Түркістанда қазақстандық кітапханаларды дамыту бағытындағы жылжымалы жұмыс отырысы өтті

Түркістанда қазақстандық кітапханаларды дамыту бағытындағы жылжымалы жұмыс отырысы өтті
Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Қазақстандық Кітапханалық Одақ» заңды тұлғалар бірлестігінің жыл сайынғы жұмыс отырысы өтті.
 
Шараға еліміздің барлық аймақтарынан кітапхана саласының жетекшілері мен мамандары қатысты.
 
Отырыстың мақсаты – Қазақстан кітапханаларын жаңғырту және дамыту жолдарын талқылау, ортақ мүдделерді қорғау, әлемдік қауымдастыққа бірігуге қолдау көрсету.
 
Сонымен қатар шара аясында кітапханалық жүйенің жаңа бағыттары мен технологиялары туралы маңызды мәселелер талқыланды.
 
Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басқарма басшысы Алмаз Әмірбекұлы қатысып, кітапханалар қорын жаңарту және толықтыру мәселелері бойынша сөз сөйледі.
 
Жиын барысында ҚКО-ның Атқарушы алқасының жаңа құрамы бекітіліп, кітапханашылардың үздік тәжірибелері мен жетістіктері бағаланды.
 
Ал «Жыл кітапханашысы - 2024» номинациясына Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Мейрам Еркенұлы ие болды.
 
Шара соңында «Түркістан облысының киелі тарихи және жаңа мәдени нысандарының жол картасы» атты кітаптың тұсаукесері өтті.