Қайырлы күн, құрметті депутаттар және дөңгелек үстелге қатысушылар!
Сіздердің қарауларыңызға «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы ұсынылып отыр.
Жаңа заңды әзірлеу Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылады.
Жаңа заң банк секторының орнықтылығын нығайтуға, инновацияларды дамытуға және банктердің экономиканың нақты секторын қаржыландырудағы рөлін арттыруға ықпал етуге арналған.
Заңнамалық ережелердің негізгі бағыттары:
Банктерді реттеуді жетілдіру;
Базалық және әмбебап банктік лицензияны енгізу;
Исламдық қаржыландыруды дамыту және оны ұсыну форматтарын кеңейту;
Жаңа заңның құрылымы:
«Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң 9 бөлімнен, 23 тараудан, 134 баптан тұрады. Жаңа редакцияның негізгі ерекшеліктері — Заңды банктің өмірлік цикліне сәйкес: оны құру мен лицензиялаудан бастап қызметін тоқтату және тарату кезеңдеріне дейін баяндау. Мұндай құрылым қаржы нарығының барлық қатысушылары үшін заңнаманы жүйелі, айқын және икемді қолдануға мүмкіндік береді.
Банктерді реттеуді жетілдірудің бірінші бағыты — қаржылық тұрақтылықты қолдауға және банк секторы үшін алдағы жылдарға арналған тиімді және озық нормативтік базаны құруға бағытталған бастамалар жиынтығы.
Өзгерістер мынадай үш ауқымды блок бойынша құрылымдалған:
Бірінші блок банктердегі корпоративтік басқаруды жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, негізгі блоктардың басшыларына қосымша талаптар белгіленеді: тәуекелдерді басқару, ішкі аудит және комплаенс-бақылау. Бұл лауазымдар тиісті біліктілік және бедел талаптары бар басшы қызметкерлерге теңестіріледі.
Сонымен қатар, тәуелсіз директорлар институтының рөлі күшейтіледі. Олардың кәсіби тәуелсіздігін және басқаруға қатысу тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар бастамалар көзделеді. Лауазымды атқару мерзіміне шектеулер, банкпен және онымен ерекше қатынастармен байланысты тұлғалармен (БЕҚБТ) іскерлік және өзге де байланыстардың болмауы бойынша талаптар, сондай-ақ мүдделер қақтығысын болдырмау енгізіледі. Мысалы, банктің капиталына қатысуға немесе банктен не онымен байланысты құрылымдардан қосымша сыйақы алуға жол берілмейді. Сондай-ақ, мүдделер қақтығысына әкелуі мүмкін әрекеттер тәуелсіз директорлар тарапынан оң қорытындымен бірге жүруі тиіс норма енгізіледі.
Екінші блок қаржылық тұрақтылықты қолдау үшін нормативтік базаны дамытуды қамтиды, оның шеңберінде мынадай бастамалар іске асырылады:
Уәжді пайымдауды қолдануды кеңейту жоспарлануда. Бұл тәсіл реттеушіге қызметкерлер мен директорлар кеңесі мүшелерінің белгіленген талаптарға сәйкестігін икемді бағалауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, банк қызметкерін басшы қызметкер деп тану көзделген, бұл тиісті біліктілік нормаларын қолдануға әкеп соғады. Сондай-ақ, директорлар кеңесі мүшесінің тәуелсіздігін бағалау және өлшемшарттарға сәйкес келмеген жағдайда, оны атқаратын лауазымынан шеттету мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар реттеушінің мүдделер қақтығысының болуын бағалау жөніндегі өкілеттігі кеңейтіледі, ол қажет болған жағдайда аудиторды ауыстыру құқығымен сыртқы аудиттің дұрыстығына әсер ете алады.
Сонымен қатар, банкпен ерекше қатынастармен байланысты тұлғалар тобын қамту ұлғаяды. Қолданыстағы өлшемшарттар халықаралық қаржылық есептілікте (ХҚЕС) қолданылатын белгілермен толықтырылады. Атап айтқанда, мұндай тұлғалардың қатарына банктің ірі қатысушыларының бақылауындағы заңды ұйымдар, сондай-ақ шарттық немесе өзге де негіздерді қоса алғанда, қабылданатын шешімдерге елеулі ықпал етуге қабілетті жеке және заңды тұлғалар жатады.
Банктердің бейінді емес қызметінің деңгейін төмендету және активтерді экономикалық айналымға қайтаруды тездету мақсатында, өндіріп алынған мүліктің банк тобының балансында — банк пен арнайы активтерді басқару ұйымы үшін жиынтығында үш жылдан аспайтын мерзімге шектеу енгізіледі.
Үшінші блок нормативтік базаны оңтайландыруға және ескірген әрі қайталанатын нормаларды алып тастауға байланысты.
Жаңа заң шеңберінде акционерлер мен басшы қызметкерлерге қойылатын талаптарды біріздендіру, оларды кейіннен «Мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» жеке заңға ауыстыру жүргізіледі, бұл нарыққа қатысушылар үшін нормаларды қолданудың құқықтық сенімділігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге ескірген және қайталанатын ережелер алып тасталады.
Екінші бағыт лицензиялау жүйесін жаңғыртуға және банк нарығына қолжетімділікті жеңілдетуге арналған. Бұл блоктағы негізгі бастама базалық банктік лицензияны енгізу болып табылады, бұл жаңа қатысушылардың шығуына және сектордағы бәсекелестіктің күшеюіне ықпал ететін икемді реттеу жағдайларын жасайды.
Базалық лицензия рұқсат етілген операциялардың көлемі, сондай-ақ реттеушілік талаптар бойынша да әмбебап лицензиядан ерекшеленеді. Атап айтқанда, активтердің ең жоғары мөлшері бойынша шектеулер 500 млрд теңге деңгейінде белгіленеді. Базалық лицензиясы бар банктер үшін капиталдың ең төменгі мөлшері 10 млрд теңгені құрайды, ал әмбебап банктер үшін бұл шек 20 млрд теңгеге дейін көтеріледі. Сонымен бірге тәуекелдерді басқару және есеп беру жүйесіне қойылатын талаптар да азаяды, қадағалау жүктемесі азаяды, ал орнықтылықтың базалық қағидаттары сақталады.
Тәуекелдерді шектеу мақсатында базалық банктерге бейрезиденттерге кредиттер мен өзге де кредиттік өнімдерді беруге, сондай-ақ банкпен ерекше қатынастармен байланысты тұлғаларға қарыздар беруге тыйым салынады. Бұдан басқа, жеке тұлғалардың мерзімді және жинақ салымдарының жиынтық мөлшеріне 10 млн теңгеден аспайтын шектеу енгізіледі. Сондай-ақ күрделі немесе тәуекелі жоғары қаржы құралдары бойынша брокерлік және дилерлік операцияларға байланысты қызметке тыйым салынады.
Базалық лицензияны әлеуетті пайдаланушылардың бірі – өз бизнесін кеңейтіп, халық пен бизнестен депозиттер тартқысы келетін рған микроқаржы ұйымдары. Бүгінгі күні 12 микроқаржы ұйымының капитал мөлшері 10 млрд теңгеден жоғары, 2 микроқаржы ұйымына екінші деңгейдегі банкке айналдыруға рұқсат берілді, олар ҚМФ және БиЭнКей Финанс Қазақстан.
Үшінші бағыт ислам банкингін дамыту үшін жағдай жасауға байланысты. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнама исламдық банк қызметін жүзеге асыру үшін жеке ислам банкін құруды талап етеді. Ислам банкингі Қазақстан Республикасының банк заңнамасында 2009 жылдан бастап көзделгеніне қарамастан, оның банк секторындағы үлесі шамалы – жиынтық активтердің 0,5%-ынан аз.
Исламдық қаржыландыруды дамытуды ынталандыру мақсатында Агенттік «исламдық терезелер» тетігін енгізуді, яғни дәстүрлі банк шеңберінде исламдық банк қызметтерін ұсынады. Бұл формат нарыққа жаңа қатысушылардың, оның ішінде ұқсас модельдерде тәжірибесі бар шетелдік инвесторлардың шығуын жеңілдетеді. Сонымен қатар бұл бзнестің ауқымдылығын, қолданыстағы банктік инфрақұрылыммен синергия арқылы өңірлердің қатысуын кеңейтуді қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге шариғат қағидаттарына сәйкестікті қалайтын клиенттер үшін исламдық қаржы өнімдерінің қолжетімділігі артады. Исламдық терезелерді ашатын дәстүрлі банктер үшін операцияларды бөлек есепке алу және исламдық қаржыландырудың барлық талаптарын қатаң сақтау маңызды жағдай болады.
Төртінші бағыт іс-қимылды қадағалауды дамытумен және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтумен байланысты.
Бұл тәсіл қаржылық өнімдерді басқарудың барлық кезеңдерінде — әзірлеуден бастап мониторингке дейінгі жауапкершілік қағидаттарына негізделген. Ақпаратты жария ету бойынша талаптар күшейтіледі, жосықсыз практикаларға тыйым салынады, қаржы ұйымдарының қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру үшін жауапкершілігі енгізіледі.
Іс-қимылды қадағалаудың нысаналы моделіне екі негізгі компонент кіреді. Біріншісі – тұтынушылардың құқықтарын бұзудың алдын алу тетігі, ол қаржы ұйымдарының сапалы, қолайлы және түсінікті өнімдерді ұсыну, клиенттердің қанағаттанушылығына бағдарлану, сондай-ақ Агенттік тарапынан құқықтық базаны қалыптастыру және тәуекелге бағдарланған қадағалауды жүргізу міндетіне негізделген. Екіншісі – дауларды сотқа дейінгі реттеудің тиімді жүйесі, оған үш деңгей кіреді: арнайы тәуелсіз бөлімше арқылы қаржы ұйымы ішіндегі шағымдарды қарау, орындауға міндетті шешіммен қаржы омбудсманына жүгіну және қажет болған жағдайда, жүйелі шаралар қабылдау мақсатында Агенттіктің араласуы.
Бесінші бағыт төлемге қабілетсіз банктерді реттеу тетіктерін дамытуға қатысты. «Банктер және банк қызметі туралы» заң банктерді мемлекеттік қолдау қажеттілігін барынша азайтатын бірқатар нормалармен толықтырылды. Мемлекеттік қолдауға тек жүйелі маңызы бар банктерге қатысты ғана жол беріледі.
Дағдарысқа қарсы реттеудің үш деңгейлі жүйесі енгізіледі: күшейтілген қадағалау режимі, қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі және төлем қабілетсіздігін реттеу режимі. Әрбір кезең активтендіру өлшемшарттарын, реттеуші шараларының тізбесін және банк тарапынан қадамдарды қоса алғанда, заңнамалық түрде бекітілген.
Сондай-ақ, заңда барлық банктер үшін міндетті болатын қалпына келтіру жоспарларына қойылатын талаптар айқындалған. Бұл жоспарларды банктердің өздері әзірлеп, жыл сайын жаңартуы керек, ал реттеуші олардың сапасын, толықтығын және өзектілігін бағалап, жоспарды іске қосатын триггерлерді қадағалайды.
Уәкілетті органның төлемге қабілетсіз деп танылған банктерді реттеу жоспарларын әзірлеу міндеті жеке белгіленген, бұл ретте олардың өміршеңдігін бағалау стратегиялары мен рәсімдері айқындалатын болады. Жүйелік маңызы бар банктер болған жағдайда, міндеттемелерді капиталға айырбастау есебінен шығындарды сіңіру мүмкіндігін қамтамасыз ететін жеткілікті капитал қорының (TLAC) болуы көзделеді.
Сондай-ақ мемлекеттің қатысу талаптары мен тетігі нақты айқындалған. Мемлекет екі талап бір мезгілде орындалған кезде ғана араласуы мүмкін: банкті жүйе құраушы деп тану және TLAC пен онымен байланысты тұлғалар арқылы жеке ресурстың толық сарқылуы.
Бұдан басқа, заң барлық тартылған мемлекеттік органдардың рөлін нақты ажыратады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі дағдарысқа қарсы режимдерді бақылау мен іске асыруға жауапты болады. Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес реттеу шараларын қолдану және мемлекеттік қолдаудың орындылығы туралы шешімдер қабылдайды. Үкімет капиталға қатысуға немесе кепілдіктер беруге келісім береді, ал Ұлттық Банк банктердің жүйелік маңыздылығын айқындайды және соңғы сатыдағы қарызды береді. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдік берілген сомалар шеңберінде салымшыларға төлемдерді қамтамасыз етеді.
Алтыншы бағыт заманауи цифрлық қаржы инфрақұрылымын қалыптастыруға және цифрлық активтерді реттеуге қатысты. Бұл блок қаржы секторын одан әрі цифрландыруға және орнықты цифрлық экожүйені қалыптастыруға ықпал ететін құқықтық және технологиялық базаны құруға бағытталған. Осы мәселе бойынша толық ақпаратты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жеке ұсынады.
Заң жобасы шеңберінде ұсынылған барлық өзгерістер халықаралық сарапшылардың, оның ішінде Еуропа Қайта құру және даму банкінің, Халықаралық валюта қоры өкілдерінің, сондай-ақ жергілікті қаржы нарығына қатысушылардың белсенді қатысуымен әзірленді.