Қазақстан Республикасының заңы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жобасы

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»
Қазақстан Республикасы Заңының жобасына
түсіндірме жазба

 

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын (бұдан әрі – заңжобасы) әзірлеу қажеттілігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 тамыздағы №954 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының, Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 827 қаулысымен бекітілген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 25 қаңтардағы №32 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұлттық қор нарығын дамыту жөніндегі 2018 – 2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарының негізгі міндеттерін іске асыру барысына негізделген.

Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қаңтардағы кеңейтілген отырысында жарияланған тапсырмасына сәйкес сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын қоса алғанда, барлық қаржы секторын кешенді дамытуды қамтамасыз ету қажет.

Сонымен бірге, мемлекет басшысы 2020 жылғы 11 мамырдағы Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында өз сөзінде капитал ұстаушылармен, яғни шетелдік капитал үшін күшейтілген бәсекелестік жағдайында инвесторлармен тікелей өзара іс-қимыл жасау қажеттігін ерекше атап өтті.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді:

сақтандыру нарығына қатысты:

- жинақтаушы сақтандыру өнімдерін жетілдіру (Unit Linked өнімдерін дамыту, отбасылық (ерлі-зайыптылық) және кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеттерін енгізу);

-        өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне (МББЖЖ) қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету;

-        қызметкерді жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыруды,   зейнетақы аннуитеттерін, МБЖЖ шеңберінде жүзеге асырылатын өмірді сақтандыруды қоса алғанда, сақтандырудың кепілдік берілген сыныптарын кеңейту;

-        жабылатын тәуекелдерді және ен төменгі талаптарды қоса алғанда, үлгі талаптарды белгілеуді көздейтін жүктелген сақтандыруды дамыту;

-        сақтандыру нарығында инфрақұрылымдық ұйымдардың, оның ішінде «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ-тың, Бірыңғай сақтандыру дерекқорының, Сақтандыру омбудсманының қызметін күшейту;

- міндетті сақтандыруды жетілдіру, сақтандыру жағдайына онлайн-реттеуді, сақтандыру алаяқтығына қарсы күрес бойынша шараларды енгізу арқылы электрондық сақтандыру қызметін іске асыру;

- сақтандыру нарығына қатысушыларды реттеу мен қадағалауды жетілдіру;

бағалы қағаздар нарығына қатысты:

-     қаржыландыруды тарту арнасы ретінде қор нарығының тиімділігін арттыру;

-     акционерлік қоғамдардағы корпоративтік басқару жүйесін, оның ішінде қоғамды басқару процесін цифрландыру және корпоративтік ақпаратты ашу тетіктерін автоматтандыру жолымен жетілдіру;

-     бағалы қағаздар шығару проспектілеріне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу тәртібін цифрландыру және оны мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай процесіне кіріктіру;

-     Орталық депозитарийдің қазақстандық депозитарлық қолхаттарды тіркеу, корпоративтік ақпаратты ашу бойынша қызметтер көрсету, инвесторлардың дивидендтерге және облигациялар бойынша төлемдерге жүгінуі үшін бірыңғай терезе рөлін орындау бөлігінде оның функционалын кеңейту жолымен өңірлік есепке алу-есеп айырысу хабына айналуы;

-     қор нарығында инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды күшейту;

-     ұсынылған инвестициялық ұсынымдар нәтижесінде клиент шеккен шығындар үшін брокерге және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушыға қатысты фидуциарлық жауапкершілікті енгізу;

-     бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары үшін теңгерімді реттеу жағдайларын жасау;

-     бағалы қағаздар нарығындағы қызметті, оның ішінде ислам банктеріне уәкілетті органның лицензиясы негізінде исламдық бағалы қағаздармен бағалы қағаздар нарығында брокерлік/дилерлік қызметті жүзеге асыруға мүмкіндік беру жолымен ырықтандыру;

-     туынды қаржы құралдары нарығын дамытуды ынталандыру.

Жоғарыда көрсетілген түзетулер инвестициялардың жылыстауынан және олардың іскерлік белсенділігінің төмендеуінен пайда болған қаржы нарығына қатысушылардың қаржылық осалдығы факторларының болуын көрсететін коронавирус пандемиясының (CAVID-19) ағымдағы жағдайларында ерекше өзекті болып табылады.

Заңжобасы теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарларды көздемейді, сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығы қызметтерін тұтынушылардың және субъектілерінің мүдделеріне сәйкес келеді.

Заңжобасын іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржы шығындарын көздемейді.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жобасы
Дата публикации
21 октября 2020