Отандық авторлардың аудиокітаптары «AirAstana» әуе компаниясының жолаушыларына қолжетімді болады

Отандық авторлардың аудиокітаптары «AirAstana» әуе компаниясының жолаушыларына қолжетімді болады

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «KitapTime – 2024» ІІІ жалпы республикалық кітап фестивалі  өтті.

Мәдени іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, елшілік өкілдері, ақын-жазушылар, суретшілер, иллюстраторлар, оқырмандар мен елорда тұрғындары қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда кітап оқу мен кітап шығарудың ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталып, «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады»деп атап өткені белгілі. Осы орайда үшінші рет ұйымдастырылып отырған фестиваль кітап пен кітап оқудың мәртебесін көтеру, жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және ақпараттық мәдениетін қалыптастыру, жазушылар мен оқырмандар үшін қарым-қатынас алаңын құруды көздейді. Бүгін республиканың 4000 мыңға жуық кітапханасы осы фестивальді атап өтуде. Мереке аясында жаңа идеялар мен бастамаларды қолдауға мүмкіндік беретін түрлі бағыттағы іс-шаралар, көрмелер мен кездесулер ұйымдастастырылуда»,-деді төраға Рустам Али

«KitapTime - 2024» ІІІ республикалық кітап фестивалі аясында «Арман-ПВ»,  «Қасым», «Мұқаба», «Мазмұндама», «Qazbilim» «Отбасы хрестоматиясы», «Qyr balasy», «Steppe&World» баспалары, «Кіtapal», «Абай», «Эльдорадо», Кітап хадия кітап дүкендерінің қатысуымен кітап жәрмеңкесі, сондай – ақ елшіліктердің ұйымдастыруымен «Көшпенділер ғаламы»  атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шара аясында бірқатар балалар әдебиетінің тұсауы кесіліп, жас ақын-жазушылардың әдеби-сазды кеші өтті.

Сондай-ақ фестивальге келген қонақтар «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» әлеуметтік акциясына қолдау көрсету мақсатында түрлі жанрдағы кітапты сыйға тартты.

Бұл күні республиканың барлық аймағындағы 4000-ға жуық кітапханада кітап мерекесі аталып өтіп, 1845 іс-шара ұйымдастырылды. Мерекеге 60 мыңға жуық адам  қатысты.

Ұлттық академиялық кітапханасы мен «AirAstana» авиакомпаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы күннің маңызды оқиғасына айналды. Ынтымақтастық нәтижесінде әуе компаниясының ұшағында ұшу кезінде жолаушыларға тыңдау үшін қызықты ұлттық аудиоконтент ұсынылатын болады.

Айта кетейік, биыл Елордада өткен кітап фестивалі  ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының 20 жылдығына арналған.