Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы қор нарығы кәсіби қатысушыларының қызметін ырықтандыру және инфрақұрылымды жетілдіру жөніндегі одан арғы қадамдар шеңберінде «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулы қабылдады.
Қаулы бағалы қағаздар нарығындағы қызметті реттейтін 16 нормативтік құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қамтиды.
Атап айтқанда, бағалы қағаздар нарығы кәсіби қатысушыларының қызметін ырықтандыру мақсатында маржиналдық мәмілелерді, халықаралық нарықтағы мәмілелерді жасасу және шетелдік инвесторлар үшін дербес шоттар ашу тәртібі оңайлатылды. Кәсіби қатысушылар халықаралық нарықта сауда жасау үшін өз клиенттерінің активтерін сақтай алатын және есепке ала алатын шетелдік есеп айырысу ұйымдарының тізімі, сондай-ақ қор биржасының мүшелері бола алатын шетелдік заңды тұлғалардың тізбесі кеңейтілді.
Қор нарығында орталық контрагенттің іске қосылуына байланысты брокерлер үшін тәуекелдерді өтеу коэффициентін есептеу бойынша талаптар алып тасталды. Брокер үшін банк операцияларының рұқсат етілген түрлерін қоса атқару бойынша шектеулер алып тасталды. Тәуекелдерді басқару жүйесі шеңберінде қор биржасы үшін шектен тыс есептілік алып тасталды.
Бағалы қағаздар нарығы кәсіби қатысушыларының қор нарығында қашықтан қызмет көрсету бойынша мүмкіндіктері кеңейтілді. Атап айтқанда, клиенттердің ЭЦҚ-ны не биометриялық немесе динамикалық сәйкестендіру құралдарын пайдалана отырып, электрондық тәсілмен брокерлік шарттар жасасу, клиентті биометрия арқылы сәйкестендіру және номиналды ұстаушылардың клиенттері туралы деректерді салыстырып тексеру кезінде ҚБЕО (СДАО) және ҚКБ сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының қызметтерін брокерлердің пайдалану мүмкіндігі белгіленген.
АХҚО ішкі қор нарығы мен биржасын интеграциялау үшін орталық депозитарий мен АХҚО биржасының депозитарийі арасында депозитаралық көпірлерді қалыптастыру мүмкіндігі енгізілді.
Орталық депозитарийге банктік депозиттік сертификаттарға құқықтарды есепке алу және растау құқығы беріледі. Осылайша, орталықтандырылған есеп жүргізу және банктік депозиттік сертификаттарды Орталық депозитарийде сақтау мүмкіндігі беріледі.
Инвесторлар мен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында брокердің клиенттермен және контрагенттермен тек корпоративтік байланыс құралдары арқылы өзара іс-қимылы көзделген.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы алуларына болады:
+7 (727) 2 788 104, ішкі 5602
e-mail: PRESS@finreg.kz
www.finreg.kz