
«Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві мен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы бірлесіп «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы негізінде Ашық есік күнін өткізді.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Р.Али, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Д.Мұқаев, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен студенттер, оқушылар қатысты.
«Бүгін «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы негізінде еліміздің барлық мемлекеттік архивтерінде оқушылар мен студенттер үшін ашық есік күні өтуде. Бұл жоба республика көлемінде үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Ашық есік күнінде өтетін іс-шаралар өскелең ұрпақтың отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақталып келе жатқан архивтік құжаттардың маңызын түсіндіруді, сала мамандарының еңбегін насихаттауды көздейді. Ашық есік күні аясында Қазақстан тарихына қатысты танымдық көрмелер мен экскурсиялар әзірленіп, архивтің барлық бөлімдері таныстырылады. Соның ішінде бүлінген құжаттарды қалпына келтіретін лабораторияның жұмысы да бар. Бүгін еліміздегі 236 мемлекеттік архивте ашық есік күні өтіп жатыр»,-деді Рустам Али.
Ашық есік күнін аясында руна және көне түркі дәуірінен бастап, бүгінге дейінгі жазба мұралардың тарихы таныстырылып, қолжазбаларды реставрациялау, сканер технологиясын қолдану арқылы құнды құжаттарды цифрлау процесі көрсетілді. Іс-шара аясында әдеби викториналар мен интелектуалды ойындар ұйымдастырылды.
«Архив және болашақ ұрпақ» атты ашық есік күні 2022 жылдан бастап аталып өтеді.
Елімізде құжаттарды сақтайтын 236 мемлекеттік архив бар. Соның ішінде 5 республикалық, 5 арнаулы, 1 Президент архиві және 225-і облыстық, қалалық, аудандық архивтер. Республика бойынша архив қызметкерлерінің саны - 3368 адам.
Еліміздегі барлық архивтер Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңына сай жұмыс жүргізеді.
Архив қоры жыл сайын орта есеппен мемлекеттік архивтерді толықтыру көздерінің тізбесін құрайтын 16 мыңнан астам ұйымның 300-400 мың істерімен толықтырылады. Қазіргі таңда ҚР Ұлттық архив қорында 27.5 млннан астам құжат сақталады.