Қазақстан қаржыгерлерінің X конгресі аясында «ESG – қаржы нарығын дамытудың жаңа парадигмасы» атты халықаралық конференция өтті. Талқылау барысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева қаржы реттеушісі қаржы нарығын «жасыл» күн тәртібін іске асыруға тарта алатын тетіктер мен құралдар туралы айтып берді.
«Қаржы нарығына төмен көміртекті экономикалық дамуға көшуді қаржыландыру бойынша айрықша рөл берілген. Агенттік 2021 жылдан бастап ESG-күн тәртібі бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді, оның аясында дамудың үш негізгі бағыты айқындалды», - деп атап өтті Мария Хаджиева.
Бірінші бағыт – ESG-қаржыландыру шеңберіндегі жалпы саясатты айқындау. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауы бойынша, 2021-2030 жылдарға арналған көміртекті бейтараптық сценарийіне қол жеткізу үшін 228,8 млрд АҚШ доллары, ұзақ мерзімді кезеңде (2031-2060 жылдар) 647,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция талап етіледі. Мұның негізгі көзі қажетті қаржы құралдарын шығаратын қаржы секторы болуға тиіс.
Екінші бағыт – ESG-қаржыландыруды дамыту үшін тиісті реттеу базасын құру. Бір жыл бұрын Экологиялық кодекс қабылданды, оны іске асыру үшін Таксономия әзірленді, онда алғаш рет жалпы сомасы 131 млрд теңгеге жасыл қаржы құралдары пайда болды. Сондай-ақ бірқатар нормативтік құжаттар қабылданды – заңнамалық актілер деңгейінде ESG-құралдар ұғымы айқындалды. Атап айтқанда, «жасыл» облигацияларды ғана емес, сонымен қатар орнықты даму облигацияларын, әлеуметтік облигацияларды қамтитын ESG-облигациялары. Халықаралық ұйымдармен (IFC, ЕҚДБ, АДБ, Дүниежүзілік Банк, ХВҚ және БҰҰ) ынтымақтастық шеңберінде Агенттік ESG: қоршаған ортаға және климатқа әсер ету, қаржылық инклюзия және басқалар өлшемшарттары бойынша ақпаратты жария ету жөніндегі нұсқауды дайындады. Бұл құжат шеңберінде сонымен қатар қаржы ұйымдары ESG-факторларын тиісінше басшылыққа алу мен басқаруды қамтамасыз ету үшін пайдаланатын құрылым мен процестерді жария етуді ұсынады. Жеке блок корпоративтік басқару мәселелерін қамтиды.
«Бұл нұсқау қазіргі уақытта қаржы қоғамдастығымен белсенді талқылануда және жақын арада қабылданатын болады», - деп атап өтті қаржы реттеушісінің өкілі.
Келесі кезеңде қаржы ұйымдары ESG бойынша ақпаратты есептілікте ерікті түрде ашудан міндеттіге ауысады, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманың тәуекелдерді басқарудың ішкі жүйесіне және корпоративтік басқару жүйесіне қойылатын талаптарының сақталуы туралы мәліметтерді жариялайды.
ESG-тәуекелдерін бақылау қаржы ұйымдарының қадағалау жүйесіне енгізілетін болады. Бұл ретте ESG тәуекелдерінің мониторингі банктер бойынша SREP жыл сайынғы қадағалау бағалауы шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
«Алдағы уақытта Агенттік 2024 жылы қадағалап стресс-тестілеу шеңберінде банктер үшін ESG-тәуекелдерді стресс-тестілеуді өткізуді жоспарлап отыр. Стресс-тесттердің әдіснамасы мен сценарийлері 2023 жылы әзірленетін болады"» - деді ҚНРДА Төрағасының орынбасары.
Үшінші бағыт – нарық қатысушыларының ESG құралдарын белсенді пайдалануын ынталандыру.
«Қазақстандық эмитенттердің «жасыл» облигациялар шығаруын ынталандыру үшін «жасыл» облигациялар бойынша сыйақыны субсидиялау мүмкіндігін беру бөлігінде Кәсіпкерлік кодекске түзетулер енгізілді», - деп атап өтті қаржы реттеушісінің өкілі.
Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған жасыл облигациялар бойынша кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, сондай-ақ «Даму» КДҚ тарапынан негізгі борыштың 50%-ы мөлшерінде кепілдіктер алу мүмкіндігін көздеді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz