
Бүгін, 8 маусымда Өзбекстан Республикасының Әділет министрлігі жанындағы «Узархив» агенттігінің ұймдастыруымен «Архивтер Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер арасындағы достық көпірі» тақырыбында онлайн форматтағы дөңгелек үстел өтті.
Аталған халықаралық іс-шараға шет елдерден Үндістан Мәдениет министрлігі жанындағы Ұлттық архивтің Бас директоры Сингх Шри Чандан, Қырғыз Республикасы Цифрлық даму министрлігі жанындағы Архивтік қызмет директоры Мария Алыбаева, Пәкстан Министрлер Кабинетінің жанындағы Ұлттық архивтің Бас директоры Навид Алауддин, Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Федералды архив агенттігінің басшысы Андрей Артизов, Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Бас архивтік басқарма басшысы Джамиля Салмон Лангари, Беларусь Республикасы Әділет министрлігінің Архив және іс жүргізу бойынша департамент директоры Олег Воинов қатысты.
Ал, Қазақстан тарапынан Мәдениет және спорт министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Қаһарманұлы Бораш және Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві, Орталық мемелекеттік архиві, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының бірінші басшылары қатысты.
Іс-шара аясында Қуат Бораш тарапынан еліміздің архив ісі және құжаттаманы басқару салаларының тарихы, даму үрдісі, инновациясы жөнінде маңызды баяндама жасалды.
Сонымен қатар, қатысушылар іс-шара аясында электрондық архивтер, цифрландыру, Ұлттық архив қорының құжаттарын, басқа да архивтік құжаттарды мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік архивтерде жинақтау, сақтау, есепке алу мен пайдалану сияқты мәселелер бойынша бір-бірімен ақпарат алмасып, саланың дамуына үлес қосатын бірлескен жобаларды іске асыруға дайындығын білдірді.