
16 ақпанда Алматы қаласында Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің 2023 жылға арналған жоспарына сәйкес «Шексіз тарих беттері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияға ғалымдар, еліміздің мемлекеттік архивтерінің қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Конференция аясында 2022 жылы «Архив-2025» кешенді жоспардың аясында Қазақстанның мемлекеттік архившілері тобының ғылыми-экспициялық жүргізуінің нәтижесінде Татарстан Республикасының мемлекеттік архивтерінде анықталған КСРО-ның, қазіргі Ресей Федерациясының дамуына айтарлықтай үлес қосқан Қазақстанның тумасы, қандасымыз, Татарстан халықтары Ассамблеясы Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ ұлттық-мәдени орталығының басшысы, техника ғылымдарының кандидаты, Татарстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Жақсыбаев Сағит Көдебайұлының жеке құжаттары мен еңбектері Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің қорына тапсырылды.
Сонымен қатар, «Архив-2025» кешенді жоспардың аясында Қырғызстан Республикасының мемлекеттік архивтерінде анықталған тау-кен және жол-құрылыс өндірісінің техникасы мен технологиясы саласындағы ірі маман, бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған отандасымыз Бексалов Есенгелді Бексалұлының және химия ғылымдарының докторы Жаманбаев Жеңіс Анарқұлұлының (200-ден астам ғылыми мақалалар мен 2 монография, 18 өнертабыстың авторы) жеке құжаттары мен еңбектері Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің қорына тапсырылды.