Қазақстандық кітапханашылардың Түркиядағы тағылымдамасы, Әзірбайжандағы мәдени күндер, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Ж.Жабаев бейнеленген марка және Абай туралы кітап: Мәдениет және спорт министрі Әзірбайжанда ТҮРКСОЙ желісі бойынша әріптестерімен қол жеткізілген уағдаластықтар туралы хабарлады

Қазақстандық кітапханашылардың Түркиядағы тағылымдамасы, Әзірбайжандағы мәдени күндер, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Ж.Жабаев бейнеленген марка және Абай туралы кітап: Мәдениет және спорт министрі Әзірбайжанда ТҮРКСОЙ желісі бойынша әріптестерімен қол жеткізілген уағдаластықтар туралы хабарлады

«Әзірбайжанға жұмыс сапары аясында ТҮРКСОЙ ұйымына қатысушы елдердің мәдениет министрлерінің кездесуі өтті. Атап айтқанда, Әзірбайжан Мәдениет министрі Әділ Керимлимен мәдени іс-шараларды өткізу және бірлескен жобаларды, оның ішінде спорт және туризм саласындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыладық.

Мысалы, біз осы жылдың 1-5 қыркүйегі аралығында Бакуде Қазақстанның Әзірбайжандағы мәдени күндерін өткізуді ұсынып отырмыз. Іс-шара аясында отандық танымал орындаушылар мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің қатысуымен гала-концерт, сәндік-қолданбалы өнер көрмесі, сондай-ақ қазақстандық кино күндерін ұйымдастыруға ниеттіміз. Ал келесі жылы Бакуде Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры өнер көрсетеді.

Сондай-ақ, біз Әзірбайжанмен және басқа да түркі елдерімен кинематография саласында, соның ішінде бірлескен фильм дайындау бағытында ынтымақтастыққа ашықпыз.

Өз кезегінде мен Әзірбайжан делегациясын 18-20 мамыр аралығында Астанада өтетін Qazaqstan LIVE Fest жыл сайынғы халықаралық туризм, спорт және белсенді өмір салты көрмесіне қатысуға шақырдым. Еске сала кетсем, 2 маусымда «Астана – Баку – Астана» бағыты бойынша қосымша әуе рейсін іске қосу жоспарланып отыр.

ҚР Президентінің Әзірбайжанға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша бізге Қазақстанда Әзірбайжан мәдениетінің онкүндігін өткізу тапсырмасы берілді. Бұл бағыттағы жұмыс өте белсенді жүріп жатыр. Екі бауырлас ел арасындағы мәдени байланысты нығайту мұнымен шектелмейді.

Өзге түркі елдерімен ынтымақтастық туралы айтсам, Қазақстан көптеген бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Мысалы, біздің кітапханашылар Анкарадағы Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапханада тағылымдамадан өтеді. Ал Қырғызстанмен және Өзбекстанмен бірге бірқатар тарихи нысандарды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени мұра тізіміне енгізу үшін «Ұлы Жібек жолы: Ферғано-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясын дайындау және ілгерілету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әзірбайжанда мен ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесіп, ұйымның құрылғанына 30 жыл толуына байланысты мәселелерді талқыладым. Біз бүкіл ел аумағында мерейтойлық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Ал Алматыда 5-9 маусым аралығында ҚР орталық музейінде, ҚР Ұлттық кітапханасы мен Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде түркі елдерінің картиналары, фотосуреттері, қолданбалы өнері мен ұлттық киім көрмесі өтеді.

Мен түркі елдерінің барлық мәдениет министрлерін ТҮРКСОЙ-дың 30 жылдығына арналған іс-шараларға шақырдым. Бастапқыда ұйым Алматыда құрылғандықтан, мерейтойды тойлау осы қаладан басталады. Ал мерейтойлық іс-шаралар 9 маусымда ТҮРКСОЙ елдерінің жетекші артистері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өтетін гала-концертпен аяқталады. Мен бұл іс-шараны Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында өткізуді ұсындым.

Жұмыс сапары барысында мен Өзбекстанның Мәдениет министрі Озодбек Назарбековпен де кездестім. Біз Ташкентте, Бұхарада және Самарқандта Қазақстанның мәдени күндерін өткізу мәселелерін талқыладық, оның шеңберінде ірі гала-концерт жоспарланып отыр. Ал Қырғызстаннан келген әріптесім Алтынбек Мақсұтовпен келесі жылы Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру туралы сөз болды.

Жұмыс сапарым аясындағы тағы бір екіжақты кездесу Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті Гюнай Эфендиевамен өтті. Біз жақында Астанада жолыққан едік. Бұл жолы Қазақстанның белсенді қатысуымен ауқымды мәдени жобаларды ұйымдастыру туралы сөйлестік.

Мысалы, штаб-пәтері Әзірбайжанда орналасқан Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының қолдауымен Жамбыл Жабаев бейнеленген пошта маркасы шығады. Ал тамыз айында Әзірбайжан әдебиетшілерінің Абай туралы еңбектерін қамтитын кітаптың тұсаукесері өтеді.

Түркі әлемі елдерімен қарым — қатынасты нығайту-біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. Бүгінгі келісімдер ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенімдімін»,-деп жазды министр Telegram арнасында.