«Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының 2020 жылғы 26 наурыздағы № 167 бұйрығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы
«Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 286 Жарлығы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 Жарлығымен Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне және халық пен кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты шаралар мен уақытша шектеулердің енгізілуіне байланысты, олардың қаржылық жағдайының нашарлауына жол бермеу мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
- «Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының 2020 жылғы 26 наурыздағы № 167 бұйрығына (бұдан әрі – бұйрық) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібінде (бұдан әрі – Тәртіп):
мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:
«6-1. Қарыз алушылар – шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде дара кәсіпкерлер үшін мыналар қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттар, мәліметтер болып табылады:
осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес экономика салаларында қызметті жүзеге асыратын қарыз алушылар үшін – жарғы немесе қарыз алушының дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрғандығы туралы мәліметтер;
қаржылық жағдайы нашарлаған қарыз алушылар үшін – мына құжаттардың бірі:
- сатылған тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) ай сайынғы көлемінің 2020 жылғы қаңтар – наурыздағы орташа айлық көлеммен салыстырғанда 30 (отыз) және одан да көп пайызға төмендегенін растайтын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сату туралы жазбалар;
- берешектің ай сайынғы көлемінің 2020 жылғы қаңтар – наурыздағы орташа айлық көлеммен салыстырғанда 30 (отыз) және одан да көп пайызға ұлғайғанын растайтын дебиторлық берешектен үзінді-көшірмелер;
- төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қарыз алушы қызметінің тоқтатыла тұрғанын не шектелгенін растайтын құжат;
- қарыз алушының штат санының 2020 жылғы қаңтар – наурыздағы орташа айлық штат санымен салыстырғанда 30 (отыз) және одан да көп пайызға қысқарғанын растайтын қарыз алушының штат кестесі немесе актісі;
- өзге де құжаттар .
Құжаттарды қарыз алушы электрондық түрде (электрондық көшірмелер түрінде) ұсынады.»;
Тәртіпке қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
- Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
- Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаменті осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мүдделі бөлімшелеріне, екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, ломбардтарды, онлайн-кредиттеу компанияларын, кредиттік серіктестіктерді, оның ішінде бұрын көрсетілген ұйымдар болып табылған заңды тұлғаларды қоса алғанда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға жіберсін.
- Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Н.А. Әбдірахмановқа жүктелсін.