
10 шілдеде архив ісі, құжаттама салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде Корея Республикасының делегациясымен кездесу өтті.
Кездесуге Корея тарапынан Корея Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Азиялық мәдени орталығы директорының м.а. Джонгран Ли, осы орталықтың эксперті Инук Кан, орталық кураторлары Хосен Ким және Руй Сун ХИ, ал Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Халықаралық қатынастар департаменті басқармасы басшысының м.а. Б. Досмуратова, Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті басқармасы басшысының м.а. А. Тұрғанбаева, Ұлттық архив директоры С. Нұрланова, сондай-ақ архив жанынан құрылған Мемлекеттік және ведомствалық архив қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығының басшысы Г. Хайруллина қатысты.
Кездесу барысында Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова екі ел арасындағы архив ісін дамыту туралы баяндама жасап, бірқатар маңызды мәселелерді айта келе архивтегі негізгі атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.
- Кореяның бай құжаттық мұрасы бар екенін жақсы білеміз. Сіздер тарих пен архивке ерекше назар аударасыздар. ХХІ ғасырда Корея Республикасы электрондық архивтер мен электрондық құжат айналымы саласында көшбасшылардың бірі саналатыны кездейсоқ емес. Сіздер құжаттарды басқару саласында озық стандарттарды белсенді әзірлеп, енгізіп жатырсыздар, – деп атап өтті С. Нұрланова.
А. Тұрғанбаева Қазақстан-Корея арасындағы архив ісі және құжаттама саласында ынтымақтастық бойынша бірқатар мәселелерді көтерді. 2016-2019 жылдар аралығында өткізілген бірлескен іс-шаралар туралы сөз қозғап, олардың архив, құжаттама салаларын жетілдіру үшін маңыздылығы мен үлесін алға тартып, аталған ынтымақтастықты арттыру қажеттігі жөнінде атап өтті.
-Қорытындылай келе, ашықтық, бастамашылық пен салаға деген жанашырлық үшін Сіздерге алғыс білдіреміз. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті сала бойынша мемлекеттік саясатты іске асырудағы уәкілетті орган ретінде бүгінгі күні архив ісі саласын дамытудағы озат елдердің бірі болып табылатын Корея Республикасымен ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдіреді, , – деді А. Тұрғанбаева.
Корея Азиялық мәдени орталығы директорының м.а. Джонгран Ли:
«Корея елінде де архив істері бойынша цифрлық құжаттар мен архивтерді басқару және көрмеге материалдарды жинау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр»,- деді.
Инук Кан мырза жазба деректерін зерттеу және сақтау маңызды екенін алға тартты.
Жалпы кездесу барысында екіжақты тараптар әріптестік қарым-қатынастары аясында оқу орталықтарында біліктілікті арттыру курстарынан өту негізінде еліміздің архив ісін дамытуда үлкен жетістіктерге жетуге болатыны айтылды.
Кездесу соңында делегаттарға еліміздің архив саласының даму үрдісіне қатысты бейнероликтер көрсетілді, архив қоймасына шағын экскурсия ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Ұлттық архив қоныс аударудан кейінгі Қазақстандағы корей этносының алғашқы жылдардағы өмірі туралы көрме ұйымдастырып, шетелдік қонақтарды таңқалдырды.
Кездесу аясында қонақтар елорда тарихына арналған «Шаһар шежіресі» атты көрмені де тамашалады.