Мемлекеттік рәміздер - ұлттық идеологияның картасы

Мемлекеттік рәміздер - ұлттық идеологияның картасы

Қарағанды облыстық әкімдігінің қолдауымен Мәдениет және спорт министрлігі Геральдикалық зерттеулер орталығы Мемлекеттік рәміздерді насихаттау бағытында Қарағанды қаласына іссапармен барды.

Іссапар аясында обылыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұловтың қабылдауында болып, Мемлекеттік рәміздерді өңір тұрғындары арасында насихаттау бағыты талқыланды.

Сондай-ақ, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде белгілі сәулетші, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы және Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлының қатысуымен «Мемлекеттік рәміздер - ұлттық идеологияның картасы» тақырыбында кездесу өтті.

Патриоттық-танымдық бағытта өткен кездесуге студенттер мен ғалымдар қатысты. Спикерлер студенттер мен ұстаздар қауымы тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Жандарбек Мәлібекұлы студент сапалы білім алумен қатар, сапалы парасат пен сапалы сананы қалыптастырса, бойына рухани күш жинаса, ойлау қабілетін арттырса, сапалы өмірге қадам басады дейді. Қоғамдағы келеңсіздіктер ұлттық үлгідегі кеңістіктің болмауынан орын алатынын айта келе, деформацияға ұшыраған парасатымызды дұрыстап, қазақша ойлауымыз керек, ұлы дала мәдениетін жаңғыртып, ұлы дала демократиясымен, ұлы дала ғылымымен, даналығымен жүруіміз керек деді.

Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлы мемлекеттік рәміздердің мән-маңызына кеңінен тоқталды, ұлттық нышандарымызға деген құрметті қалыптастыру арқылы елге, жерге деген сый-құрметтің артатынын ашып айтып, түрлі түйткілді мәселелерді де көтерді.

Іссапардың барысында, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы мен Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлы Мемлекеттік рәміздерді өндіретін «Ақ бастау kz» кәсіпорына барып мамандармен кездесті.

Кездесу мақсаты - отандық кәсіпкерлердің Мемлекеттік рәміздерді дайындау барысын қоғамға таныстыру; сол арқылы  Мемлекеттік рәміздерді көпшілікке насихаттау; өндірістік жұмыстан бейне материалдар (видео-ролик, сұхбат) жасау арқылы отандық өндірушілердің жұмысын қолдау.