Қазақстандық жас кітапханашыларға арналған іскерлік кездесу өтті

Қазақстандық жас кітапханашыларға арналған іскерлік кездесу өтті

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында республикалық «Жас кітапханашы – 2024: Жаңа мүмкіндіктер уақыты 3.0» атты жас кітапханашылардың іскерлік кездесуі өтті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен іс-шараның мақсаты – кітапхана саласына жаңадан келген мамандардың кәсіби деңгейін көтеру, олардың шығармашылық идеялары мен әдістерін қолдау, өзара тәжірибе алмасу және іскерлік дағдыларын дамытуды көздейді.

Форум барысында қатысушылар тәжірибелі мамандардың шеберлік сабақтары мен іскерлік сағаттарына қатысып, өзара пікір алмасты.

Әр өңірден келген жас маман Networking алаңында үздік жобаларын таныстырды.

Сонымен қатар «Кітапханадағы AI: шабыт пен идеялар», «Бастама. Бағыт. Байланыс» (кітапханалар мен БАҚ-тың интеграциялық байланысы), «Трансформация жағдайындағы Қазақстан кітапханалары: әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері» тақырыптарында тренингтер мен апгрейд-сессиялар өтті.

Қатысушыларға «ÓzgeEpic» креативті-шығармашылық хабында шығармашылық жұмыстар таныстырылып, IQAS QUIZ интеллектуалдық сайыстары ұйымдастырылды.

Шараға еліміздің барлық өңірінен 19-35 жас аралығындағы қырықтан астам жас кітапханашы, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, студенттер және Қазақстанның жоғары және орта оқу орындарының кітапхана мамандары қатысты.