Құрметті әріптестер, конгреске қатысушылар!
Агенттіктің атынан сіздерді Қазақстан қаржыгерлері күнімен және Ұлттық валюта – теңге күнімен құттықтаймын!
Жыл сайын бұл мереке еліміздің заманға сәйкес қаржы жүйесін қалыптастырудағы жолын айқындайды.
Біздің ортақ мақсатымыз – макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтау, сондай-ақ өсу, инновациялар және ұзақ мерзімді инвестициялар үшін жағдай жасау.
Қаржы секторының өкілдері бәсекеге қабілеттілікті, инновациялықты, қаржылық қызметтерге қол жеткізуді арттыруға елеулі үлес қосуда.
Қаржы жүйесінің тұрақтылығы жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! Отбастарыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!
Құрметті әріптестер!
Бүгінгі күні Қазақстанның қаржы секторы елдің экономикалық мақсаттарына қол жеткізуді белсенді қолдай отырып, орнықтылық пен сенімді өсуді көрсетуде.
Қаржы ұйымдарының жиынтық активтері биыл жыл басынан бастап 9%-ға ұлғайып, 75 трлн теңгені құрады және ЖІӨ-нің 51%-ына жетті. Өсу қаржы нарығының барлық сегменттерінде байқалады.
Банк секторы Қазақстанның қаржы жүйесінің негізі болып қала береді. Банктердің активтері ұлғайып, 67 трлн теңгені құрады, ал соңғы бес жылда үш есеге жуық ұлғайды. Капиталдың жеткіліктілігі деңгейі ең төменгі талаптардан 2,5 есе артық және 20%-дан асады. Проблемалық кредиттердің үлесі 2020 жылы 8%-дан төмендеп, төмен 3,5% деңгейде сақталып отыр.
Сонымен қатар, халық пен бизнестің қаржы жүйесіне деген сенімінің артуы байқалады. Клиенттердің депозиттерінің көлемі 2,5 есе артып, 45,7 трлн теңгеге жетті, ал жеке тұлғалардың салымдары үш есеге жуық – 26,5 трлн теңгеге дейін өсті.
Қаржылық инклюзия деңгейі қалаларда 90%-ды және ауылдық жерлерде 85%-ды құрайды, ал қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 90%-ға жақындады. Бұл көрсеткіштер сенімнің өсуін ғана емес, сонымен қатар заманауи қаржылық мәдениетті қалыптастыратын банктік қызметтерді жан-жақты цифрландыруды да көрсеіп отыр.
Сақтандыру нарығы орнықты өсуді көрсетіп отыр, сақтандыру компанияларының активтері биыл жыл басынан бастап 20%-ға ұлғайып, 3,8 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте халықты сақтандыру қорғауы күшейіп, сақтандыру төлемдерінің көлемі 37%-ға өсіп, 320 млрд теңгені құрады.
Бағалы қағаздар нарығы бюджет пен жеке секторды қаржыландыру үшін қосымша капитал көзі ретінде позицияларды нығайтуда. Акциялар нарығын капиталдандыру 22%-ға өсіп, 40 трлн теңгені құрады. Тоғыз айда эмитенттер 8,6 трлн теңге тартты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға артық.
Микроқаржы секторы белсенді дамуда. Ол шағын бизнес пен халыққа кредит беруде маңызды рөл атқарады. МҚҰ активтері 15%-ға 3,5 трлн теңгеге дейін өсті, бұл ретте микрокредиттер портфелінің 60%-ы бизнеске тиесілі қарыздар.
Қаржы нарығының серпінді дамуына оның қаржылық орнықтылығы мен бәсекелестігін нығайтуға бағытталған негізгі реформаларды іске асыру ықпал етеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Банктер туралы жаңа заң жобасы әзірленіп, Парламентке енгізілді, экономикаға кредит беруді ынталандыру, тұтынушылық кредит беру тәуекелдерін азайту және алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылданды.
Бірінші. Банктер туралы жаңа заңның әзірленуі банк секторындағы биылғы жылдың басты оқиғасы болды.
Осы жаңа заң қаржылық тұрақтылықты, бәсекелестікті дамытуды және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін озық стандарттарға және реттеу мен қадағалаудың үздік халықаралық тәжірибесіне бағдарланған банктік реттеудің заманауи моделінің негізін қалайды.
Заң жобасы аясында біз жылдар бойы жасалған барлық ең жақсы нәрселерді сақтап қалдық, сондай-ақ бірқатар жаңалықтар енгіздік. Банк секторын реформалау ХВҚ мен Дүниежүзілік Банктің 2024 жылы аяқталған Қаржы секторын бағалау бағдарламасының (FSAP) қорытындыларын ескереді. Қазақстан Базель банктерді қадағалауының 29 қағидатының 22-сінің сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, жоғары баға алды.
Реттеушілік деңгейде 2025 жылы банк конгломераттарын шоғырландырылған қадағалауға көшу аяқталды.
2025 жылғы қаңтардан бастап SREP, AQR және стресс-тестілеуді қоса алғанда, қадағалап бағалауының қорытындысы бойынша жеке капиталға қадағалау үстемесі енгізілді, консервациялық буфер 3%-ға дейін ұлғайтылды. Бұдан басқа, жұмыс істемейтін кредиттерді айқындау кеңейтілді және 3% деңгейінде левередж коэффициенті енгізілді, бұл банктердің қаржылық орнықтылығына қойылатын талаптарды күшейтеді.
Жаңа Заң шеңберіндегі түзетулердің жеке топтамасы уәжді пайымдауды қолдану аясын кеңейтеді және корпоративтік басқару стандарттарын арттырады. Негізгі функциялардың – тәуекел-менеджмент, ішкі аудит және комплаенс басшылары тәжірибе мен іскерлік беделге қойылатын талаптарды белгілей отырып, басшы қызметкерлерге теңестіріледі.
Төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің жаңа тетігі енгізілуде.
Банктер туралы жаңа заңның ережелерін ескере отырып, Қазақстан Базель банктерді қадағалау қағидаттарына толық сәйкестікті қамтамасыз ету жұмысын аяқтайды.
Екінші. Мемлекет басшысының бәсекелестікті дамыту және қаржы нарығына жаңа ойыншыларды тарту жөніндегі тапсырмасын орындауға көп көңіл бөлінді.
Шетелдік инвесторлардың кіру шарттарын ырықтандыру үшін 2025 жылғы маусымда шетелдік банктер үшін нарыққа кіру талаптарын едәуір қысқартқан заңнамалық түзетулер қабылданды.
Биыл екі жаңа банк лицензия алды – Оңтүстік Кореяның БиЭнКей коммерциялық банкі және «KMF Bank».
Банктер туралы жаңа заң шеңберінде базалық және әмбебап банктік лицензияны енгізу арқылы жаңа қаржы институттарының пайда болуы үшін жағдайларды одан әрі ырықтандыру көзделген. Тепе-тең реттеу қағидаты енгізіледі, орнықтылық пен есептіліктің негізгі қағидаттары сақталған жағдайда отырып, банктік лицензия алу талаптарын жеңілдету көзделеді.
Үшінші. Заң жобасында банктердің экожүйелер, банк қызметіне озық технологиялар енгізу және банктердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру шеңберінде инновациялық қаржы өнімдерін дамыту үшін қаржылық-технологиялық компаниялардың капиталына инвестициялау мүмкіндіктері кеңейтілуде. Инвестициялардың тәуекелдермен қатар жүретінін ескере отырып, банктердің салымдары капиталдың мөлшеріне байланысты шектелетін болады.
Банктер туралы жаңа заң жобасы Қазақстанда айналысқа жіберілген активтер класы ретінде цифрлық қаржы активтерін (ЦҚА) реттеуді алғаш рет енгізіп отыр. Қаржы құралдары, мүліктік құқықтар немесе өзге де мүлік базалық қамтамасыз етілуі мүмкін ақшамен қамтамасыз етілген стейблкоиндерді, өзге де ЦҚА шығару, сондай-ақ дәстүрлі қаржы құралдарын цифрлық нысанда шығару көзделген.
Төртінші. Корпоративтік кредиттеудің қолжетімділігін қолдау және тұтынушылық кредиттеу қарқынын төмендету жоғары инфляция және қатаң ақша-кредит саясаты жағдайында маңызды басымдық болып қала береді. Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп құрылымдық және пруденциялық ынталандыру шараларының кешенін іске асырды.
Капиталға реттеушілік жүктеме төмендетілді және ШОБ қарыздары мен синдикатталған кредиттер бойынша тәуекел-саралау коэффициенттері 100%-дан 50%-ға дейін төмендетілді.
Сонымен бірге кепіл саясаты жеңілдетілді: қамтамасыз етудің жекелеген түрлерінің өтімділік коэффициенттері көтерілді және кепілмен қамтамасыз етудің түрлері кеңейтілді.
ШОБ кредиттері бойынша Кепілдік қорының жаңа тетігі құрылды, мұнда қорды қаржыландыру банктердің, «Даму» қорының және бюджеттің жарналары есебінен жүзеге асырылады, бұл модельдің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Жыл басынан бері 267 млрд теңге сомаға 1 500 кепілдік берілді.
2024 жылы синдикатталған кредит берудің құқықтық базасы құрылды, бұл ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін бірнеше банктердің ресурстарын біріктіруге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде 2,7 трлн теңгеге 12 жоба қаржыландырылды.
ЕДБ ұзақ мерзімді қорландыруды қолдау үшін 2024 жылдан бастап 500 млрд теңге сомаға 7 жылға дейінгі мерзімге банк облигацияларына зейнетақы активтерін инвестициялау бағдарламасы жұмыс істейді.
Өз кезегінде, тұтынушылық кредит беруді ынталандырмау үшін 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 350%-ға дейінгі тәуекел-саралау коэффициенттері көтерілді, қарыз алушыда банктік қарыздар бойынша 30 күннен астам және микрокредиттер бойынша 1 күннен астам қолданыстағы төлем мерзімі өткен қарыздары болған жағдайда 5 жылдан астам тұтынушылық қарыздар беруге тыйым салынды.
Ұлттық Банкпен бірлесіп капиталдың 2% мөлшеріндегі секторлық контрциклдік буфері және жаңа пруденциялық норматив – жылдық кіріске борыш коэффициенті (Debt-to-Income) қабылданды.
Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша экономикаға берілген кредиттер 14,6%-ға 38,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде бизнеске берілген кредиттер
12,1%-ға 14,7 трлн теңгеге дейін өсті. Кепілсіз тұтынушылық кредиттердің өсу қарқыны 2024 жылғы 29,3%-ға өсіммен салыстырғанда 12,7%-ға дейін 11,5 трлн теңгеге дейін баяулады.
Бесінші. Биыл Агенттік қызметінің маңызды бағыты қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл болды. А.ж. 30 маусымда Қаржы нарығын дамыту мәселелері жөніндегі заңның қабылдануы жүйелік шара болды.
Заңмен кепілсіз қарыздар беру кезінде «шешім қабылдау кезеңі», 1 млн теңгеден астам сомаға қарыздар кезінде 24 сағат және 600 мың теңгеден астам қарыз беру кезінде 8 сағат енгізілді. Азаматтардың қарыз шарттарын тексеруге және қаржылық шығындарсыз қарыздан бас тартуға уақыты болады.
Сонымен қатар, бірінші тұтынушылық кредитті бұдан былай қарыз алушының жеке қатысуынсыз ресімдеу мүмкін емес. 2025 жылғы қаңтардан бастап банктер мен МҚҰ нақты уақыт режимінде алаяқтық және тәуекелі жоғары операцияларды анықтау үшін меншікті антифрод-жүйелерін енгізуге және мамандандырылған бөлімшелер құруға міндетті.
Жаңа заң жобасы шеңберінде қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың толыққанды жүйесін қамтамасыз ету үшін іс-қимылды қадағалау және іс-қимыл тәуекелдерін басқару моделі енгізілуде. Реттеуші жосықсыз практикалар мен қаржы өнімдерінің қолданылуын жедел тоқтата тұру құқығына ие болады. Бірыңғай қаржы омбудсманы құрылады, ал банктер клиенттердің өтініштерін сапалы қарауды қамтамасыз етуге міндетті.
Алтыншы. Сақтандыру нарығын дамыту.
Сақтандыру нарығы орнықты өсуді және дамудың оң серпінін көрсетуді жалғастыруда. 9 айдағы сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 13%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрады.
Нарықты одан әрі дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін Агенттік жүктелген сақтандырудың жаңа түрін енгізді - адамдар жаппай болатын объектілер иелерінің жауапкершілігі, ол келушілердің өміріне, денсаулығына және мүлкіне зиян келтіру тәуекелдерін өтейді. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының өмірді жинақтаушы сақтандырудың барлық түрлеріне кепілдіктері кеңейтілді. Сақтандыру ұйымдарына IT-компанияларға инвестициялау құқығы беріледі, бұл саланың технологиялылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Азаматтардың мүлкін табиғи тәуекелдерден қорғау үшін тұрғынжайды апатты тәуекелдерден міндетті сақтандыру туралы заң жобасы дайындалды, оны 2026 жылы іске асыру жоспарланып отыр.
Жетінші. Қор нарығын дамыту.
Капитал нарығы ұзақ мерзімді инвестициялардың келіп түсуін, бизнесті қолдауды және қаржыландыру көздерін әртараптандыруды қамтамасыз етеді, сондай-ақ инвесторлардың елге деген сенімінің маңызды индикаторы болады.
Жыл басынан бері акциялар нарығын капиталдандыру 20%-ға 39,6 трлн теңгеге дейін өсті, корпоративтік борыш көлемі 14 трлн теңгені құрады. Нарыққа 19 жаңа эмитент шықты, ал KASE тізімдерінде 265 компанияның 845 құралы айналыста жүр. Соңғы екі жылда бөлшек инвесторлық база елеулі түрде кеңейе түсті. Орталық депозитарийде 4 миллионнан астам шот ашылды. Бұған мемлекеттік компаниялардың ІРО-сы, банктердің брокерлік сервистері мен мобильді қосымшалардың дамуы ықпал етті.
Қор нарығының инфрақұрылымын цифрлық трансформациялау аяқталды. Сауда және есептік-клирингтік жүйелер жаңартылды, барлық сегментте орталық контрагент енгізілді. Орталық депозитарий бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдерін жүргізуді автоматтандырды және эмитенттердің корпоративтік іс-қимыл порталын іске қосты.
Шетелдік инвесторлардың тікелей қолжетімділігі үшін жағдайлар жасалды: Euroclear, Clearstream және BNY Mellon-мен депозитаралық байланыстар кеңейтілді, банктерге бейрезидентердің Орталық депозитарий жүйесіндегі шоттарын басқару құқығы берілді.
Қор нарығын дамыту бойынша маңызды қадамдардың бірі Ұлттық рейтингтік агенттікті құру болып табылады, ол кредитке қабілеттіліктің тәуелсіз бағалауын ұсынатын болады. Оны енгізу рейтингтерге деген қолжетімділікті кеңейтеді, капиталды тартудың жаңа арналарын ашады және корпоративтік облигациялар нарығын нығайтады.
Инвесторлық базаны кеңейту үшін Инвестициялық қорлар туралы жаңа заңның жобасы әзірленді.
Институционалдық инвесторлардың жаңа класының пайда болуы үшін жағдай жасайтын Эндаумент-қорлар туралы заң қабылданды.
Институционалдық сұранысты ынталандыру үшін зейнетақы активтерін және бюджеттен тыс активтерді жеке басқарушы компанияларға беру жалғасуда: 700 млрд теңгеден астамы берілді.
Құрметті әріптестер!
Қазақстанның қаржы секторы орнықтылықты, ашықтықты және инновацияларды арттыруға бағытталған қайта құру кезеңінен өтуде.
Біздің мақсатымыз – экономикалық өсуді және азаматтардың әл-ауқатын тиімді түрде қолдайтын бәсекеге қабілетті, технологиялық тұрғыдан дамыған қаржы нарығын құру.
Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтаймын. Сіздерге мықты денсаулық, күш-қуат және жаңа жетістіктер тілеймін!