Меню

Страницы

Статья

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы бойынша Парламент Мәжілісіндегі Жалпы отырысқа арналған баяндама

Құрметті Ерлан Жақанұлы!

Құрметті депутаттар!

Сіздердің қарауларыңызға «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобалары ұсынылып отыр.

Заң жобалары Мемлекет басшысының 2024 жылғы және 2025 жылғы Жолдауларын іске асыру мақсатында әзірленді.

Банктер туралы жаңа заңның құрылымы айтарлықтай өзгертілді. Қолданыстағы нормаларға ревизия және оңтайландыру жүргізілді. Банктерде корпоративтік басқару, іс-қимылды қадағалау, төлемге қабілетсіз банктерді реттеу бойынша жаңа бөлімдер көзделді. Заң жобасы 9 бөлімнен, 23 тараудан және 135 баптан тұрады. Ілеспе заң жобасында 7 кодекске және 35 заңға түзетулер енгізіледі.

Заң жобаларында банк қызметін реттеудің негізгі мақсаты ретінде Қазақстан Республикасының банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету айқындалған.

Жаңа Заңда банк қызметін реттеудің мынадай міндеттері көзделген:

1) Банк жүйесінің жұмыс істеуі үшін құқықтық негіздерді белгілеу;

2) Банк қызметіне қатысты реттеу, бақылау және қадағалау;

3) Депозиторлардың, өзге де кредиторлар мен клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;

4) Банктік қызметтер нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге ықпал ету;

5) Қаржылық сауаттылық деңгейін және халық үшін банк қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға ықпал ету.

Заң жобасы шеңберінде төмендегідей негізгі бағыттар көзделеді.

БІРІНШІ. Банк қызметін тепе-тең реттеуді енгізу.

Шоғырлануды төмендету және бәсекелестікті дамыту үшін базалық және әмбебап лицензияларды енгізу арқылы банк қызметін лицензиялауға қойылатын талаптарды ырықтандыру көзделеді.

Бұл тәсілдің мақсаты – ірі банктердің ғана емес, сол сияқты нарыққа жаңа қатысушылардың дамуын қамтамасыз ететін орнықты әрі бәсекелес ортаны қалыптастыру.

Базалық лицензия әмбебап лицензиядан рұқсат етілген операциялар көлемі мен реттеушілік талаптар деңгейі бойынша ерекшеленеді.

Базалық банктік лицензиясы бар банктер үшін Заң жобасында активтердің ең жоғары мөлшері мен меншікті капиталдың ең аз мөлшеріне шектеулер белгіленеді. Бұл ретте нақты шекті мәндер заңға тәуелді актілерде айқындалады. Қазіргі кезеңде активтердің мөлшерін 500 млрд теңгеге дейін және капиталдың ең аз мөлшерін 10 млрд теңгеге дейін шектеу жоспарлануда.

Базалық лицензиясы бар банктерді қадағалау және оларға қойылатын пруденциялық талаптар жеңілдетіледі. Жыл сайын жасалатын қадағалап бағалау процесі жеңілдетілген түрде қолданылады, инспекциялар жүргізу кезеңділігі және берілетін есептілік қысқартылады.

ЕКІНШІ. Қаржылық-технологиялық секторды  дамытуды ынталандыру және цифрлық қаржы активтерін реттеу.

Заң жобасының негізгі жаңалығы – активтердің жаңа класы ретінде цифрлық қаржы активтерін реттеуді енгізу және олардың Қазақстан аумағындағы айналымына рұқсат беру. Атап айтқанда, цифрлық қаржы активтерінің үш түрін енгізу көзделген:

Біріншіден, базалық активі ақша болып табылатын цифрлық қаржы активтері, яғни стейблкоиндер.

Стейблкоиндерді шығару, айналысқа жіберу және өтеу тәртібіне, шарттарына қойылатын талаптарды Ұлттық Банк айқындайды.

Екіншіден, базалық активі қаржы құралдары, қаржы активі, мүліктік құқықтар, тауарлар немесе өзге де мүлік болып табылатын цифрлық қаржы активтері.

Үшіншіден, цифрлық платформада электрондық-цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдары.

Агенттікке стейблкоиндардан басқа, цифрлық қаржы активтерін шығару, айналысқа жіберу және өтеу тәртібіне, шарттарына қойылатын талаптарды белгілеу өкілеттіктері беріледі.

Цифрлық қаржы активтерін цифрлық платформалар операторлары шығаратын болады. Бұл операторлар – қаржы нарығының жаңа субъектілері, олардың қызметіне лицензияны Ұлттық Банк беретін болады.

Цифрлық қаржы активтеріне қолданыстағы қаржы құралдары үшін белгіленген ұқсас талаптар, оның ішінде тәуекелдерді басқаруға, ақпаратты жария етуге және инвесторлардың құқықтарын қорғауға қатысты талаптар қойылатын болады.

Бұдан басқа, Заң шеңберінде цифрлық активтердің басқа түрін реттеу көзделген. Бұл қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер, яғни криптовалюталар. Криптовалюталарды айырбастайтын ұйымдарды құру көзделеді. Олардың қызметіне Ұлттық Банк лицензия береді және реттейді. 

Инвесторларды қорғау үшін Ұлттық Банк айналысқа рұқсат етілген криптовалюталардың тізбесін, сондай-ақ криптовалюта айырбастаушылардың операциялары бойынша лимиттер мен шектеулерді белгілейтін болады.

Кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында криптовалюта айырбастаушылар мен цифрлық активтер нарығының инфрақұрылымдық қатысушылары қаржылық мониторинг субъектілерінің тізбесіне енгізіледі.

Сондай-ақ Заң жобасында банктердің экожүйелер шеңберінде инновациялық қаржы өнімдерін дамыту, банк қызметіне озық технологияларды енгізу және банктердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қаржылық-технологиялық компаниялардың капиталына инвестициялау мүмкіндіктері кеңейтіледі. Банктерге цифрлық технологиялар, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік, биометрия, жасанды интеллект және телекоммуникация салаларында еншілес компанияларды құру және сатып алу құқығы беріледі.

Банктердің еншілес ұйымдары шетелдік қаржы және лизингтік компанияларға инвестиция сала алады. Еншілес сақтандыру ұйымдарына шетелдік сақтандыру брокерлерін, медициналық мекемелерді құруға және халықаралық сақтандыру синдикаттарына қатысуға рұқсат етіледі.

Заң жобасында түзетулердің едәуір блогы ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған. Оған ашық банкинг жүйесі, мобильді төлемдер мен төлем карточкалары жүйесі, ұлттық төлем жүйесі, сәйкестендіру деректерін алмасу орталығы және цифрлық теңге кіреді.

Цифрлық теңгенің ұлттық валютаның жаңа нысаны ретіндегі мәртебесі заңнамалық түрде бекітіледі. Цифрлық теңгенің айналысы және оны пайдалану тәртібін  Ұлттық Банк айқындайды.

ҮШІНШІ. Исламдық банкингті дамыту.

Қаржыландырудың балама тетіктерін дамыту үшін әмбебап банктерге қолда бар лицензия шеңберінде исламдық банк операцияларын жүзеге асыру құқығын беру көзделеді.

Бұл нормалар банктерге жеке банкті құрмай, өзқұрылымындаарнайы бөлімшелер құру арқылы   исламдықөнімдердіұсынуға мүмкіндік береді.

Заң жобасында исламдық қызметті ұйымдастырушылық тұрғыдан оқшаулау, активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алу және басқару, жеке қызметкерлерді бөлу, сондай-ақ қаржы өнімдерін бекітетін және аудит жүргізетін шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңестің болуы көзделген.

ТӨРТІНШІ. Іс-қимылды қадағалаудың тәуекелге бағдарланған жүйесін енгізу.

 Заң жобасы шеңберінде тәуекелге бағдарлану қағидаттарында іс-қимылды қадағалаудың толыққанды моделін енгізу көзделген.

Жаңа модель іс-қимыл тәуекелдерін басқару жүйесін құруды көздейді. Оған іс-қимыл тәуекелдерін басқару стратегиясы, қаржы өнімдерін бағалау бойынша тәуелсіз бөлімшелер құру, қаржы өнімдерін басқару бойынша, қаржы өнімдері туралы тұтынушыларға толық және шынайы ақпаратты жеткізу бойынша қаржы ұйымдарына қойылатын талаптар, сондай-ақ тұтынушылардан кері байланысты талдау кіреді.

Бұдан басқа, Заң жобасында жосықсыз практикалардың тізбесі бекітілді, атап айтқанда қызметтерді мәжбүрлеу, нақты құнын жасыру және жаңылыстыратын ақпаратты тарату. Агенттікке тұтынушылардың мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін өнімдерді сатуды тоқтату бойынша өкілеттіктер беріледі.

Сонымен бірге Заң жобасында банк, сақтандыру және микроқаржылық қызметтер бойынша қаржы омбудсманының бірыңғай офисін құру көзделеді. Омбудсманның шешімдерін қаржы ұйымдары орындауға міндетті. Бұл азаматтардың жолданымдарын қараудың біркелкілігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғау үшін дауларды сотқа дейін реттеудің үш деңгейлі жүйесі енгізіледі. Шағымдарды бастапқыда қаржы ұйымдары қарайды, одан кейін қаржы омбудсманына және Агенттікке жүгінеді.

БЕСІНШІ. Төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің жаңа тетігін енгізу.

Халықаралық практикаға сәйкес келетін жаңа тетік банктердің төлемге қабілетсіздігін реттеуге кешенді тәсілді және үйлестірілген ведомство аралық өзара іс-қимылды көздейді.

Бұл тәсіл халықаралық стандарт болып табылады, оны жетекші қаржылық реттеушілердің көпшілігі, оның ішінде Еуропалық Одақ, АҚШ, Ұлыбритания енгізді.

Біріншіден, реттеу тетігі дағдарысқа қарсы үш режимнен тұрады: күшейтілген қадағалау, қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру және төлемге қабілетсіз банкті реттеу. Режимдердің өзгеруі алдын ала белгіленген триггерлер бойынша жүзеге асырылады, бұл реттеушінің уақтылы әрекет етуін және олардың болжамдылығын қамтамасыз етеді.

Екіншіден, банктердің қаржылық жағдайының нашарлауын болдырмау үшін жаңа құралдар, яғни қалпына келтіру жоспарлары және реттеу жоспарлары  енгізіледі. Бұл құжаттар банктідағдарыстыжағдайданшығаружәне төлем қабілетсіздігін болдырмау бойынша жан-жақты шараларды айқындайды. Жоспарларды әзірлеу және жыл сайын жаңарту банктердің, сол сияқты реттеушінің де міндеті болады.

Үшіншіден, банк төлемге қабілетсіз деп танылған жағдайда, оның қызмет етуін реттеу мен бағалаудың нақты рәсімі белгіленеді.

Жүйелік емес банктер үшін банкті жаңа инвесторға сату, активтер мен міндеттемелерді, оның ішінде тұрақтандыру банкіне беру, сондай-ақ міндеттемелерді капиталға айырбастау құралдары көзделген.

Бұдан басқа, жүйелік маңызы бар банктер үшін олардың міндеттемелері есебінен шығындарды игерудің жаңа тетігі көзделеді.

Жүйелік маңызы бар банкті реттеу кезінде бірінші кезекте акционерлік капитал есептен шығарылады, яғни банк акционері банкке иелік етуді толығымен жоғалтады. Одан кейін аталған тетік шеңберінде басқа кредиторлардың барлық міндеттемелері есептен шығарылады. Бұл шаралар қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру үшін әлі де жеткіліксіз болса, мемлекеттің капиталға кіру мәселесі қаралуы мүмкін.

Бұл туралы шешімді Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес банктің қаржылық тұрақтылыққа әсерін, сондай-ақ халық пен бизнес салымдарының сақталу қажеттілігін ескере отырып қабылдайды.

Мемлекеттің қатысуы уақытша, өтеулі және көлемі бойынша шектеулі болады. Банк акционерлері мен басшылығын ауыстыру, дивидендтер мен бонустар төлеуге тыйым салу, тәуекелді операцияларды шектеу және қаржылық қалпына келтіру жоспарын іске асыру сияқты талаптар қойылады.

Қаржылық орнықтылық қалпына келгеннен кейін банк жаңа инвесторға сатылады, ал салынған мемлекеттік қаражат бюджетке қайтарылады.

Мемлекетте шығындар туындаған жағдайда, оларды өтеу банк саласы есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл әділ және тепе-тең жауапкершілік қағидатын көрсетеді, оған сәйкес банк жүйесін тұрақтандыруға жұмсалатын шығыстар мемлекеттік бюджет пен салық төлеушілерге емес, нарыққа қатысушыларға жүктеледі.

АЛТЫНШЫ. Банктерді реттеуді жетілдіру.

Заң жобасында тәуелсіз директорлар шешімдерінің  объективтілігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін олардың институтын күшейту көзделеді. Тәуелсіз директорлардың тәуелсіздігіне қосымша талаптар енгізіледі, сондай-ақ директорлар кеңесінде болудың ең көп мерзімін 9 жыл деп белгілеу көзделеді.

Сонымен бірге халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес банкпен ерекше қатынастармен байланысты тұлғалардың тізбесі кеңейтіледі.

Уәжді пайымдау тетігін қолдану кеңейтіледі. Тәуекелдер, ішкі аудит және комплаенс бөлімшелерінің  басшыларына қойылатын талаптар белгіленеді.

Сонымен бірге ескірген және қайталанатын нормалар алып тасталды, ал барлық қаржы ұйымдарының акционерлері мен басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар бір ретке келтіріліп,  Қаржы нарығын  мемлекеттік реттеу туралы заңға ауыстырылады.

Құрметті депутаттар!

Ұсынылған өзгерістер банк жүйесінің қаржылық орнықтылығын арттыруға, ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге, бәсекелестікті дамытуға және қаржы секторындағы инновацияларды ынталандыруға ықпал ететін болады.

Сіздерге Заң жобаларын қарау кезінде сындарлы жұмыс жүргізгендеріңіз үшін алғыс айтуға рұқсат етіңіздер.

 

Назарларыңызға рақмет!

Дата публикации
05 ноября 2025
Дата обновления
05 ноября 2025
Тип
Баяндама

Сейчас читают

Біз туралы БАҚ
19 октября 2026
Қазақстан мен IOSCO кездесуінде инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды
Біз туралы БАҚ
13 октября 2026
Ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасының мерзімі ұзартылды
24 сентября 2026
График приема граждан

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы