Бір суреттің тарихы

Бір суреттің тарихы

ҚР Кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары Орталық архивінде баға жетпес фотосуреттер сақталған. Олардың әрқайсысы - өмірдің бір бөлігі іспеттес. Ескі фотосуреттерді қолымызға алған кезде ерекше сезімге ие болып. бұл суреттің тарихын білуге деген ұмтылыс әрқайсысымызда пайда болатыны сөзсіз. Әрбір фотосуреттің өзіндік мәні, тарихы, құндылығы бар.

 Бұл фотосуретті 1959 жылы ҚазТАГ фототілшісі С.Ақбанбетов түсірген. Сирек жарияланатын жанрлық фотосуретте режиссер - операторлар, ВГИК түлектері, майдангерлер, Алматы киностудиясының қызметкерлері  Смирнов Яков Константинович және Дәулетбеков Хакім Дәулетбекұлының  түсірілген кадрларды көру барысындағы  жұмыс сәті бейнеленген.

Смирнов Яков Константинович - кинохроник, деректі фильмдердің авторы, фашистік Германияның сөзсіз тізе бүгу туралы актіге қол қоюының тарихи сәтін түсірген.  ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған Яков Константинович 1937 жылы ВГИК-ті бітіріп, 1942 жылға дейін Алматы кинохроника студиясының операторы болып жұмыс істеген. Майданға Алматыдан кетіп, Солтүстік-Батыс, Волхов және Беларусь майдандарында соғысқан. Оның көмегімен «Соғыс күні», «Пруссияны азат ету», «Шығыс Померания», «Аңның ұясында» деректі фильмдері түсірілді. Соғыстан кейін Яков Константинович Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында деректі фильмдердің операторы және режиссері болып жұмыс істеді. Ол өзінің достары Хакім Дәулетбеков, Эмир Файк, Иван Чикноверов сияқты жауынгерлік достармен әңгіме болған кезде Германияның сөзсіз тізе бүгу туралы актіге қол қоюын түсірген операторлар тобына қалай кіргенін айтқан. Оның естеліктері мұрағат кинохроникасының кадрларында, режиссер Игорь Саввиннің «Соғыстың соңғы кадрлары» деректі фильмінде сақталған.

Дәулетбеков Хакім Дәулетбекұлы - отандық кино тарихындағы тұңғыш қазақ киноактері, режиссер, ұлттық қазақ киносының негізін қалаушы, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері. 1934 жылы Хакім Дәулетбекұлы ВГИК-ті бітіріп, «Мосфильмде» штаттық актер болып жұмыс істейді, «Жау сүрлері», «Жеңіс» фильмдерінде ойнаған. 1942 жылы ол өз еркімен майданға кеткен. 28 гвардиялық атқыштар дивизиясында политрук қызметін атқарып, "Отан қорғаушы" дивизиялық газетінің тілшісі болды. Үш рет жараланды. 1942 жылы Сталиннен алғыс алып,  Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. 1946 жылы Алматы киностудиясына оралған ол, «Советский Казахстан» киножурналына 100 сюжет, 12 толықметражды деректі фильм түсірген.

Бұл операторлардың қолынан шыққан миллиондаған метр кинохроника ешқашан өз құндылығын жоғалтпақ емес. Назарларыңызға ұсынылған ескі фотосурет болғанымен, оның артында Қазақстанда деректі фильмнің негізін қалаған жоғары кәсіби мамандардың драмалық тағдырлары тұр.