Қаржы нарығында биометриялық идентификаттау өткізу қағидаларын бекіту туралы
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабының 5-5-тармағына және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 3-5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
- Қоса беріліп отырған Қаржы нарығында биометриялық идентификаттау өткізу қағидалары бекітілсін.
- Ақпараттық және киберқауіпсіздік департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
- Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
- Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Қаржы нарығын реттеу
және дамыту агенттігі
Басқармасының ____жылғы
__.__. №___ қаулысына
қосымша
Қаржы нарығында биометриялық идентификаттау өткізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
- Осы Қаржы нарығында биометриялық идентификаттау өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабының 5-5-тармағының және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 3-5-тармағының талаптарына сәйкес әзірленді.
Осы Қағидалардың мақсаты қаржы нарығында биометриялық идентификаттау процесінің ақпараттық қауіпсіздігін регламенттеу, құжаттау және қамтамасыз ету болып табылады.
- Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
- биометриялық идентификаттау провайдері – идентификаттау өткізілетін адамның дұрыс ағымдағы бейнесін алу және (немесе) идентификаттау өткізілетін адам бейнесінің ағымдағы және эталондық үлгісін салыстырып тексеру бойынша қызмет көрсететін ұйым;
- идентификаттау өткізілетін адам – оған қатысты биометриялық идентификаттау процесі өткізілетін жеке тұлға;
- биометриялық идентификаттауға тапсырыс беруші – биометриялық идентификаттау процесін өткізуге мүдделі ұйым;
- биометриялық идентификаттау провайдерінің бірдейлендірілген бейнелерінің дерекқоры – биометриялық идентификаттау провайдері құратын және сақтайтын, бейнелердің мемлекеттік дерекқорынан алынған эталондық үлгімен сәтті салыстырып тексеруден өткен идентификаттау өткізілетін адамдардың бейнелерін қамтитын дерекқор;
- идентификаттау деректері – оған қатысты биометриялық идентификаттау процесі жүргізілетін жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі;
- биометриялық деректерді тексеру жүйесі – бейненің тірі адамның бейнесі екендігін тексеру рәсімін жүзеге асыратын автоматтандырылған жүйе;
- биометриялық деректерді салыстыру жүйесі – бейнелерді салыстырып тексеруді жүзеге асыратын автоматтандырылған жүйе;
- бейнелердің мемлекеттік дерекқоры – Қазақстан Республикасы азаматтарының идентификаттау деректерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының оларға сәйкес келетін эталондық бет-бейнелерін қамтитын мемлекетке тиесілі дерекқор.
- Биометриялық деректерді пайдалану және қорғау қағидаттары:
- биометриялық деректер осы Қағидаларға 2-тарауға сәйкес жиналады, қолданылады және қолдану аяқталғаннан кейін жойылады;
- биометриялық деректер рұқсатсыз қол жеткізуден, қолданудан және жария етуден қорғалады;
- биометриялық деректерді жинау, сақтау және өңдеу бойынша процестердің орындалуы құжаттамамен ресімделеді.
- Биометриялық идентификаттауға Тапсырыс беруші биометриялық идентификаттау процесінің сипаттамасын, биометриялық деректерді тексеру және биометриялық деректерді салыстыру жүйелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ биометриялық идентификаттау табысты өткені туралы шешім қабылдаудың бір мәнді түсіндірілетін өлшемшарттарын қамтитын ішкі құжатты бекітеді.
- Биометриялық идентификаттау идентификаттау өткізілетін адамның бет бейнесі бойынша жүргізіледі.
2-тарау. Идентификаттау өткізілетін адамның бет бейнесі бойынша биометриялық идентификаттау тәртібі
- Идентификаттау өткізілетін адамның бет бейнесі бойынша биометриялық идентификаттау процесі келесі кезеңдерден тұрады:
- идентификаттау өткізілетін адамның ағымдағы сәттегі бейнесін алу (бұдан әрі - ағымдағы сәттегі бейнені алу);
- идентификаттау өткізілетін адамның идентификаттау деректерін алу (бұдан әрі – идентификаттау деректері);
- идентификаттау өткізілетін адамның бейнесінің эталондық үлгісін алу (бұдан әрі - эталондық бейнені алу);
- идентификаттау өткізілетін адамның бейнесінің ағымдағы сәттегі және эталондық үлгісін салыстырып тексеру (бұдан әрі – бейнелерді салыстыру);
- Идентификаттау өткізілетін адамның ағымдағы сәттегі бейнесін және идентификаттау деректерін алу процесті автоматтандыруды қамтамасыз ететін кіріктірілген бейнекамерасы мен орнатылған мобильдік қосымшасы бар мобильдік құрылғының көмегімен жүзеге асырылады.
- Идентификаттау өткізілетін адамның алдын ала түсірілген фотосуретін немесе идентификаттау өткізілетін адамның бейнежазбаға түсірілген бейнесін бейнекамера алдында көрсету арқылы идентификаттау өткізілетін адамның ағымдағы сәттегі бейнесін ауыстырып жіберуге жол бермеу мақсатында идентификаттау өткізілетін адамның ағымдағы сәттегі бейнесін алған кезде идентификаттау өткізілетін адамның жүйе кездейсоқ түрде таңдайтын бес қимылды кезектеп орындауын қамтитын бейненің тірі адамның орындауын тексеру рәсімі жүзеге асырылады.
Идентификаттау өткізілетін адамның қимылдардың кез келгенін орындамауы бейненің тірі адамның орындауын тексеру рәсімін қайталауға немесе рәсімді үш рет сәтсіз қайталағаннан кейін теріс нәтижеге әкеледі.
Бейненің тірі адамның орындауын тексеру рәсімі барысында қозғалыстардың мынадай нұсқалары қолданылады: басты оңға бұру, басты солға бұру, басты артқа шалқайту, басты алға еңкейту, көзді ашу және жұму, күлімсіреу.
- Бейненің тірі адамның бейнесі екендігін тексеру нәтижелері бойынша тексерудің сәтті болуына қарамастан, биометриялық деректерді тексеру жүйесінде электрондық құжат жасалады:
- бейненің тірі адамның бейнесі екендігін тексеру нәтижесі;
- идентификаттау деректері;
- жүйе таңдаған қозғалыстар тізбесі, идентификаттау өткізілетін адамның жүйе таңдаған қозғалыстың әрқайсысын орындауын көрсететін бейненің жиынтығы;
- тапсырыс берушінің биометриялық идентификаттауға деректемелері;
5) бейненің тірі адамның бейнесі екендігіне тексеру жүргізу күні мен уақыты.
- Бейненің тірі адамның бейнесі екендігін тексеру нәтижелері бойынша электрондық құжатқа бейненің тірі адамның бейнесі екендігін тексеруді жүзеге асырған биометриялық сәйкестендіру провайдерінің электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылады және биометриялық идентификаттау тапсырыс берушісіне ұсынылады. Конфиденциалдылық режимді сақтау мақсатында байланыс арнасын шифрлеу қамтамасыз етіледі, ол бойынша электрондық құжат биометриялық идентификаттау тапсырыс берушіге беру жүзеге асырылады.
- Мобильді қосымшадан биометриялық деректерді тексеру жүйесіне және биометриялық деректерді салыстыру жүйесіне беру кезеңінде идентификаттау өткізілетін адамның дәл сол кездегі бейнесін және идентификаттау деректерін ауыстыруды болдырмау мақсатында мобильді қосымша мен көрсетілген жүйелер арасындағы байланыс арнасын шифрлау, сондай-ақ криптографиялық алгоритмдер арқылы оларды өзара бірдейлендіру қамтамасыз етіледі.
- Биометриялық деректерді салыстыру жүйесінің адамның эталондық бейнесін алу бейнелердің мемлекеттік дерекқорынан немесе биометриялық идентификаттау провайдерінің бірдейлендірілген бейнелерінің дерекқорынан жүзеге асырылады.
- Конфиденциалдылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ идентификаттау өткізілетін адамның эталондық бейнесін және оның идентификаттау деректерін ауыстыруды болдырмау мақсатында эталондық бейнені алу кезеңінде биометриялық деректерді салыстыру жүйесі және бейнелердің мемлекеттік дерекқоры, биометриялық идентификаттау провайдерінің бірдейлендірілген бейнелерінің дерекқоры арасындағы байланыс арнасын шифрлау, сондай-ақ криптографиялық алгоритмдер арқылы оларды өзара бірдейлендіру қамтамасыз етіледі.
- Биометриялық деректерді салыстыру жүйесінде тексерудің сәттілігіне қарамастан идентификаттау өткізілетін адамның бейнелерін салыстыру нәтижелері бойынша мыналарды қамтитын электрондық құжат қалыптастырылады:
1) ағымдағы бейне;
2) идентификаттау деректері;
3) бейнелерді салыстыру нәтижесі;
4) биометриялық идентификаттауға тапсырыс берушінің деректемелері;
5) бейнелерді салыстыру жүргізу күні мен уақыты.
- Биометриялық деректерді салыстыру нәтижелері бойынша электрондық құжат:
- бейнелерді салыстыруды жүзеге асырған биометриялық идентификаттау провайдерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылады;
- осындай дерекқор болған кезде бейнелерді салыстыруды жүзеге асырған биометриялық идентификаттау провайдерінің бірдейлендірілген бейнелерінің дерекқорында сақталады;
- биометриялық идентификаттауға тапсырыс берушіге беріледі.
Конфиденциалдық режимді сақтау мақсатында байланыс арнасын шифрлау қамтамасыз етіледі, ол бойынша электрондық құжатты биометриялық идентификаттау тапсырыс берушісіне беру жүзеге асырылады.
- Бейненің тірі адамның бейнесі екендігін тексеру нәтижелері бойынша электрондық құжат және биометриялық деректерді салыстыру нәтижелері бойынша электрондық құжат биометриялық идентификаттауға тапсырыс берушінің биометриялық идентификаттаудың сәтті екендігі туралы шешім қабылдауы үшін негіз болып табылады және биометриялық идентификаттауға тапсырыс беруші биометриялық идентификаттау мақсаттары аяқталғанға дейін сақтайды.