Орталық Азияда алғаш рет халықаралық баспа нарығында маңызды орны бар «Франкфурт кітап жәрмеңкесінің Алматыдағы семинары: баспа ісіндегі заманауи үрдістер және авторлық құқық менеджменті» тақырыбында семинар басталды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Франкфурт кітап жәрмеңкесі, Қазақстан Баспагерлер, полиграфистер және кітаптаратушылар Ассоциациясы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Nomad Culture Foundation» қорының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Семинар қазақстандық баспагерлер үшін баспа саласындағы заманауи технологиялар туралы жете білуге, халықаралық байланыстар орнатуға және әлемдік деңгейдегі мамандармен тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік туғызады.
Жиынның ашылу салтанатына ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Р.Али, Франкфурт кітап жәрмеңкесінің Президенті Юрген Боос, Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы – Ректор Ж. Түймебаев қатысып, маңызды іс-шараның ашылуымен құттықтады.
Семинар бағдарламасы аясында қатысушылар баспадағы жасанды интеллект: әлемдік тәжірибе, авторлық құқық пен лицензияларды сатып алу және сату, Frankfurt Connect – іскерлік байланыстар орнатуға арналған платформа, Frankfurt Rights – кітап құқықтарын басқару платформасы сынды мәселелер талқыланып, өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасуда.
Жиынның басты сарапшыларының қатарында Никол Уитт, Херман Экел, Беттина Бак, Владка Купска бар.
Семинарға қазақстандық 20 баспа және 40 тан аса баспа полиграфия саласының мамандары мен оқытушылары қатысып жатыр.
Франкфурт кітап жәрмеңкесі — 500 жылдан астам тарихы бар кітап шығару әлеміндегі ең ірі кітап жәрмеңкелерінің бірі, мәдениет және әдебиет саласындағы жаһандық іс-шара. Германияның Франкфурт қаласында өткен жәрмеңке кітаптар мен баспа индустриясы үшін маңызды алаңға айналған, онда баспагерлер, әдеби агенттер, авторлар, аудармашылар және оқырмандар кездесіп, жаңа туындылармен және трендтермен танысады. 2024 жылы аталған шараға 230 000 адам, оның ішінде 153 елден 115000 кәсіби қатысушы, сондай-ақ 7500 БАҚ өкілдері қатысты. Шарада кітап құқығын сату мен сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіліп, түрлі елдер арасындағы әдеби және мәдени алмасулар жүзеге асады.