
Алматыда Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада «Әлеуметтік интеграция: Қазақстан арнайы кітапханаларының жаңа перспективалары мен жобалары» атты республикалық онлайн-семинары өтті.
Бұл шара Қазақстан Республикасында арнайы кітапханалар желісінің құрылғанына 55 жыл толуына және көру қабілеті нашар адамдарға арналған қазіргі заманғы нүктелі-бедерлі жазу жүйесінің негізін қалаушы француз тифлопедагогі Луи Брайлдің 215 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Семинарға Қазақстан Республикасының 35 мамандандырылған кітапханасы және мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін бөлімше қызметкерлері қатысып, Ақтөбе, Орал, Өскемен, Көкшетау, Шымкент, Алматы, Атырау қалаларының арнайы кітапханалары мен оқу орындарының мамандары баяндама жасады.
Іс-шарада кітапхана жобасының қызметі мен даму тенденциялары, арнайы кітапханадағы әлеуметтік алаң, жаңа перспективалар және зағип жандардың қоғамға араласуына мүмкіндік беретін арнайы кітапханалардың жобасы сынды баяндамалар талқыланды.
Жиын барысында «Ерекше жандарға – ерекше кітаптар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған республикалық арнаулы кітапханасы шығарған бедерлі нүктелі Брайль шрифтімен жарық көрген жаңа кітаптар қойылды.