
24 ақпанда Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті мен Ақмола облысы әкімдігінің Цифрландыру және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен «Ведомстволық деңгейде құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету» атты өңірлік семинар өтті.
Семинар аясында архив ісі саласындағы кейбір нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, құжаттарды қалыптастыру – Ұлттық архив қорының сапалы болуының кепілі, ұйымдарға әдістемелік және практикалық көмек көрсету, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету және оларды цифрландыру мәселелері, құжаттардың құндылығын сараптау, министрлікке бағынысты архивтердегі құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеуден өткізу, архивтердегі құжаттарды пайдалану, оларды мемлекеттік архивтерге тапсыру, профилактикалық бақылауды жүргізу, «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі туралы өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, «Тарих. Оқиғалар. Адамдар» және «Ақмола облысының тарихы архив құжаттарында» құжаттық көрмелері көрсетілді.
Өңірлік семинарға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің, Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облыстарының архив ісі саласындағы басшылары мен қызметкерлері қатысты.