GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Басқарма туралы
Құжаттар
Комитет туралы
Қызметі
Онлайн қабылдау
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Все материалы
Архив, құжаттама және кітап
19 октября 2026
Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» марафонына 1,4 миллионнан астам адам қатысып жатыр

Астанада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың төрағалығымен «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының барысына арналған кеңес өтті. Жиында марафонның аралық нәтижелері мен кітап оқуды кеңінен насихаттау бойынша алдағы шаралар талқыланды.

Марафон Қазақстан Республикасы Президентінің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау мақсатында өткізіліп келеді.

Бүгінде жобаға 1,4 миллионнан астам адам қатысып жатыр. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, отбасылар, еңбек ұжымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері бар. Барлық өңірде жобалық кеңселер құрылып, қазақ және орыс тілдеріндегі 345 әдеби шығармадан тұратын бірыңғай тізім жасалған. Сонымен қатар reading-nation.kz цифрлық платформасы жұмыс істейді.

Қатысушылар платформада оқыған кітаптары туралы пікірлерін жариялайды. Жарияланған пікір саны бойынша Ақтөбе облысы – 25 557, Солтүстік Қазақстан облысы – 14 249 және Қызылорда облысы 14 037 пікірмен алда келеді. Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген 20 мыңға жуық қатысушының 14 мыңнан астамы платформаға пікір жазған. Бұл өңірдегі қатысушылардың шамамен 75%-ын құрайды.

Әлеуметтік желілерде оқылған шығармалар туралы 20 мыңнан астам бейнепікір жарияланған. Бұл көрсеткіш бойынша Астана қаласы мен Жамбыл облысы көш бастап тұр – елордада 3 мыңға жуық, Жамбыл облысында 1 699 жарияланым бар.

Кеңесте өңір өкілдері оқырмандардың белсенділігін арттыру тәжірибесін бөлісті. Ауылдық жерлерде кітап оқу мәдениетін дамытуға, кітаптардың көпшілікке қолжетімді болуына, сондай-ақ марафонға қоғам қайраткерлерін, бизнес өкілдері мен шығармашылық зиялы қауымды тартуға айрықша назар аударылды.

Ұсыныстардың қатарында дүкендерде арнайы кітап сөрелерін орналастыру, жазушылармен кездесулер өткізу, әдеби шығармалар желісімен комикстер, кітаптарды таныстыратын трейлерлер мен қысқа бейнероликтер әзірлеу бар. Сондай-ақ «Kitap Talks» өңірлік медиажобасын іске қосып, «Kitap Quiz» зияткерлік ойындарын ұйымдастыру ұсынылды.

«Билет с книгой» бастамасы аясында мәдениет мекемелерінің электронды билеттері мен ақпараттық материалдарына марафон туралы мәлімет пен QR-кодтар орналастыру жоспарланып отыр. Кітап оқуды насихаттау үшін кітапханалардың, жоғары оқу орындарының, өңірлік креативті хабтар мен қоғамдық кеңістіктердің мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылды. Бұл жұмыс ауылдар мен шалғай елді мекендерді де қамтуға тиіс.

Кеңес қорытындысында өңірлік жобалық кеңселердің жұмысын үйлестіруді жетілдіру, халықты марафонға кеңінен тарту және оның нәтижелерін жүйелі қадағалау жөніндегі алдағы міндеттер белгіленді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Архив, құжаттама және кітап
12 октября 2026
Қазақстан әдебиеті Германиядағы ірі кітап жәрмеңкесінде таныстырылды

7-11 қазан аралығында Германияның Майндағы Франкфурт қаласында Frankfurter Buchmesse 2026 халықаралық кітап жәрмеңкесі өтті. Қазақстанның ұлттық стендінде 15-тен астам отандық баспаның 300-ге жуық кітабы ұсынылды. Жәрмеңкеге 30-дан астам қазақстандық баспагерлер мен әдебиет саласының өкілі қатысты.

Кітап жәрмеңкесі аясында Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», Оразалы Сәбденнің «Әлем, Абай, жасанды интеллект жолы» кітаптарының, «Димаш Құдайберген: Шексіз музыка», «BÖRTE. Ұлы Дала патшайымы», «Ахмет Кенесарин. Сұлтан Сыдықтың шежіресі», «Уәли хан дәуірі және Абылай ханның ұрпақтары» және басқа да туындылардың таныстырылымы өтті.

Жәрмеңкеде көркем аудармаға қатысты мәселелер де сөз болды. Сондай-ақ Contemporary Voices of Kazakhstan әдеби кездесуінде оқырман қазіргі Қазақстан әдебиетінің жаңа есімдерімен танысты.

Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулының міндетін атқарушы Мұрат Тәукебаев ұлттық стендті аралап, қазақстандық делегация өкілдерімен кездесті.

Жәрмеңке барысында отандық баспагерлер шетелдік әріптестерімен қазақстандық әдебиетті халықаралық деңгейде таныту, кәсіби тәжірибе алмасу және ортақ жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша келіссөз жүргізді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Архив, құжаттама және кітап
12 октября 2026
Қазақстандық мамандар Жібек жолы халықаралық кітапханалар альянсының семинарына қатысып жатыр

Қытайдың Сиань қаласында Жібек жолы халықаралық кітапханалар альянсының оқу семинары өтіп жатыр. Жиынға 13 елдің мамандары жиналды. Қазақстан атынан ҚР Ұлттық кітапханасының өкілдері қатысып жатыр.

Семинар бағдарламасына цифрлық кітапханаларды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және кітапхана ісінде заманауи технологияларды пайдалану мәселелеріне арналған сегіз дәріс енген.

Қытай Ұлттық кітапханасы, жетекші университеттер мен өңірлік кітапханалардың мамандары өз тәжірибелерін ортаға салды. Жиында генеративті жасанды интеллектінің мүмкіндіктері, цифрлық кітапхана қорларын дамыту және «Жібек жолының цифрлық кітапханасы» жобасын жүзеге асыру мәселелері сөз болды.

Семинар аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері Нұрлыхан Жұмахан шетелдік әріптестеріне Қазақстанда әзірленген цифрлық жобаларды таныстырды. Атап айтқанда, ол жасанды интеллект көмегімен библиографиялық деректерді өңдеуге арналған LibLab платформасы мен кітапхана статистикасын талдайтын LABA жүйесі туралы мәлімет берді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Архив, құжаттама және кітап
02 октября 2026
Алматыда кітапхана ісіне жасанды интеллектіні енгізу мәселесі талқыланды

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана: цифрлық трансформация және жаңа мүмкіндіктер» атты екі күндік семинар-тренинг өтті.

Іс-шара Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Қатысушылар кітапхана ісінде жасанды интеллектіні пайдалану, кітап қорларын цифрландыру, электрондық кітапханалар мен заманауи цифрлық қызметтерді дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ халықаралық тәжірибені зерделеу, жаңа стандарттарды енгізу, электрондық дерекқорларды пайдалану, авторлық құқық пен құнды мұраны сақтау жайы сөз болды.

Семинарда кітапхана ісіне арналған бірқатар цифрлық жоба таныстырылды. Олардың қатарында кітапхана ісінің статистикасы мен деректерін талдауға арналған LABA платформасы, деректі контентке айналдыратын DILIGEN, LibRAG жүйесі және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жұмыс істейтін NurAI чат-боты бар.

Сарапшылар қолжазбалармен жұмыс істеуге арналған цифрлық платформалар әзірлеу, интеллектуалды қызметтерді енгізу, кітапхана қорларын цифрландыру және сақтаудың жаңа тәсілдері жөнінде пікір алмасты.

Екі күндік семинарға еліміздің 20 өңірінен 1500-ден астам маман қатысты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Архив, құжаттама және кітап
01 октября 2026
Қарағандыда архив ісінің мамандарына арналған өңірлік семинар өтті

Қарағандыда архив ісі және құжаттаманы басқару мәселелеріне арналған өңірлік семинар өтті. Екі күндік жиынға еліміздің бес облысынан 250 маман қатысты.

Семинардың алғашқы күнінде архив ісі мен құжаттаманы басқару саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасындағы негізгі өзгерістер түсіндірілді. Сондай-ақ жаңа талаптарды архивтер мен тиісті қызметтердің жұмысында қолдану тәртібі қарастырылды.

Семинардың екінші күнінде мамандар «Е-Архив» ақпараттық жүйесімен жұмыс істеуді тәжірибе жүзінде меңгерді. Сабақ барысында жүйенің негізгі мүмкіндіктері мен оны тиімді пайдалану жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар техникалық және әдістемелік сүйемелдеуге қатысты сұрақтарға түсініктеме берілді.

Семинарға қатысушылар архив ісіндегі өзекті мәселелерді ортаға салып, жұмысты тиімді ұйымдастыру жолдарын талқылады.

Жиын аясында Қарағанды облысының Мемлекеттік архиві қорындағы құжаттар қойылған арнайы көрме ұйымдастырылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Архив, құжаттама және кітап
29 сентября 2026
Алматыда Шәрбану Құмарованың шығармашылығына арналған кеш өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Құмарованың 90 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.

Кешке жазушылар, әдебиеттанушылар, мәдениет және өнер саласының өкілдері қатысты.

Жиында Шәрбану Құмарованың өмірі, шығармашылық жолы және қазақ әдебиетіне қосқан үлесі сөз болды. Қаламгердің көзін көрген замандастары мен әріптестері сөз сөйлеп, ол туралы естеліктерін бөлісті.

Кеш аясында Ұлттық кітапхана қорынан арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге жазушының әр жылдары жарық көрген шығармалары, әдеби басылымдардағы мақалалары мен шығармашылығына арналған материалдар қойылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Архив, құжаттама және кітап
28 сентября 2026
«Жылдың 10 оқырманы» жобасының жеңімпаздарына 10 млн теңгеден беріледі

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасына арналған брифинг өтті.

Брифингке ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы әрі комиссия төрағасы Мереке Құлкенов, Құрылтай депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Сергей Пономарев, Креативті индустрияларды дамыту қорының басқарма төрағасы Ерлан Каналимов және Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Марина Подгайнова қатысты.

«Жылдың 10 оқырманы» жобасы 1 қыркүйекте кітап оқу марафонымен басталды. Жоба халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, белсенді оқырман қатарын анықтауды көздейді.

Былтыр марафон үш өңірде пилоттық форматта өткізіліп, оған 190 мыңға жуық адам қатысты. Биыл жоба еліміздің барлық өңірін қамтып отыр.

Қатысушылар жеті санат бойынша бақ сынайды. Жобаға мектеп оқушылары, колледждің білім алушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, үш буын өкілдері бар отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және өзге де азаматтар қатыса алады.

Саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдері үшін «Parasat» жеке бағыты қарастырылған. Марафонға қатысу тегін әрі ерікті негізде жүргізіледі.

Қатысушылар үшін отандық және әлем әдебиетінің 345 шығармасынан тұратын кітаптар тізімі әзірленді. Әр қатысушы өз санаты бойынша 15 кітап оқуы тиіс.

Марафон 2027 жылдың наурызына дейін жалғасып, 195 аудан мен 87 қаланы қамтиды. Облыстық іріктеу қорытындысында 4 мыңға жуық жүлдегер анықталады. Ал 20 өңірден 200 қатысушы республикалық финалға жолдама алады.
Финалда қатысушылар әңгімелесуден өтіп, көпшілік алдында сөз сөйлейді. Осы кезеңде олардың оқыған шығармаларды қаншалықты меңгергені және әдеби туындыларды талдай білуі бағаланады.

Жоба қорытындысында комиссия еліміздің 10 үздік оқырманын анықтайды. Олардың әрқайсысына «Жыл оқырманы» атағы беріліп, 10 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталады.

Марапаттау рәсімі 23 сәуір – Ұлттық кітап күні Республикалық оқырмандар форумы аясында өтеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Архив, құжаттама және кітап
21 сентября 2026
Алматыда Қапез Байғабылұлының 130 жылдығына арналған конференция өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ағартушы, әнші-композитор, тілші әрі қайраткер Қапез Байғабылұлының туғанына 130 жыл толуына орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиынға ғалымдар, зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері мен кітапхана ісінің мамандары қатысты.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев конференцияға қатысушыларға құттықтау хат жолдап, онда Қапез Байғабылұлының ағартушылық жолдағы еңбегі және елдің қоғамдық өміріне қосқан үлесі аталып өтті.

Конференция барысында Қапез Байғабылұлының ағартушылық және шығармашылық қызметі, тіл білімі саласындағы еңбектері, сондай-ақ елдің тарихи және рухани мұрасын сақтауға сіңірген еңбегі кеңінен сөз болды.

Сонымен қатар көпшілікке Қапез Байғабылұлының өмірі мен шығармашылығына арналған екі томдық басылым таныстырылды.

Іс-шара соңында Қапез Байғабылұлының өмір жолы мен қызметі жайында тарихи құжаттар мен фотосуреттер көрмесі ұсынылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Архив, құжаттама және кітап
21 сентября 2026
Қазақстан Абу-Дабидегі халықаралық кітап көрмесіне қатысты

Қазақстан әлемдегі әдеби және мәдени жиындардың бірі саналатын Абу-Дабидегі 35-ші халықаралық кітап көрмесіне қатысты.

Биыл көрмеге 95 елден 1200-ге жуық қатысушы жиналды. Бағдарлама аясында мәдени, әдеби және білім беру іс-шаралары өтіп, биылғы көрме «Парақта да, әлемді оқы» ұранымен ұйымдастырылды.

Қазақстандық стендте отандық қаламгерлердің шығармалары, қазіргі қазақ әдебиеті, балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымдар, ұлттық мәдени мұра туралы кітаптар және қазақстандық баспалардың жобалары таныстырылды.

Көрме аясында Қазақстан өкілдері шетелдік баспалармен, әдеби агенттіктермен және мәдени ұйымдармен бірқатар кездесу өткізді. Тараптар қазақ әдебиетін шет тілдеріне аудару, авторлық және баспа құқықтарын халықаралық нарықта ілгерілету, сондай-ақ ортақ әдеби-мәдени жобаларды қолға алу мәселелерін талқылады.

Айта кетейік, көрмедегі Қазақстан бағдарламасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстанның БАӘ-дегі Елшілігі және Nomad мәдениет қорымен бірлесіп ұйымдастырылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Архив, құжаттама және кітап
11 сентября 2026
«KitapTime – 2026» кітап фестивалі 55 мыңнан астам адамды қамтыды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен еліміздің барлық өңірінде «KitapTime-2026» V жалпы республикалық кітап фестивалі өтті.

Фестиваль негізгі алаң ретінде Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында кітап жәрмеңкесі, әдеби кездесулер, буккроссинг, шеберлік сабақтары және «Оқитын ұрпақ: жаңа оқырманды қалыптастырудың заманауи жолдары» халықаралық дөңгелек үстелі өтті. Сондай-ақ кітапханада жасөспірімдерге арналған жаңа оқу залы ашылды.

Кітап фестивалінде серб әдебиеті бұрышының ашылып, мұнда белгілі серб қаламгерлерінің шығармалары, көркем және балалар әдебиетін қоса алғанда 120 кітап қойылған. Осылайша Ұлттық академиялық кітапханадағы шетел әдебиетіне арналған кеңістіктердің саны 20-ға жетті.

Сонымен қатар ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы және «Жастар» театры «Кітап, өнер және медиа: жаңа серіктестік» тақырыбында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

«Ауылға кітап» акциясы, «Өзіңді тап – өзегіңе орал!» тақырыбындағы презентация, жаңа кітаптардың таныстырылымы, қаламгерлер және әдебиет саласының өкілдерімен кездесулер де өтті.

Алматыда фестиваль іс-шаралары Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ұйымдастырылды. Көпшілікке 2025-2026 жылдары жарық көрген басылымдар, сирек кітаптар және XX ғасырдағы газет-журналдардың архивтік нөмірлері таныстырылды. Әдеби кездесулер, пікірталастар, қолтаңба беру рәсімдері, интерактивті бағдарламалар және кино көрсетілімі өтті.

Кітапты оқырманға танытудың заманауи тәсілдерін дәріптеу мақсатындағы іс-шаралар да болды. «Book Blogger» кездесуінде әлеуметтік желілерде кітап туралы контент дайындау, оқырман аудиториясын қалыптастыру және кітап оқуға қызығушылықты арттырудың жаңа тәсілдері сөз болды.

Жалпы «KitapTime – 2026» фестивалі аясында еліміз бойынша 1 795 мәдени-ағартушылық іс-шара өтіп, оған 55 726 адам қатысты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы