Меню

Страницы

Статья

Онлайн-банкинг

Онлайн-банкинг – карантин кезінде кеңінен танымал болған ыңғайлы құрал. Коммуналдық немесе басқа да қызметтердің ақысын төлеу үшін банктің бөлімшесіне барып, кезекте тұрудың, денсаулыққа қауіп төндірудің қажеті жоқ. Барынша аз қарым-қатынас жасау – барынша көп қызметке қол жеткізу.    

№1 сұрақ: «Онлайн-банкинг деген не?»

 

Шоттағы ақшаңызды қашықтан басқарудың – банктің вебсайты немесе мобильдік қосымшасы арқылы басқару тәсілі. Оның көмегімен түрлі қызметтер ақысын, салықтар мен айыппұлдарды төлеуге, жақындарыңызға ақша аударуға, депозиттеріңізді толықтыруға және кредиттеріңізді өтеуге, шоттағы ақшаңыздың қозғалысын қадағалауға болады.

Мобильдік қосымша арқылы қашықтан қызмет көрсететін банкингті пайдаланған өте қолайлы. Оны телефоныңызға орнатып алыңыз, сіз браузерде қосымшаларды ашпастан және жеке кабинетіңіз бар интернет-парақтарды жүктеуге уақыт жұмсамастан, қажетті операцияларды санаулы секундтарда орындай аласыз.

№2 сұрақ: «Онлайн-банкинг арқылы қандай қызметтерді пайдалануға болады?»

 

Онлайн-банкинг арқылы:

 - шоттарыңызды қадағалай аласыз: мысалы ақша қашан түсті, қашан, қандай мөлшерде алынды, қандай комиссиялар ұсталды. Бұл не үшін қажет? Алаяқтардың ақшаңызды ұрлауына мүмкіндік бермес үшін! Карталар бойынша барлық операцияларды қадалай отырып, сіз күмәнді белсенділікті байқап, тез арада банкіңізге хабарласа аласыз. Кейбір банктер мобильдік қосымша арқылы SMS-хабарлауды немесе push-хабарлауды ұсынады. Соңғысы – ыңғайлы әрі тегін, бірақ ол үшін телефонның интернетке қосылу мүмкіндігі болуы қажет; 

 - көрсетілетін қызметтер мен тауарлар ақысын төлей аласыз: коммуналдық, мобильдік байланыстан бастап, сақтандыру полисін сатып алғанға дейін. Онлайн-банкингтің көмегімен бала бақша үшін түбіртекті, ипотеканы және басқаларын жедел төлеуге болады; автоматты төлеу қызметін де қоюға болады, ондайда қажетті сома өзіңіз белгілеген кезеңде тұрақты түрде есептен шығарылып отырады. Интернет-банкинг арқылы коммуналдық төлемдерді банк картасының аккаунтына байланыстыруға және әлемнің кез келген нүктесінен бірнеше минутта түбіртекті төлеуге болады;

- өз шоттары арасында, картадан шотқа және керісінше, басқа картаға, оның ішінде, шетелдік картаға ақша аудара аласыз, QIWI, Яндекс.Деньги, WebMoney сияқты және басқа электрондық әмияндарды пайдалана аласыз;

 - салымдарды ашып, толықтырып (қолмен жасау режимінде немесе автоматты түрде), пайыздардың өсуін қадағалап, депозиттен картаға ақша аударып, валюталар арасында ақша айырбастай (егер сізде мультивалюталық салым ашылса) аласыз;

 - кредит ресімдеп, өтеп, кредиттеу шартының талаптарымен танысып, келесі төлемнің күні мен сомасын біліп, кредит картасы бойынша борышты өтей аласыз. Әрине, қазір кредит алу үшін тиімді уақыт емес. Өз мүмкіндігіңізді саралаңыз, қаржы жағдайыңызға талдау жасаңыз, егер жалақысыз қалсаңыз немесе денсаулығыңыз сыр берсе, кредитті төлей аласыз ба. Кредит – бұл үлкен жауапкершілік және бұл есіңізде болу керек;

 - төлем карталарына тапсырыс бере аласыз. Төтенше жағдай кезеңінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейдегі банктермен бірге карточкалар мен шоттарды қашықтан ашудың арнайы алгоритмін әзірледі, бұл көптеген қазақстандықтарға үйінен шықпай-ақ карточкаға тапсырыс беруге немесе шот ашуға көмектесті. Сондай-ақ, интернет-банк банк картасына тапсырыс беруге, ол байланыстырылған шотты ауыстыруға, егер картаны жоғалтсаңыз, оны бұғаттауға мүмкіндік береді. 

Онлайн-сатып алудың қауіпсіздігі үшін виртуалды картаны пайдаланған дұрыс, оған да онлайн-банкинг арқылы тапсырыс беруге болады (көрсетілетін қызметке қолжетімділікті өз банкіңізден нақтылауға болады).

Ол қалай жұмыс істейді? Тауар немесе көрсетілген қызмет үшін ақы төлеу алдында, сіз ақшаны онлайн-банкинг арқылы негізгі картадан виртуалды картаға аударасыз, одан кейін виртуалды картадан төлейсіз. Бұл ретте негізгі банктік картаның деректемелері тысқары сайттар үшін жария етілмейді, бұл егер сайттың алаяқтарға тиесілі екені анықталса, сіздің негізгі картаңыздан ақшаның ұрлануы тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді

Бұл ретте виртуалды карталардың пластикасыз шығарылатыны есте болуы керек және әдетте, карточканы нақты ұсыну талап етілетін интернетте есеп айырысу үшін пайдаланылмайды, мысалы, қонақ үйлерде нөмірлерді брондаған немесе авто жалдаған кезде;

 - банктердің үй-жайларына баруды брондай аласыз. Бұл өте қолайлы, кезекте тұрмайсыз, қымбат уақытыңызды жоғалтпайсыз. Бірақ бәрібір карантин кезеңінде банк көрсететін қызметтерді қашықтан алған дұрыс;

- қарыздар бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыра аласыз. Төтенше жағдай кезінде банктер интернет-банкинг немесе мобильдік банкинг арқылы кейінге қалдыру тетігін пысықтады. Кейінге қалдыру тәртібімен толығырақ Сіз Агенттіктің www.finreg.kz сайтында таныса аласыз;

- ЖЖЕ және басқа да берешектерді тексере аласыз. Өз ЖСН-ін енгізу жеткілікті және айыппұл болған жағдайда оларды онлайн режимде төлеуге болады.  

 

№3 сұрақ: «Онлайн-банкингті қалай пайдалана бастауға болады»?

Онлайн-банкингке қол жеткізу және оның барлық артықшылықтарын пайдалана бастау үшін кейбір банктер жеке басын куәландыратын құжатпен өз бөлімшелеріне хабарласуды сұрайды. Сервисті іске қосудың тағы бір жолы – Сіз қызмет көрсетуді немесе карта ашуды қалаған банктің банкоматы немесе веб-сайты арқылы. Мұнда Сіздің ұялы телефоныңыздың банкте тіркелуі маңызды, себебі оған бір реттік парольмен SMS-хабарлама келеді. Бұл – жеке кабинетке кіру үшін енгізу қажет растау коды.

Бөлімшеде немесе қашықтан тіркелгеннен кейін (банкомат немесе банктің веб-сайты арқылы) – әрбір клиент үшін жеке кабинет құрылады, оған кіру үшін клиенттің логині мен паролін енгізу қажет. Жеке кабинетке сәтті кіргеннен кейін клиент онлайн-банкингтің барлық мүмкіндіктерін бірден пайдалана алады.

 

№4 сұрақ: «Онлайн-банкингті пайдалану қаншалықты қауіпсіз?»

 

Әрине, банктер өздерінің онлайн-сервистерінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған барлық шараларды қабылдайды. Өйткені қауіпсіздік пен бедел бірдей маңызды. Банктің сенімді қорғалған жүйесінің болуы бір бөлек те, клиенттің телефонындағы немесе компьютеріндегі интернет-браузер – екінші мәселе.     

Қаржы алаяқтары әртүрлі фишинг-схемаларды ойлап таба отырып, «клиенттің аумағына»  шабуыл жасайды. Мысалы, клиент банктің жеке кабинеті бар ресми интернет-ресурсына ұқсайтын жалған сайттарға кіргенде кезде. Клиент осындай жалған сайтта өз логині мен паролін бір рет енгізген бойда, біршама уақыттан кейін-ақ оның шоттарын алаяқтар  босатып алуы мүмкін.

Сондықтан ешқашан және ешқандай жағдайда Интернет-банкинг жүйесіне қол жеткізу үшін өзіңіздің қосымшаңыздың паролін ешкімге хабарламаңыз. Мекенжайды тексеріңіз: ол http:// емес, https:// басталу керек. Электрондық поштаға немесе SMS-хабарлама арқылы келетін күмәнді сілтемелер бойынша банктің парақшасына ешқашан кірмеңіз. Бұл қаржы алаяқтарының тіміскі әрекеттері болуы мүмкін.

Егер сіз мобильдік банкингті пайдалансаңыз, смартфоныңыз зиянкестердің қолына түспеуі үшін қауіпсіздік шараларын сақтауыңыз керек. Ұялы телефон мен банктік мобильдік қосымшаға күрделі парольдерді орнатыңыз. Саусақ ізімен немесе телефон иесінің бетіне тақау арқылы бұғаттан шығаруға болатын қосымша қорғауы бар телефондарды таңдаған жөн. Егер телефоныңызды жоғалтып алған жағдайда, ондағы барлық деректерді өшіруге мүмкіндік беретін бағдарламалар бар екендігін есіңізге саламыз, ең бастысы, ол желіге қосулы болуы қажет. Телефоныңыз жоғалған жағдайда, телефонға тіркелген барлық карталарды міндетті түрде бұғаттап тастаңыз.

Барлық сақтық шараларына қарамастан, онлайн-банкинг белгілі бір тәуекелдермен байланысты. Дегенмен, егер алаяқтар сіздің шотыңызға қол жеткізе алатын болса, ақша аударымдарының сомасын шектеу ықтимал шығынды азайтуға көмектеседі. Көптеген жағдайларда зиянкестер клиенттің хабардар болмауының, оның сенгіштігі мен бейқамдығының салдарынан онлайн-банкингке қол жеткізеді, сондықтан сақ болыңыз!

Өзіңізді және ақшаңызды сақтаңыз, қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-мен бірге арттырыңыз!

Дата публикации
27 мая 2020
Дата обновления
27 мая 2020
Тип
Біз туралы БАҚ

Сейчас читают

Біз туралы БАҚ
19 октября 2026
Қазақстан мен IOSCO кездесуінде инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды
Біз туралы БАҚ
13 октября 2026
Ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасының мерзімі ұзартылды
24 сентября 2026
График приема граждан

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы