі өткеніне 90 күннен асқан ипотекалық қарыздардың деңгейі 2015 жылғы 30%-дан 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 0,6%-ға дейін төмендеді.

Аталған нәтижелер Бағдарламаның бір мезгілде екі міндетті шешетінін көрсетеді: азаматтарға атаулы қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді және банк жүйесінің ипотекалық портфелін сауықтыруға ықпал етеді.

Бағдарлама нақты әлеуметтік құрал болып табылады.

Біріншіден, қолдау нақты қарыз алушыға және нақты отбасына көрсетіледі. Оның нәтижесі берешектің азаюынан, төлемнің төмендеуінен немесе тұрғын үйдің қайтарылуынан көрініс табады.

Екіншіден, Бағдарлама нақты өмірлік жағдайларға бейімделіп отырады. Бастапқыда ол 2004–2009 жылдары берілген қарыздарды қамтыды. Кейіннен қолдау шаралары халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 2010–2020 жылдары берілген қарыздарға, сондай-ақ I топтағы мүгедектігі бар адамдарды және жетім балаларды қоса алғанда, қарыз алушылардың жекелеген санаттары үшін 2021–2024 жылдары берілген қарыздарға қолданылды.

Үшіншіден, бұл – жаппай берешекті есептен шығару емес, атаулы қолдау. Оның мақсаты – азаматқа қиын өмірлік жағдайдан шығуға, міндеттемелерін орындау қабілетін қалпына келтіруге жәрдемдесу және сонымен қатар жауапты кредит беру қағидатын сақтауды қамтамасыз ету.

Төртіншіден, мемлекеттік қаражат бірнеше рет пайдаланылады. Банктер қайтарған қаражат қайта қаржыландыруға қайта бағытталатындықтан, бір қаржы ресурсы азаматтардың неғұрлым көп санын қолдауға жұмсалады.

Агенттік іске асырып отырған барлық шараларды бір қағидат біріктіреді – көрсетілетін көмек атаулы сипатта болып, қарыз алушының мәселесін нақты шешуге бағытталуға тиіс.

Бұл берешекті жаппай есептен шығару туралы емес, азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруіне, міндеттемелерін өзіне қолайлы талаптармен орындауына және отбасының жағдайының одан әрі нашарлауына жол бермеуге мүмкіндік беретін жағдайлар жасау туралы болып отыр.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Назарларыңызға рақмет!

Дата публикации
28 июля 2026
Дата обновления
28 июля 2026
Тип
Баяндама

Сейчас читают

Біз туралы БАҚ
19 октября 2026
Қазақстан мен IOSCO кездесуінде инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды
Біз туралы БАҚ
13 октября 2026
Ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасының мерзімі ұзартылды
24 сентября 2026
График приема граждан

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы