Меню

Страницы

Статья

ҚНРДА Төраға орынбасары М.Ж. Хаджиеваның баяндамасы

Қайырлы күн, құрметті брифингке қатысушылар!

Бүгінгі брифинг тақырыбы – сақтандыру нарығын дамытудағы жаңа бағыттар. Біз соңғы жылдарда пайда болған сақтандыру өнімдері туралы, цифрландырудың клиенттерге көмегі жайлы айтамыз. Сонымен бірге сақтандыру саласын дамыту жоспарларымен бөлісеміз.

Дамыған елдерде сақтандыру секторының активтері ЖІӨ-нің орташа есеппен 7-8%-ын құрайды, бұл оның экономикаға жоғары дәрежеде интеграцияланғанын көрсетеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш әлі де айтарлықтай төмен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ол ЖІӨ-нің 2,4%-ын ғана құрады. Дегенмен, соңғы жылдары сақтандыру нарығының негізгі көрсеткіштерінде оң динамика байқалады.

2024 жылы сақтандыру ұйымдарының жиынтық активтері 3,2 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға өсті. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 2,5 есеге өсті.

Өткен жылғы сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 1 507 млрд теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 51%-ға көп. Бес жылдық кезеңде сыйлықақылар үш есеге өсті. 2024 жылғы сақтандыру төлемдері 22%-ға өсіп, 334 млрд теңгеге жетті. Бес жыл ішінде төлемдер көлемі 2,3 есеге артты.

Саланы дамытуға ықпал ететін негізгі факторлардың қатарында ерікті сақтандыру өнімдерінің желісін кеңейту, міндетті сақтандыру түрлері бойынша қолжетімділікті арттыру және шарттарды жақсарту, цифрландыруды дамыту, сақтандыру саласының инфрақұрылымын нығайту бар. Бұл факторлар қазіргі экономикалық жағдайда сақтандыру нарығының негізгі өсу нүктелеріне айналады. Оларға толығырақ тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер.

Бірінші. Қазақстанда 2024 жылы ерікті сақтандыруға сұраныстың өсуі халықтың қаржылық сауаттылығының артқанын және сақтандыру өнімдеріне деген сенімнің ұлғайғанын көрсетеді. Зейнетақы аннуитеттері, КАСКО-ны қоса алғандағы ерікті мүліктік сақтандыру және ерікті өмірді сақтандыру өсу драйверлері болып табылады.

2024 жылдан бастап Қазақстанда «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілді. Ол ағымдағы жылы 5 жасқа толатын баланың пайдасына жасалған Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МББЖЖ) шеңберіндегі әрбір сақтандыру шартына немесе банк салым шартына мемлекет тарапынан бастапқы капитал (барлығына 60 АЕК және жетім балаларға 120 АЕК) есептелетінін көздейді. Бұл білім беру қызметтерін төлеу үшін жинақталған қаражаттың жалпы көлемін ұлғайтуға және, сәйкесінше, МББЖЖ қатысушылары үшін жағдайларды жақсартуға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейін, МББЖЖ қазақстандықтарға балалардың біліміне қаражат жинақтауға, жыл сайын мемлекеттен 5 немесе 7% сыйлықақы және сақтандыру ұйымынан немесе банктен қосымша кіріс алуға мүмкіндік береді. Сақтандыру ұйымдары МББЖЖ-ге 2023 жылдан бастап қосылды. Бүгінгі таңда 1 млрд теңгеге 4,7 мыңнан астам сақтандыру шарты жасалды. Салыстыру үшін, банктер 2013 жылдан бері МББЖЖ шеңберінде жалпы сомасы 30 млрд теңгеге 89 мың депозиттік шарт жасады.

Біздің азаматтарды сақтандыру өнімдерін пайдалана отырып қаражат жинақтауға ынталандыру үшін 2025 жылы Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдіктерін өмірді жинақтаушы сақтандырудың барлық түрлеріне кеңейту жоспарлануда. Тиісті заңнамалық түзетулер ҚР Парламентінде қаралуда. Қазіргі уақытта Қордың кепілдігі 10 сыныпқа таралады: 8 міндетті сынып, зейнетақы аннуитеттері және МББЖЖ шарттары.

Қабылданған шаралар өмірді сақтандыру өнімдерін халық үшін тартымдырақ етеді және азаматтардың қаржылық қорғалуын жақсартуға, оларды ұзақ мерзімді жинақтарға ынталандыруға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылы сақтанушылардың құқықтарын қорғаудың қосымша шараларын қабылдау да жоспарлануда.

Банк несиелерін алу кезіндегі сақтандыру шығындарын азайту мақсатында банк несиелерімен байланысты сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру агенттерінің комиссиясы сақтандыру сыйлықақысы сомасының 10%-ынан аспауы тиіс екендігін көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленді. Бұл түзетулер ағымдағы жылдың қазан айында күшіне енеді деп күтілуде.

Ипотекалық несиелерді сақтандыру бойынша стандартталған шарттарды енгізу мүмкіндігі қарастырылуда, бұл қарыз алушылар үшін сақтандыру қызметтерін ұсынуға бірыңғай талаптар мен тәсілдерді құруға мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдық ашықтықты қамтамасыз етеді және сақтандыруды рәсімдеу процесін жеңілдетеді.

Агенттік сондай-ақ ерікті сақтандыру шарттарына қойылатын негізгі талаптарды белгілеу бойынша заңнамалық түзетулерді дайындады. Бұл сақтанушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді, қажетсіз немесе тиімсіз сақтандыру шарттарын таңу, төлемсіз сақтандыру шарттарын жасасу және сақтандыру төлемдерін негізсіз кешіктіру мүмкіндігін болдырмайды.

Біз бұл шаралар азаматтардың ерікті сақтандыруға деген сенімін нығайтуға және оны одан да қолжетімді және түсінікті етуге көмектеседі деп күтеміз.

Екінші. Міндетті сақтандыру әртүрлі табыс деңгейіндегі азаматтар үшін қолжетімді болып қала отырып, көптеген тәуекелдерден қорғауды ұсынуы тиіс. Ол үшін Агенттік сақтандыру нарығының қатысушыларымен бірлесіп қолданыстағы міндетті сақтандыру сыныптары бойынша шарттарды жақсартуға және жаңа сақтандыру өнімдерін енгізуге бағытталған шараларды әзірлеуде.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап өндірістегі жазатайым оқиғалардан қызметкерлерді міндетті сақтандыру (ӨЖОҚМС) жүйесінде еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін 55 жастан 63 жасқа дейін ай сайын 4 ең төменгі күнкөріс деңгейі (184 912 теңге) мөлшерінде төлемдер қарастырылған. Төлемдер төрт көзден (республикалық бюджет есебінен, жұмыс беруші есебінен, зейнетақы жинақтары есебінен және сақтандыру ұйымдары есебінен) әрқайсысынан 1 ЕТКД (46 228 теңге) мөлшерінде жүзеге асырылады.

Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап 12 мыңға жуық қызметкер мерзімінен бұрын зейнетке шығу мүмкіндігін пайдаланды, олар үшін сақтандыру ұйымдары есебінен 26 млрд теңгеге жуық төлем қарастырылған, оның 4,5 млрд теңгесі қазірдің өзінде төленді.

2024 жылдан бастап ӨЖОҚМС шеңберінде зейнеткерлікке дейінгі төлемдерден басқа жұмыс берушілерге еңбек жағдайларын жақсарту үшін профилактикалық шаралар жүргізуге төлемдер жүзеге асырылады. Бүгінгі күні сақтандырушылар 28 млн теңгеге жуық профилактикалық төлемдерді жүзеге асырды.

Сақтандыру тарифтерін көтермей-ақ көрсетілген шараларды іске асыру 2024 жылы ӨЖОҚМС бойынша төлемдердің өткен жылмен салыстырғанда 3 еседен астамға – 15-тен 45 млрд теңгеге дейін өсуіне ықпал етті.

Сақтандыру ұйымдарының міндеттемелерінің өсуіне байланысты 2025 жылдың ақпан айында ӨЖОҚМС жүйесін тұрақтандыру үшін қайта сақтандыру пулы құрылды. Пул оның қатысушылары арасындағы жүктемені тиімді қайта бөлуге, сақтандырудың жалпы шығындарын азайтуға және сақтанушыларға неғұрлым тиімді шарттар алуға мүмкіндік береді.

Соңғы 7 жылда сақтандыру нарығында 7 жаңа міндетті сақтандыру түрі пайда болды. Олардың қатарында адвокаттардың, заң консультанттарының, жеке сот орындаушыларының, кеден өкілдерінің, кеден қоймасы иелерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру және еңбек мигранттарын медициналық сақтандыру бар.

2024 жылдың қазан айынан бастап медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізілді, ол медицина қызметкерлерін де, пациенттерді де қорғауды қамтамасыз етеді. Ол дәрігерлердің кәсіби қызметіндегі қателіктер немесе кемшіліктер салдарынан туындауы мүмкін ықтимал шығындарды жабуға мүмкіндік береді. Бұған пациенттің денсаулығына зиян келтіргені үшін өтемақы, сондай-ақ сот істері болған жағдайда сот шығындарын жабу кіреді.

Бұл сақтандыру түрін қатысушылары 14 сақтандыру ұйымы болып табылатын бірыңғай сақтандыру пулы жүзеге асырады.

Пул іске қосылғаннан бері 1 620 шарт жасалды, 186 мың медицина қызметкерінің жауапкершілігі сақтандырылды. Сақтандыру сыйлықақыларының жалпы сомасы 979 млн теңгені құрады. Бірыңғай сақтандыру пулының жарты жылдық жұмысы ішінде 35 млн теңге сомасында сақтандыру төлемдері жүзеге асырылды.

2025 жылы көпшілік жиналатын орындар иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыруды енгізу жоспарлануда. Ауданы 2 000 шаршы метрден асатын сауда орталықтары мен ірі көпшілік жиналатын орындардағы өрттерден зардап шеккендерге шығын өтеледі. Заң жобасы ҚР Парламентінде қаралуда.

Қазақстан үшін апаттық тәуекелдерден сақтандыруды енгізу маңызды. Сіз білетіндей, біздің елдің аумағы әртүрлі табиғи апаттардың тәуекелдеріне ұшыраған. Бұл жер сілкіністері, су тасқындары, селдер, орман өрттері, құрғақшылық және дауылдар.

Алматыдағы сезілерлік жер сілкіністері және өткен жылғы елдің солтүстігі мен батысындағы 224 елді мекен зардап шеккен күшті су тасқындары табиғи апаттар қаупі бар аймақтарда азаматтардың мүлкін қосымша қорғау жүйесін құру қажеттілігін растады. Бүгінгі таңда халықты мұндай сақтандырумен қамту өте төмен – ел бойынша шамамен 3,2%.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, апаттық сақтандырудың тиімді жүйелері әрқашан көп деңгейлі болып табылады және бірнеше көзден төлемдерді қамтиды. Сондықтан біз бюджеттік шығындарды, сақтандыруды және сыртқы қаржыландыруды тартуды қоса алғанда, мемлекеттік-жеке әріптестіктің әртүрлі нұсқаларын қарастырудамыз.

Қабылданған шаралар азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етеді және сақтандыру мәдениетін дамытуға ықпал етеді.

Үшінші. Цифрландыру сақтандыру саласының дамуындағы негізгі трендтердің бірі болып табылады. Ол клиенттерге қызмет көрсету сапасын жақсартуға, жеделдікті арттыруға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

2024 жылдан бастап Қазақстанда сақтандырудың барлық міндетті сыныптары бойынша сақтандыру төлемдері автоматтандырылды. Енді сақтандыру шартын онлайн жасасу ғана емес, сонымен қатар сақтандыру ұйымының сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы сақтандыру төлемін алуға өтінім мен құжаттар пакетін жіберіп, төлемді тікелей банк шотына алуға болады. Бұл өте ыңғайлы, өйткені сақтандыру ұйымының кеңсесіне баруға және қағаз құжаттарды жинауға уақыт жұмсаудың қажеті жоқ.

Өткен жылы алғашқы цифрлық сақтандыру өнімі – Еурохаттама іске қосылды. Автокөлік иелері ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде жол полициясын шақырмай және сотқа жүгінбей-ақ жеңіл сақтандыру төлемін алуға құқылы. Еурохаттаманың арқасында міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлемдері айтарлықтай өсті. Бүгінгі таңда жеңілдетілген тәртіппен 15,2 мың жағдай бойынша 2,8 млрд теңге төленді. Төлемдердің орташа мерзімі 15 күнтізбелік күнге дейін қысқарды, бұрын бұл рәсім жол-көлік оқиғасы болған сәттен бастап орташа есеппен 2-3 айды алатын. Жеңілдетілген төлемді «Еурохаттама» немесе DTP.kz мобильді қосымшалары арқылы немесе тікелей сақтандыру ұйымының сайты арқылы рәсімдеуге болады.

Тұтынушылар үшін сақтандырудың оңтайлы нұсқаларын таңдау процесін жеңілдету мақсатында «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ сайтында тестілік сервис іске қосылды. Ол әртүрлі сақтандыру ұйымдары ұсынатын сақтандыру өнімдерінің шарттарын салыстыруға және олардың құнын есептеуге мүмкіндік береді. Сервис сақтандырушылардың сайттарына кіруді қамтамасыз етеді, онда сақтандыру ережелерімен танысуға, қандай сақтандыру бағдарламалары бар екенін түсінуге және өзіңізге қолайлы шарттарды таңдауға болады.

Процестерді автоматтандыру, Еурохаттама сияқты цифрлық өнімдерді іске қосу және шарттар жасасу мен төлемдер алу үшін онлайн-сервистерді енгізу клиенттердің сақтандыру ұйымдарымен өзара әрекеттесуін айтарлықтай жеңілдетті және сақтандырудың ашықтығын арттырды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Төртінші. Сақтандыру нарығындағы инфрақұрылымның маңызы зор, өйткені ол оның тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді.

2024 жылдан бастап сақтандыру нарығында сақтандыру омбудсмені арқылы дауларды сотқа дейін міндетті түрде реттеу рәсімі енгізілді. Сақтандыру ұйымдарының клиенттері үшін сотқа шағым түсірмес бұрын сақтандыру омбудсменіне жүгіну міндетті болды. Жеке тұлғалар үшін омбудсменге жүгіну тегін, бағалаушыларды немесе заңгерлерді тартуды қажет етпейді. 2024 жылы сақтандыру омбудсмені 8 875 істі қарады, оның ішінде сотта 18 шешімге шағымданылды, 2 шешім сотпен бұзылды.

Лицензиясынан айырылған сақтандыру ұйымдары клиенттерінің құқықтарын қорғауды Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры қамтамасыз етеді. Оның кепілдіктері барлық міндетті және әлеуметтік маңызы бар сақтандыру сыныптарын қамтиды. Егер сақтандыру ұйымы лицензиясынан айырылса да, клиент Қордың кепілдік беру резервтері есебінен сақтандыру төлемдерін толық көлемде алуды жалғастырады.

Қор сондай-ақ кінәлі адам оқиға орнынан қашып кеткен жағдайда, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге сақтандыру төлемдерін жүзеге асырады. Мұндай төлемдерді «Еурохаттама» қосымшасы арқылы да жеңілдетілген тәртіппен алуға болады.

Сақтандыру нарығының активтері мен міндеттемелерінің өсуіне қарай бірыңғай сақтандыру деректер базасы негізінде статистиканы талдаумен және тәуекелдерді бағалаумен айналысатын актуарлық орталық құру қажеттілігі туындайды. Бұл бізге нарықтың әртүрлі сегменттеріндегі үрдістер мен қажеттіліктерді дәлірек болжауға, сондай-ақ саланы дамыту үшін негізделген шешімдерді әзірлеуге көмектеседі.

Біздің мақсатымыз – сақтандырудың ашықтығын, тұрақтылығын, және халықтың сақтандыруға деген сенімін арттыру.

Дата публикации
05 мая 2025
Дата обновления
05 мая 2025
Тип
Баяндама

Сейчас читают

Біз туралы БАҚ
19 октября 2026
Қазақстан мен IOSCO кездесуінде инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды
Біз туралы БАҚ
13 октября 2026
Ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасының мерзімі ұзартылды
24 сентября 2026
График приема граждан

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы